Жылыту маусымына дайындық басталды

0
611

Қыстың қамын жазда ойлағандар жер қара, күн жылыда отын-суларын қамдап, от жағатын пештерінің арналарын, мұржаларын тазалап, жылыту маусымына сақадай-сай отырады. Бұл әсіресе жеке тұрғын үй секторларында тұратын тұрғындар үшін аса жауапты кезең. Күні кеше ғана Талдықорған қаласының әкімі Әсет Масабаев бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қала тұрғындарына және қатты отын қорын қолданатын тұрғындарға қазан-қараша айларын күтпей, ертерек көмір түсіріп алуға кеңес берген-ді. Қазір көмір қорының қоймаларда жеткілікті екенін, әрі бағасы өткен жылғы қолданыстағы бағада, тек мұнда тасымалдау  құны кірмейді деген-ді.

«Айтқан ауызда жазық жоқ». Қылышын сүйретіп қыста келіп қалды. Үш ай тоқсан қоңыр  күзіңіздің  өзі қазан айларынан бастап күрт салқындай бастайды. Жауын-шашынды, қара суық өңменіңнен өтетін мезгіл де иек астында тұр. Күз мезгілі мен көктемнің алғашқы айы наурызды қосқанда алты ай, от жағып жылыту маусымы аяқталғанша, Төтенше Жағдайлар Департаментіне де тыным жоқ. Жаз маусымында суға шомылу мен дала өрттерінен қорғанудың жолдарын айтып  тыным таппаса, күз бастала салысымен жеке тұрғын үй секторларын аралап, газдан, көмірден келетін қауіп-қатердің алдын алып, жеке тұрғын үй секторларын аралайды. Жасыратын несі бар, қарапайым тұрғындардың басым көпшілігі өрт қауіпсіздігін ескере бермейді.

Жылыту пештерін, мұржаларын тазалауды қаперлерінен шығарып алады. Ал  оның салдары газға, түтінге уланып, өртке ұласып, арты қайғылы оқиғаларға ұласып жатады.Жылыту кезеңіндегі өрттердің көп бөлігі тұрғын үй секторының үлесіне тиеді. Өрт салдарынан адамдар оттан және улы газдан қаза табады және жарақат алады. Ең өкініштісі «Қаза тапқандардың арасында балалар да кездеседі», – дейді Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз өкілдері. – Тұрғындардың тұншықтырғыш газбен улануының негізгі себептері пеш конструкциясындағы бітелген түтін мұржасы, күйімдер, жарықтар болып табылады. 2021-2022 жылдары жылыту маусымының барлық кезеңінде облыста тұрғын үй секторында 140 өрт орын алды. Соның салдарынан 5 адам қаза тапты және материалдық залал келтірілді. 2022 жылғы  15 тамыздан бастап Жетісу облысы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері тұрғын үй секторындағы халықты және жеке секторда тұратын басқа да санаттағы азаматтардың тұрғын үйлерін аралауды бастады. Бұл іс-шаралардың басты мақсаты халыққа тұрмыстағы өрт қауіпсіздігінің негізгі талаптарын жеткізу болып табылады. Бүгінгі күні тұрғын үйлерді жылыту кезеңіне дайындау мақсатында аралау және хабарлама тапсыру жұмыстары атқарылуда. Күн  сайын осы кезеңде Жетісу облысының ТЖД қызметкерлері тұрғын   үйлерді   аралау   арқылы  2022-2023 жылдарға жылыту маусымына дайындық бойынша алдын алу іс-шараларын жүргізуде. Онда  пешпен  жылытудың жай-күйі мен дайындығы туралы тұрғындарға түсіндіру әңгімелері жүзеге асырылуда, – дейді.

Айтса айтқандай-ақ төтеншеліктер халыққа өрт қауіпсіздігі жайлы жыл, он екі ай жақтары талмай айтып келеді. Бұл тек жылыту маусымына ғана қатысты емес. Әсіресе жеке тұрғын үйлерде тұратын тұрғындардың үйлерімен қора-қопсысы өте жақын болғандықтан мұржадан шыққан ұшқынның қора төбесіне жиналған шөпке түсуі немесе ескі үйлердегі электр желілерінің тұйықталуы, оларды дер кезінде  ауыстырмаулары, пешке от жаққанда қауіпсіздік шараларды елемеуінен өткен жылы жылыту маусымында 140 өрт болғанын ескерсек, бұл қауіп биыл да қайталануы бек мүмкін. Жетісу өңірі кезең-кезеңімен көгілдір отынға көшіп келеді. Бұл үрдіс Талдықорған қаласы мен Көксу, Ескелді аудандарын да қамтуда. Одан бөлек, жеке тұрғын тұрмақ көп қабатты үйлерде әлі күнге дейін газ балондарын қолданатындар баршылық. Ал оның да, қауіп-қатері басым.

Мәселен, шілде айында Талдықорған қаласында «Көктем» ықшам ауданындағы көппәтерлі тұрғын үйде оқыс оқиға орын алған-ды. Көршілер алтыншы қабаттағы пәтерлерден газдың исін сезіп, мамандарды шақыртқан. Жедел жеткен төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері құбырдағы газды тоқтатып, балкон арқылы кіріп, кереуетте газбен улану белгілері бар 1985 жылғы ес-түссіз жатқан ер адамды құтқарып, жедел жәрдем арқылы ауруханаға жеткізген. Оқиға орнын тексере келгенде құтқарушылар пәтердегі табиғи газдың шүмегі толықтай жабылмағаны анықталған. Міне абайсыздықтың кесірінен табиғи газдан бір адам уланып, бақилық бола жаздаған. Қайта дер кезінде көршілер газдың жағымсыз исін сезіп, дабыл қаққан. 2019 жылы наурыз айында Алакөл ауданы Үшарал қаласындағы жер үйде пештің дұрыс жанбауынан жеті адамға  ыс тиіп  уланып, оқиғадан отбасының 57 жастағы тұрғыны қайтыс болған-ды.   Мән жайды жіті тексерген мамандардың айтуынша газдан уланып қалудың басты себебі – мұржаның күлге толып, бітеліп қалуынан болған. Өрт қауіпсіздігіне немқұрайлы қараудың салдарынан от басында адам шығынына жол берілген.

