Жаңа нысан бой көтереді
Талдықорғанда «Жетісу» волейбол клубына арналған спорттық база мен клуб ойыншыларына арнап тұрғын үй салынады. Осы нысандардың эскиздік жобасын облыс әкімі Бейбіт Исабаев волейбол жаттықтырушыларымен және сәулет-құрылыс саласының мамандарымен бірлесіп талқылады.
Аймақ басшысы «Жетісу» волейбол клубының бұрыннан қалыптасқан өз ойын үлгісі бар екенін, клуб жұмысының жақсы жолға қойылғанын айта келе алдағы уақытта бұдан да жоғары нәтижелерге қол жеткізуге ұмтылу керектігін тілге тиек етті. Ол үшін спортшыларға барлық жағдай жасалады. Бұл өз кезегінде жергілікті жасөспірімдерді спортқа баулуға, облыстағы спорттық командалар мүшелерінің қатарын жетісулық талантты балалармен толықтыруға ықпал етпек.
Бейбіт Өксікбайұлы өз сөзінде құрылыс барысында спорттық ны-сандарға қойылатын барлық нормативтің қатаң ескерілуі тиіс екенін айтты. Осы орайда клуб жаттықтырушылары құрылыс нысандарын жобалаушылармен бірлесіп жұмыс істеуі тиіс.
Атап өтсек, үш қабаттан тұ-ратын спорт базасында ерлер мен әйелдер командаларына арналған жеке ойын залдары, массаж кабинеттері, душ кабиналары, тренажерлық залдар, медицина маманына арналған кабинет, әкімшілікке арналған бөлмелер – жалпы спортшылардың оқу-жаттығуына қажетті жағдайлардың барлығы қарастырылатын болады. Нысанның құрылысына керекті қаржы облыс бюджетінен бөлінеді.
Ал клуб ойыншылары мен жаттықтырушыларына арналған 4 қабатты тұрғын үй жеке инвесторлар есебінен тұрғызылмақ. Онда ерлер мен әйел спортшыларға арналған блоктар бөлек болады. Тұрғын үйде жатын бөлмелермен қатар шаруашылыққа қажетті бөлмелер, ас әзірлейтін орын, асхана, массаж кабинеті, медперсоналға арналған бөлме, демалыс бөлмесі және басқа да қажеттіліктер қарастырылады.
«Жетісу» әйелдер волейбол командасының жаттықтырушысы Елена Павлова, спорттық директоры Валерий Беленков және басқа да жаттықтырушылар сәулет және құрылыс саласы мамандарымен бірге нысандар құрылыстарын талқылау барысында ортақ тұжырымға келіп, эскиздің егжей-тегжейін кеңесе жобалауға келісті. Осы жиын барысында Талдықорғанда инвестордың есебінен салынатын Үстел теннисі орталығы құрылысы жобасының жай-жапсары да талқыланды.
Сөз соңында облыс әкімі Бейбіт Исабаев аймақта спорт саласына, соның ішінде кәсіби клубтардың материалдық-техникалық базасын нығайту зор көңіл бөлінетінін атап өтті. Өңірге келген сапарында Мемлекет басшысы Жетісудың спорттағы даңқын қалпына келтіру жайлы тапсырма берген болатын. Соған сәйкес қолға алынып отырған мұндай шаралар өңірде саламатты өмір салтын насихаттауға, жастарды дене шынықтыру мен спортқа көптеп баулуға ықпал етпек.
– Биылғы жылы бірнеше спорттық нысанның құрылысы жүргізіледі. Соның ішінде «Жетісу» волейбол клубына арналған спорттық база мен арнайы тұрғын үй, үстел теннисі орталығы салынады. Индорхоккейден ұлдар мен қыздар командалары жасөспірімдер арасында өтетін Әлем чемпионатына жолға шықты. Регбиден еліміздің құрама командасының негізін біздің облыстың спортшылары құрап отыр. Спорттың осы түрінен ұлдарымыз бен қыздарымыз республикада 1,2-орындардан көрініп келеді. Сондықтан біз индорхоккей мен регби клубтары үшін де жаттығу базаларын салып береміз. Баскетболдан және футзалдан облыста командалар құрылды. Бұл клубтарға да мүмкіндігінше жағдай жасайтын боламыз. «Жетісу» футбол клубының орталық стадионы мен қосалқы стадионына жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Өздеріңіз білесіздер, футболшыларымыз Премьер-Лигаға көтеріліп, жақсы нәтиже көрсетті. Қазір облыстағы кәсіби клубтар командаларының құрамында 80-90% өз еліміздің азаматтары, солардың тең жартысы – Жетісудың ұл-қыздары. Материалдық базаларыңызды нығайтуға біз бар мүмкіндікті жасаймыз. Соған сәйкес сіздерден жоғары нәтиже талап етеміз, – деді Б.Исабаев.
«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»