Сіз келгелі бері…

0
592

Көресіні  «сіз келгелі беріден» көрдік қой.  Аузы қисық болса да, бай баласы сөйлесін дегендей, билікке отырғандарды жаппай мақтау, мадақтау үрдіске айналып,  қызметінен кетсе артынан ит қосып қуалап даттау,  ғайбаттау қазақтың қанына сіңіп, сүйегінен өтіп кетті. Тура биде туған жоқ, туғанды  биде иман жоқ  деген аталы сөз әдірем қалды. Қара қылды қақ жарған даланың ділмәр шешендерінің айнымас ұстанымдары ұлтараққа түсіп кетті. Төрде отырған төреге де тура сөйлеп, елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған бабалардың сара жолын жалғаған ұрпақтарын бүгінгі қоғамда саусақпен санап таба алмайсың.

Ақсақалы да, көк сақалы да көсемді көлгірсіп мақтап, шенді-шекпендіге кір жуытпай  «ләппәй тақсыр»,  «сіз келгелі бері…» дегенді шығарды.

Сіз келгелі бері деген сөзді естісем денеме  есекжем  қаулап шыққандай, өне бойым дір ететін болды. Сіз келгелі бері көгердік, көктедік. Сіз болмасаңыз, Қазақстан деген мемлекет болмас еді. Сіздің көреген саясатыңыздың арқасында қазақтың аузынан ақ май ағып тұр. Жегені алдында, жемегені артында деп, отыз жыл экс-Президент Нұрсұлтан Назарбаевты мадақтадық. Елбасы деген атақ беріп, айдар тақтық. Түкірген түкірігін жерге түсірмей қағып алып, өзін әулие, сөзін кие тұтып,  Қазақстанды сізден кейін басқарып кететін адам әлі туған жоқ, қане кімің бар айтыңдаршы деп жағынған жәдігөйлер өсті-өнді, дәулет жинады, балтырларын байпақ қысты.

Олар халықтың мүддесін емес, жеке бастарының қызметтік мансабын ғана ойлады әрі бала-шағалары мен туған-туыстарының жағдайларын жасады. Қара халыққа ала көзбен қарады. «Тірлік жасаңдар, базарға барып арба сүйре, көше сыпыр, екі сиыр асыра» дегенді де Президентке айтқызды. Халық жалқау, алақандарын жайып, бер дегенді ғана біледі» деп тақта отырған тақсырға да жалған ақпараттар берді. Улап-шулаған халыққа «Шекараңды бекемдеп бекітіп берген кім? Көршілерде болып жатқан содыр-сойқан бізде жоқ. Құдайға шүкір, ол көреген басшының арқасында» деп жауырды жаба тоқыды. Төренің алдында «шыбындаған жылқыдай басын шұлғып, сіздікі жөн, сіз болмасаңыз, сізден асқан көреген жоқ» деп жағыну, жалбарыну, жантық болу қазақты қасіретке алып келді.

Осы қалыппен кете беретін болсақ, біз қайтіп ел боламыз? Отыз жыл экс-Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа Құдайдай табындық. Жасап жатқан рефор-масы дұрыс па, бұрыс па талғамай, таразыламай «құп-тақсыр» деп, биліктен кетем дегенде жібермей, етегіне оралып еркек басымызбен еңіредік-ау. Патша тақтан тайып еді тұқым-тұяғымен жемқор екен, көсегемізді көгертпеді, Қазақстанды, мемлекетті белшесінен қарызға батырды, соттау керек деп, ту сыртынан табалап жатырмыз. Барлық билік тармағын бір қолға шоғырландыруға  мүмкіндік берген де өзіміз. Оны марқұм Заманбек Нұрқаділов билікпен бітіспей оппозицияға кеткенде, 1995 жылы Жоғарғы Кеңесті қалай таратқанын,

Н. Назарбаевты қолдап жаңылғанын, жаза басқанын өзі мойындаған болатын. Елдің мүддесі еленбей, жердің қазба байлықтары ат төбеліндей байлардың қолында  кететінін, жеке  басқа  табынушылықтың  белең  алатынын  марқұм  Заманбек Қалабайұлы білмеді емес, білді. Көрсе де көрмегендей болып жүрген ол жалтақ шенділердің, олигархтардың экс-Президентті қай бағытта алып бара жатқанын кеш білді. Туған-туыстарының, бала-шағаларының әдепсіздік-терін көріп, оларды билікке жолатпау туралы  Елбасыға хат жазғанын да ашынып айтты. Бірақ, Заманбекті қолдап, қолпаштайтындар қоғамда  аз болды. Өзі де биліктің құрбанына айналды.

