Ажары келіскен Жарлыөзек

0
498

Баяғыда үлкендер жағы көңілі түскен адамына «молда бол, балам» дейтін-ді. Ал бүгінгілер үшін молда сөзі модадан қалып, басшы яки әкім сөзі қалыпқа енді десек болатын шығар-ау. Алайда әркімнің бір әкім бола алмасы тағы анық. Бірақ әкім  болсам  деп армандайтындардың қатары көп. Бола алса  болсын дейсің ғой.  Тек сол  орынтаққа ылайық болсын деңіз.

ЖАРЛЫӨЗЕК  ауылдық округінің  халқы елді мекеннің барлық мәселесін ішінен біледі, шешеді деген үмітпен  ауыл әкімі  етіп  Самат ИХСАНОВТЫ  сайлапты. Себебі ол осы ауылдың түлегі. Өткен жылы  ауыл әкімі  сайлауына қатысқан оған  елді мекен  тұрғындары дерлік дауыс  беріп, 98 пайызбен әкім орынтағына жайғасқан. Міне, сол, ел жақсы біліп, сыйлаған әкім мырза жуырда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған байқауда  «Үздік  ауыл  әкімі»  атанды.  Жетісу облысы бойынша қатысқан 4 бірдей ауылдық округ әкімдері арасында оза шапқан ауыл әкімі байқау барысында өзінің жобалық жұмысын қорғапты. Жарлыөзек елді мекенінің тынысы мен ауыл басшысы туралы  тұрғындар пікірін білуде үздік деп танылған әкімнің ауылына  табан тіредік.

Көксу ауданы орталығынан 13 шақырымдай жерде орналасқан Жарлыөзек ауылдық округіне  кіре берісте Самат Таңатарұлының суретімен бірге  «Үздік ауыл әкімі» деген  жазуы бар  билборд  ілініпті.  Бұл  ауыл  халқының  Жетісу облысының «Үздік ауыл әкімі» дәл осы Жарлыөзектің баласы атанғанына шын қуанғанын көрсетсе керек. Әкім суреті ілінген билбордты шық еткізіп суретке түсіріп  алайық  деп  оңтайлана бергенде ақ түсті көлік келіп  жол бойына тоқтай қалды. Сөйтсек ауылдың әкімі екен. Бейтаныс адамдарды көріп тоқтаған беті. «Ауыл маңында бөтен адамдар неге жүр екен?» деген  ниетпен жөн сұрауды  ұйғарыпты.  Біз де  әкім мырзаға  келгендегі   ойымызды  айттық.  Жүзінен  парасатты  байсалдылық  ескен ел ағасы  «Жөн екен. Ауылды  көзбен көріп, елмен сөйлесіңіздер, менің керегім болса әкімдікке келерсіздер»  деп көлігіне отырып  кете барды.

Бұдан   біраз  жыл бұрын  кез келген ауылдың көрінісі көңілге қаяу түсіретін-ді.  Жайсыз жол, қараңғы көше, құлағалы тұрған үйлер қаладан келген қонақтардың көзіне жадағай болып көрінетін. Жұмысы жоқ жерде ешкімнің де қалғысы келмей, жастар кетіп қалып жататын-ды. Мал ұстағанымен оның да құны арзанға бағаланатын. Біз табан тіреген ауылдың бүгінгі тынысына  қарап басқаша көзқарас қалыптасты. Жарлыөзектіктер ауылдарының ажары  кіріп, қоныстанушылар саны көбейгенін, қаладан көшіп келушілер де бар екенін, сонымен қатар олар табыстың көкесі – ауылда  екенін айтты.

                                                      Еңбегін еліне арнаған әкім

Гүлфия Маматаева,  жеке кәсіпкер: –  ТҮЙІНІ тарқатылмай тұрған  –  газ мәселесі ғана. Жалпы ауыл жағдайы жаман емес. Самат Таңатарұлы әкім болып келгелі әр көшенің жолдары жөнделіп, жарықтандырылды. Ауыл   балалары үшін  үш бірдей  ойын  алаңы  жасалынды. Әрбір үйге су тартылған. Одан басқа не керек. Жап-жақсы мектебіміз, амбулаториямыз да бар. Тұрғылықты  халықтың  басым бөлігі жермен айналысады. «Қыстың қамын жазда ойла» дегендей, тұрғындар   жаз бойы тапқанын  қыс бойы азық етеді. 

