Көк түтінге қақалған әйелден кім аса алған

0
599

Біз  өткен мақаламызда  насыбай ататын қыздардың санының күрт артқанын және насыбай құрамында есірткінің кейбір элементтерінің барын жазғанбыз. Адам денсаулығына зиянды тауардың әлгі күнге дейін  базарларда сатылатынын, насыбай  атушылардың  оның  темекіден  өзгешелігін айтқанды.

Темекіні тастап кетуге болады. Ал насыбайдың ащы түріне тәуелді болсаңыз, оны тастаудың қиыны жайлы насыбай атып жүрген азаматтың сөзін дәйек еткенбіз. Бүгінгі тақырып темекіге ойысты. Жалпы екеуінің де адам денсаулығына  пайдасынан  зияны көп болмаса, оң әсері жоқтығын медицина саласының мамандары айтуда.  Мақала  дайындауда  қоғамдық  пікірді  зерттеу орталығының  мәліметін  көзіміз  шалды.  Қазақстандық  әйелдердің  54, 5  пайызы  күніне  10-20  тал  темекі  шегеді  екен.
Бұл  таңқалатын  да,  таңданатын  да нәрсе  емес. Жетінші ғасырдың  жетпісінші  жылдары өмір  сүрген  Мөңке  Би  бабамыз  болашақты болжап айтқан  кер заманы  келіп  тұр.

Ақырзаман  заманның  кезінде.

Көлдің  суы  бітіп, табаны  қалар,

Аттың  жүйрігі  кетіп, шабаны  қалар,

Жақсының  атағы  кетіп, азабы қалар,

Əулиенің  əруағы  кетіп, мазары қалар,

Адамның  жақсысы  кетіп, жаманы қалар,

Сөздің  маңызы  кетіп, самалы қалар,

Сөйтіп ақылы жоқ санасыздың  заманы болар.

Кер заманның кезінде.

Құрамалы қорғанды үйің болады,

Айнымалы төкпелі  биің болады,

Халыққа бір тиын пайдасы жоқ,

Ай  сайын бас қосқан жиын болады.

Ішіне шынтақ айналмайтын,

Ежірей деген ұлың болады.

Ақыл айтсаң ауырып қалатын,

Бедірей деген қызың болады.

Алдыңнан кес-кестеп өтетін,

Кекірей деген келінің болады.

Табалдырықтан биік тау болмас,

Туысқаннан мықты жау болмас.

Кер заманның кезінде су тартылар,

Тана менен торпаққа жүк артылар,

Ар-ұяттың бəрінен жұрдай болып,

Қарап тұрған жігітке қыз артылар.

Ішкенің сары су болады,

Берсең итіңде ішпейді,

Бірақ адам оған құмар болады.

Қиналғанда шапағаты жоқ жақының болады,

Ит пен мысықтай ырылдасқан

Еркек пен қатының болады.

Кер заманның кезінде.

Ертеңіне сенбейтін күнің болады,

Бетіңнен ала түсетін інің болады,

Алашұбар тілің болады,

Дүдəмалдау дінің болады.

Еркегің қазаншы болады,

Əйелің базаршы болады.

Жылқы жұлдыз болады,

Қой құндыз болады.

«Кейбір жерге теңеледі,»

Əйел ерге теңеледі.

Көл теңізге теңеледі,

Сиыр өгізге теңеледі.

Ақырзаман адамы.

Сағынып тамақ жемейді,

Ащыны ащы демейді.

Тапқаның олжа дейді,

Алһам білгенді молда дейді.

Бір-біріне қарыз бермейді,

Шақырмаса көрші көршіге кірмейді.

Сарылып келіп тосады,

Құны жоқ қағазды судай шашады.

Ақыр заман халқының.

Шайдан басқа асы жоқ,

Жақыннан басқа қасы жоқ.

Лағынет қамыты мойнында,

Жұмыстан қолының босы жоқ.

Əрқашанда олардың

Көңілінің қошы жоқ.

Бар шаруасы түп-түгел,

Енді мұның иесі жоқ.

Заман ақыр боларда.

