Тендерден теңге жасағандар

0
547

«Заманың  түлкі  болса, тазы  боп  шал» деген мәтел тендерден теңге жасайтындардың оң   жамбасына  келіп тұр. Өзіміз көзбен  көріп, қолымызбен  ұстаған  жоқпыз,  «Антикордың» қолына түскендер тергеп-тексеруге  алынғандар  немесе тендерге  қатысып сағы сынып жүргендер айтады. «Тендердің шапкасын  бермесең, жұмысың  жүрмейді» екен.

Қоғамды  жайлаған  жемқорлық  індеттің  бір ұшығы осы тендерде жатыр. Жанын  салып, тамыр-танысын салып,  тендерге қатысқандар өздері айтқандай «шапкасын» беріп алған тендерлері  құрылыс нысандарын мерзімді кезінде аяқтауға, бөлінген қаржысы жетпей, нысан жұмысын орта жолдан тоқтатып, арты  шу-шырқан  болып  жатады.  Қыл  аяғы оқушылардың  ноутбугіне  бөлінген тендерге қатысып, талан-таражға  түскен  ақша  жайлы Алматы  облысы екіге бөлінбей  тұрғанда үлкен  шу болған-ды.

Алматы облысы Білім басқармасының  басшысы Майгүл  Омарова небәрі басшылық  қызметте  алты  ай отырып,  істі болған-ды.  Бәленің  бәрі кезінде ойнатылған тендерден шыққан. Қыл аяғы балабақша,  мектеп асханасындағы азық-түлікке дейін тендер ойнатылып, ұтып алғандардың былық-шылығы әшкере  болып  жатады. «Атың шықпаса жер өрте» демекші, «Монолит» Алматы  және  Жетісу  облыстарының  тендерін  ұтып алуда асығы алшысынан түсіп  жүрген компания. Тендерге қатысып  аты  оза шапқан «Монолит» компаниясы тендерден  ұтып  алған  ақшаны  алып,  әлі күнге  нысанды  тапсырмай,   халықты  қан-қақсатып  отырғанын  31-ші  телеарнасы жаңалық  хабарында  көрсеткен.

Жетісу облысының Ескелді ауданында Ақтұма ауылының халқын таза ауыз сумен қамтуы тиіс болған. Бірақ  күні  бүгінге дейін ауыл халқы таза суды «Монолит» тартып  береді  деп өткен жылдың ала жазынан бері күтуде. Қазір «Монолиттің» аты аталса Алматы және Жетісу облыстарының әкімқараларының денесі дір ете қалатын болған. Себеп  компания  Ескелді ауданындағы  Қарабұлақ  ауылындағы саябақты  да  тендерден  ұтып алған-ды. Оны 549  млн. теңгеге жасап  жатқан компания оның  424 млн. теңге ақшасын  жұмсап  үлгерген. Ал халық саябақтың игілігін өткен жылы тамызда көруі тиіс болған. Бір ауданнан екі бірдей нысанның тендерін ұтып алған компанияның ісімен қазір Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мекеме айналысып жатыр.

Тендерге қатысқанда анау-мынау емес, қомақты қаржы бөлінетін ойынға қатысатын «Монолит» өмірі  ұтылып көрмеген. Заң  аясына салсақ, тендерден  қаржы  ұтқан компания  қаржысын  алған  соң, жасауға кіріскен  нысанды  келісімшарт  бойынша мерзімді уақытында әрі сапалы өткізіп беруге міндеттеледі. Егер  нысан жұмысы кешеуілдеп, не  болмаса  жұмыс сапасыз атқарылған болса, компания екінші мәрте тендерге түсуге жолы кесіледі. Алайда  біздің қоғамда ол әділдік болмай тұр. Кімнің арқасүйер  танысы  күшті сол жеңіске жетеді. Ол нысанды тапсыра ма, тапсырмай  ма, орта  жолда банкрот  болып кетуі де ғажап емес.