Көмекбай Асубек, зейнеткер: – Ауылымыздың әкімі шынында да мықты ғой. Жақында ғана «Үздік ауыл әкімі» атанды. Кәсіби біліктілігі өз алдына, нағыз іскер азамат. Мен зейнеткерлікке шыққанша Бақтыбай ауылында тұрдым. Туған ауылыма қоныс аударғалы екі жыл ғана болды. Басқа ауылдармен салыстырғанда   Жарлыөзектің жағдайы көш ілгері деуге болады. Көшелері асфальттелініп,  жарық шамдар қойылған, су да бар. Ендігі газ келсе, өркениетке бет алған ауыл атанар едік. Ауылда еңбекқор адамдар көптеп шоғырланған. Халық  әкімін, әкім әрбір тұрғынын жақсы біледі. Алдағы уақытта да ауылымыз одан әрмен  ажарлана береді деген ойдамын. 

Ерғазы Буратай, ауыл тұрғыны: – Бұл ауылда 1998 жылдан бері тұрып келемін. Одан  бері  қарай талай дүние өзгерді ғой. Соңғы жылдарда тіптен   көркейіп, жанданып келеді. Ауыл әкімі өте  жақсы азамат. Нағыз істің адамы.  Әлбетте, әкімнің мойнына жүктелер жұмыс шаш етектен ғой. Ең ақыры әр үйдің айналасы шашылып жатса да таяқтың  бір  ұшы соған  келіп тиеді емес пе?!  Дей тұрғанмен,  әрбір мәселені шешу жолында  әкіміміз  тұрғындармен жеке-жеке сөйлесіп, ортақ тіл табыса біледі. Қазір ауыл көшелері тап-таза, кешкі уақытта айнала жап-жарық. Қаладан кем емес деп айтуға болады.

Жұмагүл  Қадырақынова, еден жуушы: – 1993 жылы  осы ауылға кө-шіп келгенбіз. Өзім мектепте еден жуамын. Жолдасым да жұмыс істейді. Екі баламыз бар. Ауылымызда  барлық жағдай  жасалған. Жылдан жылға гүлденіп келеді. Әкіміміз осы ауылдың баласы ғой. Сондықтан туған жерін көркейтуге барын салып келеді. «Үздік ауыл әкімі» атанып жатқандығы осы еңбегінің елеп ескерілгені  деп білемін.

Райымбек Биқан, ауыл тұрғыны: Жарлыөзекке көшіп келгелі жиырма жылға таяп қалды. Ауылдың күн санап жанданып келетінінде әкімнің зор үлесі бар. Самат  Таңатарұлы халықтың жағдайын бірінші орынға қоятын тамаша  адам. Осында тұрып жатқан көптеген қандас бауырларға жер алып беруге көмектесті. Әрдайым алдына бара қалсаң уақыт тауып, мәселеңді шешіп беруге тырысады. Еңбегін еліне арнаған  әкім ғой. Сонысымен де «үздік әкім» ретінде бағаланып отырған болар.

Ғалия Мәлікқызы, Жарлыөзек ауылдық дәрігерлік амбулаториясының  меңгерушісі:Амбулаториямыз  2011 жылы салынды. Ұжымда 14 адам бар:  бір  дәрігер, алты  медбике  қалғаны жай жұмысшы. Дәрігерлік тіркеуде 2075 адам тұрса, оның 515-і балалар.

Ауыл халқының денсаулығын жақсарту жолында барлық жағдай жасалған. Есепте  тұратын  515 адам  болса, оларға тоқсан сайын тегін дәрі-дәрмек беріледі. Сонымен қатар күндізгі стационарда ем қабылдауға  жағдай жасалған. Үш ауыл үшін  екі жедел жәрдем көлігі бар.

Он  алты жылдан аса уақыт  осы  салада еңбек етіп келемін. Ауылымыз жылдан жылға жақсаруда. Жолдың жайы,  жарық, су  мәселелері толығымен шешімін тапты. Округке  Бозтоған, Мұқаншы деген ауылдар кіреді. Осы үш ауылдың әрқайсында стадион салынды, округ орталығында Ауған соғысы ардагерлерінің саябағы ашылды.

Айта берсек ауыз толтырып айтуға тұрарлық істер атқарылып келеді. Жақында ғана әкіміміз «Үздік ауыл әкімі» атанды. Бұл ауыл түтінінің түзу шығып жатқандығының айқын бір көрінісі  деуге болады. АУЫЛДАҒЫ   «Балдырған» бөбекжай  балабақшасы да ғажаптығымен  таңдай қақтырды.

Қарақат Аманбаева, балабақша  меңгерушісі: – 75 орындық «Балдырған» бөбекжай балабақшасы 2010 жылы күрделі жөндеуден өтіп, қолданысқа берілген. Балабақшада 27 адам еңбек етеді. Жалпы ауыл бойынша 6 жасқа дейінгі 250 бала бар, соның 75-і біздің балабақшада, 25 бала шағын орталықта. Жалпы,  95  бала қамтылған.