Мәселе бір ғана экс-Президентте ғана емес, қазақтың алауыздығында.  Осы алауыздық, жағымпаздық, екіжүзділік, билік-құмарлық «алапес» ауруынан кем соқпай тұр. Адуынды ақсақалы жоқ елдің ертеңі де бұлыңғыр. Біздегі ақсақалдар кеңесі, ардагерлер үйі де биліктің астауынан жем жейтін, өздері  де сол биліктен шыққан сары сүйек атан түйелер. Олар елдің сөзін сөйлемейді, биліктің барып кел, шауып кел дейтін шабарманы. Зейнетке шыққандардың иығына шапан жауып, баспадан шыққан кітаптардың тұсаукесерін қиып жүргенін көресің. Олардың қандай ардагер, ақсақал екендерін қаңтар оқиғасында көргенбіз. Ереуілдеген елге екі ауыз сөз айтуға жарамай, апанында алты ай ұйықтаған аюдай бастарын көтермей, көздерін ашпай, жатып алған-ды.

Бірді айтып, бірге кеткендей болмайын,  «сіз келгелі бері» деген сөз тек Президентке қаратып қана айтылып жүрген жоқ. Облыстан бастап аудан әкімдеріне дейін арнап айтылатын жәдігөй жалқы ұранға айналды. Облысқа қай әкім келсе де, «сіз келгелі бері облысымыз гүл-гүл жайнап, экономикамыз қайнап, әлеуметтік мәселеміз әсерленіп, мәдениетіміз майланып», – деп мақтағанда аспандағы күн айналып, жерге түседі. Апыр-ай, жағынып-жалпақтаудың  да  шегі  жоқ екен ғой деп, тісіңді тісіңе қайрап отырасың. Әкімге кір жуытпай мадақтаған әлгі пақырға, «асыра сілтеп  жібердің,  басыңа не күн туды?» десең, «қол астында жүрмін ғой, оң көзімен қарасын, жел  сөзді аяйсың ба атасына нәлет, қашанғы отырады дейсің, анау құсап бұда кетеді ғой» дейді. Өзінің ерсі қылығына намыстанбайды. «Қол астымдағыларға жағдай жасауым керек. Айташ, «так что» өз сөзім өзімдікі, заман солай бауырым» дейді. Бұл шолақ белсендінің мақтау, мадақтауы да елеусіз қалмайды.  Араға айлар немесе жыл салып, мекемеден мекемеге жоғарылап бара жатқанын көресің.

Міне «сіз келгелі бері» деген сөздің түп тамыры қаншалықты тереңге бойлағанын көре беріңіз. Елдің мүддесі далада қалып, жеке басқа табыну, кешегі кеңестік дәуірден басталған идеология десек те, тәуелсіздік  алған Қазақстанда отыз жылдың  ішінде асқынғаны сондай, емі жоқ кеселге айналды. «Әу демейтін қазақ жоқ, атқа мінгені алты ауыз, түйеге мінгені төрт ауыз, өлең айтады» деген тәмсілге сүйеніп, экс-Президентте ақын болып шыға келді. Әнұранның сөзін өңдеді. Ол кесел облыс әкімдеріне жұғысты болды. Алматы облысын Шалбай Құлмаханов басқарғанда әкімдігімен қоса ақындығы, сазгерлігі қоса танылды. Өлеңнің  иісі мұрнына бармаған облыс әкімінен ақын да, композитор да жасадық. «Бұларың  не, тәйт ары!» деген әкімді көрмедік, керісінше қуанды. Елбасы ақын болып жатқан соң, әкімдер де қатардан қалмай ән шығарып, өлең жазды.

