Пара – қорлық

0
367

Шыны сол елімізде парақорлықтың араласпаған саласы жоқ шығар-ау сірә. Өзгелерін тілге тиек етпегеннің өзінде  ел  індеттен қырылып жатқанда, аурудан ақша тауып қалайық деген мысықтілеулерді қалай ақтауға болады дерсің… 

Сол бір  коронавирус асқынып тұрғанында бір азамат стационарда жатып қайтыс болады. Туысқандарына заттарын қайтарған кезде, жақындары марқұмның телефонындағы kaspi-дің қолданбаларының өшіп қалғанын байқаған. Бұған қатысты іс қозғалғаны  айтылды. Осы тұста санада «өлген адамның ақшасына қол салғаннан кейін, тірі адамдарға не істемейді» деген ой қылаң береді.

Еліміз тәуелсіздік алғалы жемқорлықпен күресуде десек те, жемқорлық жайлаған 180 елдің ішінде Қазақстан 113-орында  келеді. Сол  бір карантин тұсында да жемқорлықпен байланысты қаншама заң бұзушылық тіркелді. Тіпті бір күнде 3 адамның парамен ұсталып отырғаны жайында  ақпарат та таралды. Бірақ?  Ежелгі грек ойшылы Местрий Плутарх айтқанындай: «Қоғам игілігіне арналған істен өз пайдасын көздеген жан, қабірді де тонауға қабілетті». Расымен де жемқорлар үшін елді де, жерді де сату түкке тұрмайды.

Елімізде 1998 жылы «Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы» заң қабылданып, кейін оған талай мәрте өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. 2015 жылы бұл заңның орнын «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы»  заң басты. Бұдан өзге мемлекет «коррупцияның тамырына балта шабамыз» деген ұранмен түрлі шаралар  да ұйымдастырып келеді-ақ. Алайда билік басында жүріп, білгенін істегендердің қарасы азайған жоқ. Күрес қанша күшейсе де, жемқолар қатары сейілмей тұр.

Қазақстанды бұл дерт неге жайлап кетті? Пара беру мен алу неліктен тыйылмай тұр? Елімізге танымал  заңгер Айман Омарова  мұның себебін  парақорлықтың  әбден қанымызға сіңіп кетуімен байланыстырады. Бұл туралы «Неге» ток-шоуында айтқан пікі-рінде ол былай депті.

«Парақорлықтың қанымызға сіңгені соншалық біреу көмек берсе, оған міндетті түрде рақмет айтуды ойлап тұрамыз. Осы мәселе бойынша  елшіліктің бір өкілімен сөйлескенде ол маған: «Біздің Еуропада үйленген жігіттің бар міндеті – өзі мен отбасын асырау саналады. Ал сіздерде жігіт үйленсе, оған бұдан әлдеқайда көп міндет жүктеледі». Расымен, бізде тізім әлдеқайда үлкен: өзі, отбасы, қайын жұрты, туған-туыс, құда-жекжаты… Егер қызметі көтерілсе, тізім одан сайын көбейеді. Содан ана туысқа көмектесіп, мына туыстың жағдайын жасау қажет деген тұста жемқорлыққа жол ашылады. «Бір азамат таққа отырса, қалғаны атқа отырады» деген осы.

Сонымен қатар Айман ханым жемқорлықтың жолын кесу үшін жазаны қатаңдату шешім емес екенін де айтады. Оның сөзінше коррупцияның салдары қандай боларын балаға мектеп қабырғасынан бастап мықтап түсіндіруге тиіспіз. – Мектепте жемқорлыққа қарсы арнайы сабақ болу  қажет. Жақсы баға алу үшін кәмпит беру дұрыс еместігін бала түсінуі керек. Оқушыға Қылмыстық кодексті көрсетіп, мына қылмыс үшін келесідей жаза бар деп үйреткен жөн. Азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру керек.

Жетпісінші жылдары Швецияда мемлекеттік қызметте парақорлықты жою үшін мемлекеттік қызметкердің жалақысын мемлекет бойынша орта жалақыдан 12-15 пайызға көтерген екен. Сонымен қатар мемлекеттік қызметкердің қолына мемлекеттің атынан үлкен мүмкіндіктер берген.

Қоғам белсенділері заңды негіздерге сүйеніп, сыбайлас жемқорлықты жою мүмкін емесін, алдымен «Мемлекеттік қызметкер неге пара алады?  Ол  бұған неге мүдделі?»  деген  сынды  мәселелерді алға қою қажеттігін айтады. Белсенділер шенеуніктер тек ашкөздіктен емес, мұқтаждықтан да пара алады деген пайымда. Сондықтан жемқорлықты азайтудың тағы бір жолы – мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын арттыру болып табылады.

Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылы мемлекеттік қызметкерлердің саны 25 пайызға қысқаратынын және сол арқылы қалғандарының жалақысы көтерілетінін хабарлаған  еді.  Бірақ қоғам белсендісі Гүлбану Әбенова төмен жалақы жемқорлықтың басты себебі емес екенін, мемлекеттік қызметкерлердің жағдайын қанша жерден жақсартқанмен, ашкөздері бәрібір тоймайды деді.

Ал, «Еліміз неге парақор мемлекетке айналды», «Жемқорлықты қалай жеңеміз?» сынды сауалдарға сарапшылар бірауыздан «қай салада болмасын, ашықтық және цифрландыру қажет» дегенді алға тартты. Мамандар мемлекеттік қызметтегі қарапайым маманнан бастап, басшылыққа дейін жалақысы ашық көрсетілуі тиіс екенін алға тартады. Яғни,  сонда тапқан табысы мен жалақысы сай келмейтін тұлғалар бірден анықталады деген пікірде.

Отыз бір жыл бойы премьер-министрлік қызметін атқарған сингапурлық Ли Куан Ю бір сөзінде: «Егер билік басындағы жемқорлықты құртпаса, онымен күресу еш нәтиже бермейді» депті.

Осы мәселені сараптап жүргендердің пікірінше Қазақстанда сыбайлас жемқорлықты бір күн ішінде жою мүмкін емес. Ол терінің бетіне біткен жай ғана жара емес, тамырын тереңге жайған қоғамдық дерт. Сондықтан онымен мемлекет болып, ұлт болып бірігіп күресу керек.

…ХХ ғасырда өте тез дамыған елдердің көбінде парақорлықпен күрес – күрестердің ұлысы деп аталыпты.  Неге  десеңіз,  халықтың әл-ауқатын арттыратын, мемлекеттің экономикалық әлеуетін көтеретін фактор – парасыз қоғам, парасыз жүйе. Сондықтан Қазақстан үшін парасыз мемлекет құру басты мұрат болып табылады. Ал,  Жаңа Қазақстанды құруда  пара  – қорлық  екенін түсінетін кез жеткендей. Бұл туралы сіз не дейсіз, көзі қарақты оқырман?

Сарби ӘЙТЕНОВА

 


ПІКІР ЖАЗУ