Кербұлақ ауданында 90 отбасыға үй берілді

0
356

Кербұлақ  ауданында  «Нұрлы жер»  бағдарламасы  бойынша  салынған 40 пәтерлі жалдамалы үй және 50 жеке тұрғын үй пайдалануға берілді. Жаңа қоныстанушыларды қуаныштарымен аудан әкімі Қанат Есболатов құттықтады, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Аудан  әкімдігінің мәліметінше, 2021 жылы 5 қабатты 40 пәтерлі үйдің құрылысына 546 млн теңге бөлінген. Құрылыс-монтаж жұмыстарын «Бауыр құрылыс» ЖШС орындады. Үйде ауданы 69 шаршы метрге дейінгі 30 үш бөлмелі және 10 екі бөлмелі пәтер бар. Өткен жылы 50 жеке тұрғын үйдің құрылысына 778 млн теңге бөлінді.

Жаңа қоныстанушылар атынан көпбалалы аналар сөз сөйлеп, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулар үшін алғыстарын білдірді.

«Өзіміздің шаңыраққа қол жеткізгенімізге өте қуаныштымыз. Қандай сезімде  тұрғанымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Бұдан  бұлай  жалдамалы  пәтерлерді кезіп жүрмейтін болдық. Енді өз шаңырағымыздың астында, жылылық пен жайлылықта балаларымызды тәрбиелеп, оқытамыз», – дейді көпбалалы ана.

Қуанышқа  жиналған  қауымды  облыс әкімі Қанат Есболатов пен облыстық  ардагерлер кеңесінің төрағасы Бөкен Рысбеков құттықтады.

Жалпы Кербұлақ өңірі бойынша мемлекеттік қордан тұрғын үй алу кезегінде барлығы 1427 адам тұр. Бүгінде жаңа пәтерлер мен үйлердің берілуінің арқасында кезек қысқара бастады. Атап айтсақ, жыл басынан бері Жетісу облысында 194 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, жылдық жоспар 67% орындалды. 2826 пәтерге арналған 325 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде, оның ішінде жыл соңына дейін жалпы ауданы 38,8 мың шаршы метр 490 пәтерге арналған 58 жалға берілетін үй салынады. Сондай-ақ жеке құрылыс салушылар есебінен 553 пәтерге 14 үй салынуда.

Облыста он айда мемлекеттік бағдарламалардың барлық бағыттары бойынша 700 отбасы, оның ішінде 517 көпбалалы және әлеуметтік байланысты отбасылар тұрғын үймен қамтылды.

Сонымен қатар  биыл  өңірдегі  барлық қаржыландыру көздері есебінен 1442 отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарлануда.

 «АЛАТАУ-АҚПАРАТ»


ПІКІР ЖАЗУ