Сіз келгелі бері мәдениетте де, әдебиетте де өзгеріс болып жатыр деп жалпақтадық. Бұдан асқан сорақылық бола ма? Халықты жолбарыс басқарса, халық та жолбарысқа айналып, қоян басқарса, халық та қоянға айналып кетеді екен. Сіз келгелі бері біз жолбарысқа айналып, жалымыз күдірейіп, айбаттанып кеттік деген жалпақтауды да керең болғыр құлағымыз естіді-ау. «Мұның артық енді, жалпақтамай-ақ қойыңыз» деп әкім болып сайланып, облысты жеті жыл басқарған Амандық Баталов та айтқан жоқ. Шатып-бұтып, екі ауыз қазақшаны әрең айтатын Амандыққа ақыл айтып, қазақша шүлдірлей беріңіз сіздің қолыңыздан келеді деп қазақшаға тілін сындырдық. Бір жақсысы, «Миымды ауыстырмасаңдар қазақша сөйлей алмаймын» деп тулаған Сыртқы істер министрі болған Ерлан Ыдырысовтай ашуланбады. Күліп қойып, «Стараюсь» деп отыратын. Мақтауға іші жылып, әр жиында жағынудан алдына жан салмайтын бұлбұлдарын сайратты.

Екі ауыз қазақша сөйлесе «Вот қалай шешен сөйледі» деп лепірдік. Жолбарысқа балаған Амандық та «менде ақынмын, өлең жазамын, бірақ орысша» дегені бар-ды. Бірақ өзі  жолбарыс болғанмен  жолбарысқа айналған халықты көрмедік. Керісінше Баталовтың тұсында идеология іріп, шіріді. Қолғап ауыстырғандай кадрдың бірін алып, бірін қойды. Соңы, аяғы не болды? Заңсыз үлес-тірілген пәтерлердің былық-шылығы шығып, арты дау-дамайға ұласып, соттасып жатқан қалалық әкімдік пен пәтер даулаушылар жыры бітпей тұр. «Айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтылды» демекші, Амандық  Баталов кетіп, оның жасап кеткен заңсыздықтарын Талдықорған қаласының жаңа әкімі Әсет Масабаев арқалап жүр. «Жаңа Қазақстан құрамыз», демократия болады. Қазба байлықтан қарапайым халық та үлес алатын болады деген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та, Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев та «Сіз келгелі бері…» деген сөзден аулақ  болса  екен  деймін ғой баяғы.

Мақтаудан масайрап, көздерін шел басқандардың шыққан биігінен  қалай құлап жатқандарын көрмей, білмей отырған жоқ. Шынайы шындықты қолдап, ащы сын айтылса шарт бүлінбей мойындап, қателігін дер кезінде түзесе, елдің арасына жиі шығып, аяғы шалмаған жер қалмаса, халықпен біте қайнаса өзі де, халқы да дән риза болса, одан артық  Президентке де, оған сенім артқан облыс әкіміне де зор абырой бар ма? Бұдан  артық  марапат бола ма? «Сіз келгелі бері…» деп көздерін тарс жұмып алып, жалпақтайтын жәдігөйлерден іргелерін аулақ салып, лепіріп мақтағандарын тыйып тастаса, мемлекеттің мүддесі үшін мемлекеттік тілді өрістетіп, аралас мектептерді шектесе, шынайылық болса деп халық армандайды.

Облыс, аудан әкімдері халықпен жиі-жиі кездесіп жүр. Шешімін таппай жатқан маңызды дүниелер де біртіндеп қалыпқа келер. Қазір қоғамда ақсап тұрған,  асқынып кеткен мәселе ол идеология. Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев мырза осы салаға тереңірек зер салғаны жөн болар еді. «Сіз келгелі бері идеология тамырына қан жүрді» деп бір мадақтап қалатын едік.

                                            Айтақын МҰХАМАДИ  


ПІКІР ЖАЗУ