Құдайға шүкір «Монолит» банкрот  емес,  «Антикордың»  құрығында тұр. Сыбайлас жемқорлыққа  қарсы іс-қимыл агенттігінің  Алматы облысы бойынша департаменті  «Монолит»  ЖШС-на  қатысты  заңсыздықты анықтаған. Індете  қазса  үңгірдегіні  суырып  алатын  «Антикор»  «Pure Pack» ЖШС компаниясының  алкогольсіз сусындар  өндіру  зауытын  сумен  жабдықтау, су  бұру  және  электрмен  жабдықтау  жөніндегі сыртқы инженерлік желілерге  ұзақ  уақыт  қосу  фактісін  зерттей  бастапты.

2020  жылы  компания  «Бизнестің  жол  картасы  – 2025» бағдарламасы шеңберінде  жобаны  мемлекеттік  қолдау мен қаржыландыруды алу үшін кәсіпкерлік  және  индустриялық-инновациялық  даму басқармасының оң шешімін алыпты. Осы шешімнің негізінде басқармамен «Монолит» ЖШС арасында 385  млн. теңгеге  сыртқы  инженерлік  желілерді  салу бойынша жұмыстарды  орындауға  шарт  жасалған. Инженерлік  желілерді салу жұмыстары 2021 жылдың  маусымында  басталды және  бастапқы аяқталу мерзімі  2021 жылдың  қазан  айына  белгіленген.  Алайда  «Антикордың» алдын  ала  мәліметтері  бойынша  бөлінген  қаражаттың  шамамен  80 %-ы аударылған.  Ал  іс  жүзінде 180 млн. теңгеден астам қаражат негізсіз төленіпті. Осы қаражат  бойынша орындалған  жұмыстардың  нәтижесі жоқ. Істі бастап  жобаның  мерзімін  бірнеше  рет кейінге қалдырған. Тіпті соңғы өзгерістерге сәйкес жобаны аяқтау 2023  жылдың  наурызына  жоспарланыпты. Бір  емес, екі  бірдей  нысан  да  мерзімінде тапсырмай, кейінге шегере беруінің  мәселесін енді «Антикор» анықтайтын болады.

«Pure Pack» ЖШС-нің  өндірісті  толыққанды  іске  қосу  жөніндегі  қызметін не себепті шектеп отырғандарына жауап  беруге тура келеді. Жергілікті халықты  да  жұмысқа орналастыру бойынша зауыттың межелеген жоспары жүзеге асырылмапты. Қадалған жерінен қан  алатын, мемлекет қаржысын шашқандармен  аяусыз  күресетін  «Антикор» тиісті салық түсімдерінің жоқ екенін де анықтаған.

«Екі  бірдей  облыстың  инвестициялық ахуалын аяғынан ақсатқан  компанияға  қатысты «Сыбайлас  жемқорлыққа  қарсы  қызмет» мердігерлік  ұйымның  жұмысына  тиісті бақылауды қамтамасыз ету, жобаны  жедел  аяқтау және «Pure Pack»  ЖШС  зауыт  өндірісін толыққанды  іске  қосу  үшін  өңір басшылығының атына ақпараттық хат дайындады», – деді департамент  басшысы  Серік  Орымбетов.

Департамент басшысының  мәліметінде бизнесті мемлекеттік қолдауға бөлінетін қаражаттың мақсатты пайдаланылуын бақылау өндірісті іске қосуға дейінгі  барлық  кезеңдерде сүйемелденуге тиіс. Мемлекеттік органдардың  лауазымды  адамдары  тарапынан бизнеске заңсыз кедергі жасау бойынша шағым келіп түскен жағдайда Сыбайлас  жемқорлыққа  қарсы  қызмет  қылмыстық-құқықтық  ықпал  ету  шараларын  қолданатын болады  делінген.

