Аяғы ауыр келіншекті көлікте босандырды

0
367

Тағдыры  қыл үстінде тұрған   ана мен балаға көмек қолын созған  Матай ауылдық ауруханасының акушері Динара Бейбітқызының қызметіне ауыл тұрғындары дән риза.

ОЛ 2016 жылдан бері талай ананы аман-есен  босандырып, отбасына қуаныш сыйлады. Сонымен қатар жас маманның толғағы қысқан әйелдерді перзентханаға жетпей, жол үстінде босандырып алған  сәттері  аз емес. Сондай оқиғаның бірі жуырда орын алды. Осымен алтыншы мәрте  тағы бір ана мен бала өміріне араша түсті. Талдықорғандағы облыстық перинаталдық орталыққа  алып  бара  жатқан аяғы ауыр  келіншекті   қаладан келген жедел жәрдемнің фельдшері Абылайхан Керімқұловпен  бірге көлік  ішінде аман-есен  босандырып алды.

«Бұл  31 тамыз  күні  орын алған оқиға. Сол  күні   жүкті әйел ретінде есепте  тұрған   келіншек жұмыс  уақыты аяқталар  шақта   хабарласып, толғағы басталайын деп тұрғанын айтты. Оның жағдайын ести сала дереу үйіне бардым.  Бақылап көрген соң  шұғыл түрде қалаға жеткізу керектігін түсіндім. Неге қалаға дейсіздер ғой. Өйткені ол  порталмен қаладағы  перзентханада босануы керек еді. Бірақ  уақыты 9 қыркүйекке белгіленген. Жолдың  нашарлығы әрі келіншектің шешімі бойынша  өздерінің  жеңіл көлігі мен шұғыл түрде қалаға бет түзедік. Егінсу  ауылына  жетпей  аудандық  аурухананың акушер-гинекологы Амина Искаковамен келісіле отырып  облыстан жедел жәрдем көлігін шақыртуды жөн деп таптық.

Жол бойы келіншектің  жағдайын  Амина  Төлеубайқызына хабардар еттім.  Ол   маған не істеу керектігін айтып, кеңес беріп отырды. Жедел жәрдем көлігімен  қала маңындағы Қапал бұрылысында  кездесуіміз керек еді. Алайда дәл сол жерде болмаса да  асып барып жолықтық. Бірден келіншекті көлікке мінгіздік. Сөйтіп тез арада қалаға  жеткенімізде,  тоғызыншы  ықшам ауданындағы Заңғар мейрамханасына  қарама-қарсы жолда  кенеттен қатты бір соққы болып, жедел жәрдем көлігін басқа көліктің  келіп қаққанын  түсіндік. Көлік шайқалып кеткенімен біз келіншекті ұстап қалдық. Ал жедел  жәрдемді   қаққан көлік оқиға орнынан қашып үлгерді. 

Мына жағдайдан соң  келіншекті дереу босандырып алуға тура келді. Фельдшер Абылайхан Керімқұлов жанымда  көмек беріп тұрды. Әйелді аман-есен босандырып, кіндігін кесіп, жолдасын түсірдім. Абылайхан болса ананың бұлшық етіне окситоцин екпесін салды. Осы тұста тағы бір жедел жәрдем бригадасын  шақырып үлгердік. Олар жас босанған ана мен шақалақты және мені көліктеріне отырғызып облыстық перинаталдық орталыққа алып  келді. Ондағылар ана мен баланың  жағдайы жақсы  екенін айтты. Өмірге салмағы 4 мың грамм, бойы 56 см. ұл бала  келді. Ананың еш кінәратсыз босанғанын, жағдайы қалыпты екенін білген соң, облыстық дәрігерлерге тапсырып, үйге қайттым», – деп ағынан жарылған Динара Қуат бұл істі ерлік  емес, акушердің  міндеті  деп білетінін айтады.

АҚСУ ауданындағы орталық ауруханаға қарасты Матай ауылдық  ауруханасында  акушерлік міндетті атқарып келетін Динара  Бейбітқызы 2013-2016 жылдар аралығында  Талдықорғандағы  медицина колледжінде оқып, акушер мамандығын алып шықты.  Содан бері  өзіне жүктелген  міндетті мінсіз атқарып келеді. Әріптестері  де оның  жұмысқа адал, міндетіне  үлкен жауапкершілікпен қарайтынын  айтады. Мамандығына адалдық танытқан жан, сірә осындай болса керек-ті.  Егер сол күні жедел жәрдемді басқа  көлік келіп қақпағанда, аяғы ауыр келіншекті көлікте босандырған ауылдық акушердің бұл ісі көзге түспес пе еді?! Қалай дегенмен, ана мен бала өмірінің  арашасы болған бұл оқиға  көпке үлгі.

  С. ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ.

АҚСУ АУДАНЫ


ПІКІР ЖАЗУ