Екпенің көмегі – ерекше

0
321

Елімізде ауа райының өзгеруіне орай тұрғындар арасында тұмау және басқада жіті респираторлық вирустық жұқпа аурулары өршіп, сырқаттанушылардың саны артты. Бұл туралы журналисттер үйінде өткен брифингте Жетісу облысы бойынша санитарлық эпидемиологиялық бақылау  департаменті басшысының орынбасары Асхат Сәкенұлы айтты.

Жетісу облысы бойынша эпидмаусым басталғалы бері тұмау инфекциясының  8 491 жағдайы  тіркелген.  Сырқаттанушылардың 61 пайызын 14 жасқа дейінгі балалар құрап отыр. Жасөспірімдердің организмдері әлсіз болып, түрлі сырқаттарды бірден қабылдап алатынын айтқан Асхат Шарапиев бұл сырқаттың алдын алудың  ең  тиімді  жолы – тұмауға қарсы екпе алу екендігін атап өтті.

Екпе жасау – тұмаудың алдын алудағы анағұрлым тиімді әдіс. Егер уақытылы екпе жасалса, тұмау вирусын жұқтырғанның өзінде, аурудың ауыр ағымын, кейінгі асқынуларын болдырмауға мүмкіндік туады. Сондықтан біз жыл сайын тұрақты түрде  мүгедектер, қарттар үйі, мектеп интернаттары, жиі ауыратын иммунитеті төмен балалар мен созылмалы аурулары бар ересек адамдарға міндетті-тегін екпе салу жұмыстарын жүргізіп отырамыз. Тұмауға қарсы екпенің көмегі көп,  – дейді А. Шарапиев.

Халық арасында иммунды жүйе қалыптастыру үшін жыл сайынғы эпидкезеңге бюджеттен арнайы қаржы бөлу қарастырылған. Осыған орай биыл Жетісу облысына жергілікті бюджет есебінен 93 500 доза Ресейде өндірілген «Гриппол +» тұмауға  қарсы  вакцинасы  сатып алынды.

Бүгінгі күні облыс бойынша жалпы саны 83 329 адам тұмауға қарсы екпемен қамтылып, бір жылға  міндеттелген жоспардың 89,6 пайызы орындалған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сәйкес  алдағы  эпидемиялық маусымда тұмаудың А және В вирусы айналымда болады деп болжануда. Вирустың бұл түрлері организмге күн шуағы жетіспеушілігінен, иммунитеттің төмендеуінен туындап, науқас адам тыныс алғанда, жөтелгенде, түшкіргенде ауаға тарайды. Сондықтан мамандар эпидахуалдың күрде-лі екендігін айтып, тұрғындарды пайдалы витаминдер қабылдап, адамдар көп шоғырланатын орындарға  бармауға, сақтанып жүруге шақырады.

Айдана СМАҒҰЛ


ПІКІР ЖАЗУ