Құрылыс саласына қатысты тендерлерден  шығып  жатқан  шикілікті  жіпке тізсең, моншақтай  мөлдіреп  шыға  келеді. Бұл бір «Монолит» ЖШС-не қатысты  мәселе  емес. Мәселен, өткен  жылы  Кербұлақ  ауданына  жұмыс сапарымен  барған  Жетісу  облысының  әкімі  Бейбіт  Исабаев құрылыс жұмыстары  жүріп  жатқан  әлеуметтік  нысандарды  аралаған  болатын.  Бұл  өңірде  де  ауызсу  мәселесі өзекті  күйінде тұр. Сарыөзек ауылында жоба құны 1 млрд.  теңгені  құрайтын  ауызсумен  жабдықтау  жүйесін қайта салына бастаған. Өткен  жылдың  желтоқсан  айында  тапсыруға  тиіс нысанның  жұмысы  биылғы  2023 қоян  жылына ұласты.

«Көлсай Строй» ЖШС қолға  алған жұмысы әлі жалғасып жатыр. Былтыр тек  560 млн. теңге игеріліп, құрылыс  жұмыстары  60  пайызға  орындалған. Компания мемлекет қаржысын толық  игерулері  тиіс. Өткен жылы облыс әкімі барғанда 13,5 шақырым сутартқыш желісі тартылып, ішкі су жүйесінің 2 шақырым құбыры салынған.  Көлемі  3000  текше  метр  болатын  бір  су  қоймасы бұзылып,  жаңа су  қоймасының  салынатын  орны дайындалған.  Сол кезеңдерде мердігердің есепшоттары бұғатталып, жұмысшы саны азайғанын, жұмысы  баяу  жүрген  мердігерге  өңір  басшысы  Бейбіт  Өксікбайұлы «Көлсай  Строй»  ЖШС-нің  директоры  Құрманғали  Шадиевке:

–  Үш-төрт  айдан  бері  7-8  адам  ғана  жұмыс  істейді. Сіздер  қолға  алған  тек  бұл  жоба  емес, облыстағы  басқа нысандарда жағдай осындай.  Ақша  сұрайсыздар.  Бюджеттің  ақшасы сіздің жеке қалтаңыздың, болмаса облыстың жеке қаржысы емес, ол халықтың ақшасы. Айтылған уәдені орындау керек. Жақсы жұмыс істесеңіздер, бізде дұрыс қараймыз. Менің ойым сотқа беру керек. Жалғыз бұл  емес, облыстағы барлық жобаларын тоқтату қажет, – деген-ді. Тендерлерге  қатысып,  көп жобаларды  ұтып  алып,  істің  аяғы сиыр құйымшақтанып кететіні жасырын емес-ті.

Мәселен, «Көлсай Строй» ЖШС облыс шеңберінде 9 миллиард  теңгелік жұмыс  алғанын,  бір  жарым  жылдың  ішінде  атқарғаны  тек  2 миллиард  теңгелік  жұмыс  екенін, сол кезде айтылған болатын. Тіпті келешек-те «Көлсай Строй» ЖШС  республика  көлемінде тендерге қатыспауы  керектігінде сол  арада  айтылған-ды. Тендерден  теңге  жасағандар  қара  жолға  асфальт  салудан  да  шалағайлықтары артынан анықталып жатады. Өткен  жылы  Алматы  облысында  мердігер компания қалыңдығы 1 см  асфальт  төселгені анықталған болатын. Көз жұмбайлыққа  барған  компания 1500  метр жолды жасағанда шеткі көшелер жөнделетін орындардың қатарына кіргізілмеген.  Бұл  дауды Алматы облысы, Райымбек  ауданы,  Жамбыл ауылының тұрғындары  ереуілдеген болатын.  Жол  салушылардың  сапасыз  асфальт  төсеген  мердігер  компания  мен жергілікті  билікке наразылығын  білдіріп,  ақпарат  құралдарына жүгінгенде көшеге төселген асфальттың биттің қабығындай  ғана жұқалығын  көрген ауылдықтар  жолдың  кейбір жерлері опырылып қалғанын көгілдір экраннан көрсеткен-ді. Ал бұл жұмысты  кілтипансыз  атқарамыз  деп  тендерге қатысқан  мердігер компания  90 миллион  теңге ұтып алғанын Жамбыл  ауылдық  округінің  әкімі  Роман  Қойлыбаев айтқан болатын.