Аманжол Нұрпейісов,   Жарлыөзек ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы: – Осы ауылда туып-өстік, қазіргі күнге дейін  еңбек етіп келеміз. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген ғой қа-зақ. Самат баламыз әкім болғалы ауылымыз жақсы жағынан өзгерді.  Еңбек жолын агроном болып бастап, біраз жыл әкімдікте маман болып қызмет етті. Одан кейін  Мұсабек ауы-лында  әкім болды. Содан  өткен жылы сайлауға  қатысқанда  Жарлыөзек тұрғындарының 98 пайызы дауыс беріп, әкім  болып тағайындалды.  Ол келгелі бері талай жұмыс атқарылды.  Сыртта жүрген азаматтармен де тығыз байланыс орнатқан.

Соның арқасында  ауылымызда   мешіт бой көтерді. Оның салынуына мұсылман дінін қабылдаған  Венера Хан атты азаматша мұрындық болды. Сондай-ақ ауылдан шыққан кәсіпкер Асқар Жолтабаров  250-300 адам сиятындай  етіп  қатымхана салып берді. Бұдан өзге де атқарылып жатқан шаруалар шаш етектен.  Әркідік ауыл ақсақалдарымен жиі кездесіп, ақыл-кеңесін  сұрап  тұрады. Мұнымен қатар ауылдың ұжым басшыларымен де тығыз байланыс орнатып, қандай істі  болмасын бірігіп шешуге ден қойған. Тынымсыз еңбегінің арқасында «Үздік ауыл  әкімі» атанып отыр. Ауыл халқы оның әр ісіне сүйсініп, ризашылығын білдіруден жалыққан емес. Ары қарай да ісі алға баса берсін дейміз. 

Надежда  Семкина, зейнеткер:  –  1965 жылдан бері Жарлыөзекте  тұрамын. Он екі баладан  26 немере, 10 шөбере сүйіп отырмын. Үш ұлым «Жамбай» шаруа қожалығында   механизатор болып еңбек етеді. Бұрынғыдай емес, ауылдың жағдайы көш ілгеріленді. Ал, әкім туралы не айтуға болады? Оның  жұмысына  тұрғындар дән риза. Өте орнықты әрі іскер азамат. Халықпен етене жақын араласады. Сұрағаныңды тәптіштеп тұрып түсіндіріп береді. Ауылымызда жасалып  жатқан шаруаның  бәрі соның  еңбегінің арқасы деп айтамын. Біз  өзгелердей  жолдың жырын жырламаймыз. Себебі ауыл жолдарының бәріне асфальт төселіп, түнде көшелерімізде шам  жарқырап тұрады. Егер әкім болып осы орынтағында  отыра берсе, ауыл ажары бұдан бетер жақсара берері сөзсіз. Ел ішінде «Әкім» сөзіндегі төрт әріп «әділдік, кішіпейілділік, іскерлік, мейірімділік» атты төрт ұғымды білдіреді деген пікір  бар. Жұртшылық жағы  билік  тізгіні сеніп  тапсырылған лауазым  иелері бойынан осындай қасиеттерді көргісі келетіні анық. Осы бір талап үдеден көрініп, абырой-беделге бөленгендердің қатарына ілігудің өзі неге тұрады, білгенге?! Ал, Жарлыөзек ауылдық округінің әкімі осы бір талап үдеден шығатындардың санатынан болып шық-қаны  шын  қуантты. Тұрғындардың  ауыл  жайындағы, әкімі туралы оңды пікірлерін білген соң «Үздік ауыл әкімі» атанған басшының өзіне жолығудың да реті туды.

                                                                  Басты мақсат – сенімді ақтау

– АУЫЛ   тарихында   жергілікті азаматтардан елді мекенді басқару ісіне, яғни, әкім болуға ешкім бара қоймапты, – деп бастады әңгіме-сін Самат Ихсанов. – «Туған жерге туыңды тік!» демекші, ауылымның көркейіп, өркендеуіне, экономикалық дамуына үлес  қосу,  ауылыма  басшы болсам деген бала кезден бергі іште бүгіп  жатқан ойлардың бірі болатын.  Жергілікті халықтың бірауыздан дауыс беріп, мені әкім ретінде сайлауы ішкі  ойдың шын мәнісінде жүзеге асуына себепші болды. Мен үшін «әкім»  деген – халық пен мемлекет арасындағы алтын көпір. Яғни, мемлекеттен  беріліп  жатқан кез келген көмек, жеңілдіктерді, несиелерді елге  жеткізе білу тікелей міндетім деп білемін.    