Жер тақыр болар,

Халқы пақыр болар.

Балалар жетім болар,

Əйелдер жесір болар,

Ə десе мə дейтін кесір болар.

Бас қосылған жерлерде,

Əйел жағы ден болар,

Жаман-жақсы айтсада,

Өзінікі жөн болар.

Орай салып бастарын,

Жалпылдатып шаштарын,

Тақымдары жалтылдап,

Емшектері салпылдап,

Ұят жағы кем болар,

Сөйткен заман кез болса,

Түзелуі қиын болар деп бүгінгі  қоғамды айна-қатесіз болжап, түзелуі қиын боларын  айтып  кеткен әулиенің  көрегендігіне таң қаласың. Ненің пайдалы, ненің  зиян  екенін айыра  білетін  бүгінгі  қоғамның  көзі  қарақты жасы да,  жасамысы  да  неге  адам  денсаулығына  кері  әсері  бар  өнімдерге әуес. Есірткі,  насыбай,  темекі,  арақ,  сыра,  одан  бөлек  ұйқы қашыратын алуан  түрлі  өнімдер  бүгін  сұранысқа  ие.  «Кальян», «Қор-қор» дейтін  тағы  бір  түтікше  арқылы  қолданылатын  өнімдер  әсіресе  түнгі  клубтарда жастардың аузын құрғатпай тұр. Мақаланың басты тақырыбы темекі  болғандықтан  зерттеушілердің  дерегіне  зер  салайық.

Қазақстандағы ерлер мен әйелдердің күнделікті темекі шегу қарқыны  артқанын айтады. (Зерттеуді жүргізген  – ҚПЗО )

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының  дерегі  бойынша әлемдегі әйелдердің 12%-ы шылым шегеді. Әйелдер арасында темекі тарту ең көп тараған  ел  –  Дания. Ондағы  әйелдердің  37  пайызы шылымқор.  Дәл осы көрсеткіштен  қазақстандық  нәзік  жандыларда  кем  қалып  тұрмағаны айдан анық.  Тіпті, шылым  шегуді  әйел теңдігінің белгісі санайтындар да бар.

«Ерлерлен  кем  соқсам, бізді  жер соқсын» дейтін әйелдер есірткіге де, насыбайға да, темекіге де құмарлықтарының  артқаны сондай, шылымды көк түтінін  будақтатып кез-келген  жерде  шеге беретін  болған. Әсілі  бұл өнімнің  еркекке де, әйелге де тигізіп жатқан пайдасы жоқ. Темекіні тіпті, нан жегендей  ашырқанып  бірінен  кейін бірін шегетін адамдар бар. «Көк түтіні  өкпені  жауып  қалады  бұған  неге  сонша  құмарсың, нендей пайдасы бар?» деп  кез келген  шылым  шеккен  еркектен,  не әйелден сұраңызшы.

Әу баста  жай  қызықтап көру  үшін  шеккенін, бара-бара шылым шекпесе тұра алмайтын хәлге жеткендерін  айтады.  «Ой,  бұл  ашуланғанда  жүйкеңді тыныштандырады» дейтіндерін  қайтесің. Демек, мұның  да  құрамында никотин  барын  мамандар  айтып  жүр.  Бір таңқаларлығы  темекі өндірушілер  қорап  сыртына  адам  денсаулығына  зиян  деп  жазады  да  осы зиянды  өнімді  тұтынушыға  өздері жеткізеді. Дәрігерлер де темекіден көптеген  адамдардың онкологиялық дертке  ұшырап жататындарын айтады да,  арасында  өздері  де  осы  шылымды  шегеді. Қарап тұрсаң керағар  пікір.

Негізі  шылым  шегуге  әйелдердің  құмарлығы  қашан  артқанын пайымдау қиын емес. Ел басына күн туып, екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда қан майданды жеңу үшін соғыста жауынгерлерді  «спирт  пен  темекімен» суғарған  Кеңес  өкіметі  қазақ  әйелдерін  де  арақ  пен шылымға үйретті. Артқа  көз  тастап  көріңізші,  өткен  ғасырларда  еркекпен  құқығымыз тең дәрежеде деген Октябрь революциясынан  кейін  қарқын  алған  Кеңес одағы  қазақ  қоғамындағы әдеп-ғұрыпты, салт-дәстүрді, ер мен  әйел арасындағы тыйым салынған  дәстүрлердің  бәрін  жойып  тынды.