«Салған асфальттары  бір  сантиметрге де  жетпейді деп даурыққан  халық  мұнда құбыр  әкеліп  салсын, аққан  су  үйге,  моншаға  жайылды  не  көпір жоқ»,  –  деп ашынған болатын.  Ең  көп  қаржы бөлінетін саланың бірі баспана,  мектеп, аурухана  және  жол құрылысы. Бір ғана жол саласын алсаңыз, жыл  сайын республикалық және жергілікті бюджеттерден маңызы  бар  деп танылған жолдардың өзіне шамамен 200 млрд. теңге көлемінде  қаражат  бөлінеді  екен. Бұдан  бөлек,  аудандар  мен  елді мекендер  ішіндегі  жолдарға  жергілікті  бюджеттің  қаражатын қосыңыз. Бұрынғы  Алматы,  қазіргі  Жетісу  облысының  Талдықорған  мен  Өскемен бағытындағы  Алакөл  ауданына  дейінгі  күре  жол  әлі  күнге  дейін толық іске қосылмады.  Жолға  қатысты  сан  мәрте айғай-шу шықты. Тіпті  жолды жасаушы  Қытай  компаниясының  жұмыс  берушілері  мен  Ақсу ауданы Қызылағаш  ауылының  тұрғындары  арасында  қырғын  болып, қазақстандық  азаматтар  істі  болды. Бар гәп  жолдардың сапасына келіп тіреледі.

Жол құрылысындағы жемқорлық әлі жойылмай тұр. Баспана салудағы  мердігер  компаниялардың  тендер ұтып алып, салған үйлерін пайдалануға берілгенде оның сапасыз салынғаны, қабылдап алған жергілікті биліктің  көзжұмбайлыққа барғаны  артынан  әшкере болып жатады. Тағы да «Тас лақтырсаң такси  мен тамадаға тиеді» демекші, күре жолды қоя тұрып, Ескелді ауданы, Матай  Байысов атындағы ауылда шу шыққан болатын. Ауыл  көшелеріне  тамыз  айында  ғана  төселген жол шұрық тесік болып жатқаны  анықталған.  Жалпы  ұзындығы 2  шақырымдай  осы  жолға 50 миллион  теңгеге  жуық  ақша  бөлініпті.  Елу  миллионға жасалған жұмыстың сапасы сын көтермеген. Мердігер компания  жол астына шебін төселмей, асфальтқа  топырақ  араластырып құя салыпты. Осы көзбояшылықтары үшін мердігер компанияны жауапқа тартудың орнына  әкімдік «Мердігер компания өзі жөндейді» деп сырғыта салған.

Міне, мемлекет қаржысын  желге  ұшырып  жатқан тендер ойнатушылар ойына келгендерін жасап отырған  мердігер  компаниямен  ымжымы бір болмаса, әлгіндей сапасыз жұмыс атқарған компанияларды  екінші мәрте тендерге қатысу құқығынан айыру керек-ті. Ол  туралы  Жетісу облысының  әкімі Бейбіт Өксікбайұлы Кербұлақ ауданына барғанда айтқанын жоғарыда  жазғанбыз. Жең ұшынан  жалғасқан  мұндай  сыбайластардың  ісі көбіне облыс әкімі қызметтен кеткенде айғақталып жататыны бар. Баспана демекші, Талдықорған  қаласының  кіре  берісіндегі «Болашақ»  тұрғын  үй коттеджі  экс-әкім Амандық  Баталовтың  бастамасымен салынған. Өзі  билікте отырғанда  осы  қалашықтың  тұрғындары  баспаналарының  сапасыз салынғаны жайлы сан мәрте шу шығарған-ды.

Сапасыз  баспана  салған  компанияларды  жазалаудың орнына  экс-әкім олардың былық-шылықтарын жуып, шаюға  тырысты. Тұрғындардың  өзін  айыптауға дейін барды. Енді міне, шалағай  жұмыс  жасаған  қала  және экс-әкімдердің, мердігер  компаниялардың  ісімен  Жетісу облысының  прокуратурасы  айналысып жатыр.

 А.БҰЛҒАҚОВ.


ПІКІР ЖАЗУ