Жалпы ТЖД мәліметтеріне зер салсақ, 2022 жылы ақпан айында 135 өрт тіркелген. Соңғы үш жылда Алматы облысында 48 адам түтінге уланып қайтыс болды деген ақпаратты ғаламтордан көзіміз шалды. 2020 жылы Талдықорған маңындағы Еңбек ауылында табиғи газға  қол жеткізе алмаған бір отбасының төрт адамы көмірге уланып, түгелдей қайтыс болса,

Ал жуырда ғана Талдықорғанның  жанындағы Еңбек ауылында табиғи газға қол жеткізе алмаған бір отбасының төрт адамы көмірге уланып қайтыс болды. Дәл осы жылдың қыркүйек айында Кербұлақ ауданының Сарыөзек кентіндегі жекеменшік тұрғын үйде жылыту қазандығы жарылып, үйдегі 2 шаршы метр аумақта көмірмен жанатын пеш пен қабырға жарым-жартылай қираған. Күйік шалып, жарақат алған үйдің иесі, 1963  жылғы әйел мен 1985 жылғы ер адам ауруханаға жеткізілген.

Алдын ала нұсқау бойынша, жарылысқа себеп – көмірмен жанатын пешті пайдалану ережелері бұзылған.  Қазандықтың ішінде су болмаған. Ағымдағы жылдың   қаңтар айының басында Талдықорған қаласына қарасты СарыАрқа саяжай қоғамында, Садовая көшесінің №8 «А» жеке тұрғын үйінде пештің ақаулығынан қатты отынмен уланып, үш адам қаза тапқан. Оның ішінде екі бала, бір адам ауруханаға жатқызылды, –  деген ақпаратты жыл басында «taldykorgan-online.kz» таратқан болатын.

Жылыту маусымы жақындаған сайын  Жетісу, облыстық Төтенше    Жағдайлар   Департаменті  қызметкерлері, халықпен ашық өзара іс-қимыл жасау мақсатында адамдар көп жиналатын орындарда, атап айтқанда, сауда ойын-сауық орталықтарында өрт қауіпсіздігі мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Бүгінгі күнге дейін  жалпы алғанда, 5 мыңнан астам азаматқа нұсқау беріліп, өртке қарсы тақырыпта 7 мыңнан астам жадынамалар мен бүктемелер таратылған. Осы заң бұзушылықтардың  ішінде халықтың шамалы бөлігі   өрт  қауіпсіздігі   ережелерін  сақтамағаны  анықталған.

Осыған байланысты Жетісу облыстық ТЖД тұншықтырғыш газбен уланудың қайғылы салдарын болдырмау үшін үй ішіндегі қабырғалық түтін арналарын тексеру, сондай-ақ, пештің көмейін, мұржасын, ондағы жиналып қалған күйелерді мезгіл-мезгіл тазалап отыру, түтін мұржасының тартымдылығын ұдайы тексеру қажетігін ескертеді. Бұл қағида жеке тұрғын үй секторларындағы тұрғындарына қарап айтылғанмен көгілдір отынмен жылитын жеке секторлар мен көпқабатты тұрғын үйлердің тұрғындарына да, газ құбырларына абай болуы қажет. Оны қолданар кезде, кранды ашып-жабу сәтінде құбырдағы газдың  тығыздығын естен шығармаулары тиіс. Әрі газ пештерінде арнайы мамандарды шақыртып, тазалағандары абзал.

Басқа-басқа, газ құбырлары мен түтікшелерінде сызаттар болмауын қадағалап, газдың шүмегін толықтай жаппаса, одан иіс шығып «Көктем» ықшам ауданындағы оқыс оқиға қайталануы бек мүмкін. «Құдай да, сақтанғанды сақ-тайды». Жетісу тұрғындарына Төтенше Жағдайлар қызметкерлерінің айтар және қояр  талабы  өрт  қауіпсіздігіне   өте мұқият болғандары дұрыс. Әсіресе, жеке тұрғын үй секторындағы тұрғындар от жағу маусымына дейін пештерін, мұржаларын, түтін жүретін қабырға арналарын толықтай тазалап алғандары жөн. «От та тілсіз жау» ақау болса үйді отқа орап қана қоймай, алаңсыз ұйықтап жатқандарды шарпиды, болмаса, түтінді газға уланып қалады. Бұл  орайда  өрімдей балалардың ғұмыры қиылып жатқаны аса өкінішті. Сондықтан өрт қауіпсіздігін жетісулықтар естен шығармаулары керек. Сондай-ақ үлкен сауда үйлері мен ойын сауық, адамдар шоғырланып жүретін мекемелер мен тауарлар қоятын контеинерді электр желілеріне аса қырағылықпен қарағандарын қалаймыз дейді. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, жетісу облысында жылыту маусымына дайындық жұмыстары басталды.

Айтақын Бұлғақов


ПІКІР ЖАЗУ