Шара қолданбай келеді

0
880

Қоғам  арасында энергетикалық  сусындар сұранысқа ие тауарға айналды. Қуат беретін сусынға мектеп жасындағы баладан егде тартқан жандарға дейін құмар. Алайда ол адам ағзасына зиянын тигізетінін көпшілік біле бермейді немесе жай ғана елемейді.

Өнімнің қауіптілігін білген кейбір елдер бұл тауарға мүлдем тыйым салған. Мұндай сусын түрі белгілі бір тәртіппен ғана сатылады. Ал  статистика бойынша қазақстандықтар тәулігіне орта есеппен 30 мың литр сергіткіш ішеді екен.

Қуат береді деп жансақ ойлаған жандар бұл сусынды шаршап, күш жинағысы келгенде құмарлана сіміріп жатады. Алайда дәрігерлердің сөзінше, сусында ешқандай күш бергіш зат жоқ, ол тек энергия қоздырушысы, яғни сергіткіш сусын ішкен жан  өз  энергия қорын пайдаланады. Оның құрамындағы кофеиндік заттар адам бойындағы бір күнге жететін қуат мөлшерін 2-3 сағаттың ішінде жұмылдырып, сол сәттегі белсенділігін қамтамасыз етеді. Одан кейінгі тәуліктің басқа уақытында керісінше, депрессияға, зорығуға дейін алып келеді. Көптеген өнімнің құрамында үлкен мөлшерде  В  дәрумені болады. Бұл  жүрек соғысын жиілетіп, артериалды қан қысымын көтеріп, ағзада зат алмасу бұзылатынын, бауыр мен ұйқы безі сыр беретінін және аяқ-қолдың дірілдеуіне себеп болатын көрінеді.

Жарнамасы көздің жауын алып, адамды өзіне бірден тартатын өнімге қатысты ел арасында айтылып жүрген пікір  көп. Соның арасында өмірден қыршын кеткен жандардың өліміне себеп болды деген әңгімелерді жиі естиміз. «Gorilla», «Red Bull», «Dizzy»-ді  көп тұтынатын еді, қолынан тастамай ішіп жүретін, міне, ақыры немен бітті деген сөзді сіздердің де құлақтарыңыз шалған шығар… Қалай  дегенмен  бұл өнімді сатуға  тыйым салынуы керек.  

Жыл сайын мыңдаған қазақстандық «сиқырлы сусынның»  зардабын тартып жатса да, тиісті мекемелер еш шара қолданбай келеді. Соңғы рет энергетикалық сусынға қатысты заң 2013 жылы өзгерді. Онда «мемлекеттік санитарлық бас дәрігердің жарлығы бойынша мұндай сусындарды мектептер, ЖОО, денсаулық сақтау ұйымдары, жастар мен жасөпірімдердің қатысуымен өткізілетін мәдени ісшараларда сатуға тыйым салынады» делінген. Бүгінде бұл қаулы  іс жүзінде нақты нәтиже көрсете алмауда.  Неге?

А.БЕЙСЕНҒАЛИҚЫЗЫ.


ПІКІР ЖАЗУ