Тәуелсіздік алып Еуропаға еліктегенде жаһандану дәуірінің жұтқыншағында жұтылып кеткен қазақ жастары жалаңаштанып ерсі қылықтарға барды. Соның  бірі  қазақ әйелдері темекі шегуді еркіндік белгісіне айналдырып алды. Олар нәзіктігін жоғалтып,  ар-ұят  деген  ұғымды ысырып тастады. Өткен  ғасырда  әйелдердің  темекі  шегуі  ұят саналса, қазір  бұл  қалыпты  жағдайға ойысты. Аузы-басы көк түтін сасып жүрген  ер мен әйелдің айырмашылығын  тек  жынысына  қарап  ажырата аласың. Бара-бара  айырмай  қалуымызда  бек  мүмкін. Себебі  бүгінгі  қоғамда еркек-еркекке артылып, әйел-әйелмен  жұптасып жатқан заман. Сонау жетінші ғасырда өмір сүрген  Мөңке  бидің ақырзаманның пақырлары туралы пайымын  қайталап  айтудан  басқа  амал жоқ.

Қазір  шылым  шегудің  неше түрі пайда болды. Соның  бірі  электронды шылым. Мұны темекіні тұтатып  шегуден  зияны аз деп жүргендер де бар. Алайда  мамандар, қалай  шексең  де оның адам денсаулығына  тигізгер зияны  зор  екенін баса айтуда. Сондықтан шылымқорлардың денсаулығына төнетін қатерді азайтудың бір әдісі  – темекі қыздыру жүйелері. Бұл құрылғылар  улы  заттарды  кәдімгі шылымға қарағанда 95% аз бөледі дейді. Жиырмасыншы  ғасырда  темекі шегу тек ер адамдарға  ғана тән болса,  қазір  керісінше ерлерді шылым шегуден жолда қалдырып, әйелдер алға  шығуда.  Міне  мысал  керек пе?

Бізде  2014  жылдан  бері  шылым  шегетін ерлердің саны айтарлықтай азайды, ал, дәл  осы санаттағы әйелдер  үлесі 4,5%-дан  6,4%-ға  дейін өскен. Сонымен  бірге 2010 жылғы мына зерттеуде темекі тұтыну негізінен 25  пен 34  және 45  пен 54  жас аралығындағы әйелдер арасында артқаны айтылады. Әйел қауымы құрсақ көтеретін  болғандықтан темекі шегетін әйелдерге  оның  құрсағындағы  балаға  зияны барын айтып, түрлі жарнамалар мен  ұрандар айтылды.  Бірақ  тізгін  тежеген әйел қауымын көрмедік.

Қазір темекі шегу үрдісі мектеп табалдырығынан бастау алып, үзілісте жүрген  өрімдей  қыздардың  темекіні бірінен-бірі алып құшырланып тартып жүрген бейнежазбасын әлеуметтік желіден  көруге болады.  Демек  бұл  темекі өндіруші  компаниялары үшін аса зор табыс көзі. Мың  жерден темекі мен арақтың бағасын өсірсең де шылымға аңсары ауғандар бар,  тапқан-таянғанын  темекі сатып  алуға  салады. Оның  кең үрдісін  қала  көшелерінде, не  базарлар  мен  ғимараттардың тұсынан өтіңізші, тіпті көлік тізгінінде кетіп бара жатып электронды шылымды аузына тықпалап  жатқан әйел қауымын көресің. Бұл жерде біз әйелдердің жер  жебіріне жетейік деп тұрғамыз жоқ. Мәселе, сұлулықтың символы болған арулардың бұзылып көк түтінге өкпесін ыстап, нәзіктігін жоғалтып бара  жатқаны көңілді  алаңдатады. Көк түтінге қақалған,  әйелден  кім аса алған…

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