Осы ауылда туып-өскендіктен бар мәселесімен таныспын. Сондықтан бір  орында отырып, шаруаны телефон арқылы шешуді жөн көрмеймін. Қай мәселенің болса да, басынан табылып, сол жерде елмен бірге ақылдасып шешкен әлдеқайда тиімді. Әкім екенмін деп жұмыс бөлмемнен шықпай отырсам, шаруа шала шешілетіні анық. Қабылдауымда да адам көп. Әрқайсысының өз шағымы, өз мәселесі мен мұңы бар. Олар маған сенім артты. Ал сенімді, үмітті ақтау қаншалықты маңызды екендігін өздеріңіз де білетін боларсыз, – деп ақтарылған әкім ауылда атқарылып жатқан жұмыстарға да кеңінен тоқталды.

Оның сөзінше  жері шұрайлы, топырағы құнарлы елді мекен тұрғындары негізінен егіншілікпен айналысады. Округте  үш мыңдай халық,  500-ден астам түтін бар.

– Қазір  ауылдан  қалаға көшіп жатқандар көп қой. Бізде  керісінше,  үйлер салып, қаладан ауылға көшіп келіп жатқандар қарасы көбейді. Бұл  үйлер қаладағыдан  кем емес. Мұның бәрі ауылда тіршіліктің бар екендігінің белгісі дер едім. Жермен, малмен айналысып жатқандар қатары артып келеді», – дейді  Самат Таңатарұлы. 

Әкімнің айтуынша, ауылда  көп-балалы отбасыларына да барынша жағдай жасалған. Мәселен, мемлекеттің арнайы бағдарламасымен өткен жылы 5 отбасына үй алып берілсе, жағдайы төмен тағы 5 отбасы  «Қарекет» қоры арқылы баспанамен қамтылған.  Сонымен қатар көпбалалы отбасылардың балаларына «Мектепке жол» акциясы аясында  ауылдағы шаруа қожалықтарының көмегімен қажетті киім-кешегі мен құрал-жабдықтары  алынған. Жыл сайын осындай жұмыстар атқарылып келеді.

АУЫЛДА үш бірдей жауапкершілігі шектеулі серіктестік бар екен. Атап айтсақ, «Балпық би», «Солтанбай ба-тыр», «Қыдырәлі». Сонымен қатар 264 шаруа  қожалығы бар. Негізгі  өнді-ретіндері қант қызылшасы, соя мен жүгері. Мал басы да жыл сайын өсіп келеді. Өткен жылмен салыстырғанда 100 пайызға көбейген. «Былтыр 1960  бас жылқы болған,  биыл  3800  басқа артты. Ірі  қараның  өзі  2800 болса, биыл  5500  басқа,  яғни,  екі  есе  көбейді», – деген  ауыл әкімі  адамдар  жермен, малмен айналысудың артықшылығын  түсінгенін айтады.

Ауыл әкімдерінің сайлауына қатысып, тұрғындардың басым дауысына ие болған Самат Таңатарұлы бір жылда елді мекеннің еңсесін тіктеп, көшелерін абаттандырып, әр шаңырақтың әл-ауқатын арттыратын арнайы жоба құрастырды. Қолынан іс келетін  әкімнің Жаңа Қазақстан кезінде де жаңаша жұмыс жасайтынына елі сенім артып отыр.

Әкіммен әңгімелесуде оның ауылына деген құрметінің  ерекше екенін аңғардық. Ал мұны  сөзімен де, ісімен де дәлелдеп жүргенін  жергілікті жұрт жақсы біледі.

P.S/ Ауылдың ажарлануы – адал еңбектің, адал ниеттің жемісі ғой.  Бұрынғы кезде ауыл тұрғындары бауыр басқан туған жерін тастап үдере көшсе, бүгінде бар қиындық біржола артта қалғандай сезілді. Ең бастысы жарлыөзектіктер газ келетін күнді асыға күтіп жүр. Егер  көгілдір отын игі-лігін көрсе, күл шығару машақатынан да  құтылып, нағыз өркениетті ауыл боларына шүбә  жоқ.  Ал барлық шаруаға мұрындық болып келетін ауыл әкімі Самат Ихсановтың  жұмысына ауыл халқының айтары тек – алғыс қана.

Сарби ӘЙТЕНОВА

ТАЛДЫҚОРҒАН-ЖАРЛЫӨЗЕК

КӨКСУ АУДАНЫ


ПІКІР ЖАЗУ