Кәсібінен нәсіп тапқан

0
420

Жыл сайын елімізде мемлекеттік бағдарламалар арқылы несие немесе грант ұтып алып, кәсіпкерлікке ден қоюшылардың саны артып келеді. Сондай бағдарлама арқылы кәсіп ашқандардың қатарында Мәншүк ТАНАБАЕВА да бар.

Ол 2500 000 миллион теңге  қайтарымсыз қаражат  алып, өңірде химиялық жолмен аяқ киім тазалау орнын ашты.  Мамандығы бойынша бала тәрбиешісі болған Мәншүк Нұрахунқызы бұған дейін әр түрлі қызметпен айналысқанымен, аяқ киім тазалау ісіне қызығушылығы ерекше болған. Бастапқыда еш тәжірибесі болмаған ол бұл істі оңай меңгеріп, кәсіптің қыр-сырына қаныға бастағанын айтады.

Мемлекеттен қайтарымсыз қаржы алдым. Ол ақшаға Нұр-Сұлтан қаласына барып химиялық жолмен аяқ киім тазартатын италиялық аппарат сатып алдым. Бұрыннан аяқ киімдерді таза ұстағанды жақсы көремін. Қазақта сөз бар ғой, адам ең алдымен бас пен аяққа қарайды деген. Егер таза болса, ол адамның ұқыпты әрі  жауапкершілікті екенін аңғартады. Кәсіпті  қолға алмас бұрын толықтай зерттеп алдым. Оны өзім секілді  жандардан барып үйреніп келдім.  Басында жасыма қарап таңданғандар көп болды.  Алайда  ынта мен жігерің, ниетің болса кез келген істі дөңгелетіп әкетуге болатынын өз ісіммен көрсеттім деп ойлаймын, – дейді шағын кәсіптің иесі.

Еуропадан бастау алған бұл кәсіп бүгінде барлық елде үлкен бизнеске айналған. Біздің де елде кең тарады. Әсіресе  үлкен қалаларда кез келген сауда үйінің ішінде осындай қызмет түрлерінің түр-түрін кездестіресің. Ал Талдықорған қаласында бұл алғаш ашылған  қызмет түрі болып табылады.

Кейіпкер сөзінше, қазір тазартудың бұл түріне  халықтың сұранысы артқан. Себебі қымбат қаржыға алған аяқ киімдерді тастағаннан гөрі, оны қайта өңдеп  кию әркімнің бір көңілін қуантады әрі ақшасын үнемдеуге де тиімді.

Кез келген аяқ киім күтімі оның сапасына, материалына, тіпті, кейде шығарылған фирмасына да қарайды. Бағасы да өте тиімді. 1500 теңгеден басталып, 5500 теңгеге дейінгі аралықта көрсетілетін қызметті іздеп келіп жатқандардың қарасы көп.

Шағын кәсіптің иесі ендігіде  – осы кәсіпті одан ары дөңгелетіп, аяқ киім тазарту қызметіне, қайта өңдеу, бояу қызметін қосуды көздеп отыр. Тек оның барлығы біраз еңбек етуді талап ететінін сөзсіз. Сондай-ақ жанына өзі секілді жауапкершілікті сезінетін адам тауып, серіктес ретінде қызмет етіп, кәсібін  кеңейтуді жоспарлауда.

Мұнымен қоса ол  өз тапқан адал еңбегімен ойыншық сататын орын да ашыпты. Бұл дүкен қазіргі сәнге шығып жатқан ойыншықтар арқылы балалардың сұранысын арттырып отыр.

Ойыншықтар сату да өте жақсы кәсіп. Біріншіден оның сақтау мерзімі болмайды. Бүлініп, құртылып қалады деп те уайымдамайсың. Әрі келген тауарлар сол уақытта лезде өтіп отырады. Бүгінде балалар әлеуметтік желілерден көрген ойыншықтарын іздейді. Біз де соған қарай әрекет қыламыз, – дейді Мәншүк Нұрахунқызы.

Еңбек етемін деген жанға еш қиындықсыз жұмыс табылады. Тек қана тер төгу қажет.  Кейіпкеріміз Мәншүк  апай да  адал еңбегінің жемісін көріп отырғандардың  бірі. Халыққа тиімді қызмет көрсетіп, кәсібінің нәсібін көріп отырған жанның әрі қарайғы ісіне біз де сәттілік тіледік.

Арайлым НҰРЖАПАР


ПІКІР ЖАЗУ