Ұры-қары көбеймесін десек…

0
425

Қазақтар   ғұмыр  бойы   ұрлықты   ең  үлкен  күнә  санаған.  Ал бүгінгі  күні  «ұрлық   түбі – қорлық»  деген  сөздің  мәнісіне  бойлайтындар  қалмағандай.  Тіпті,  ұрлықты  жеңіл-желпі   қылмыс   санау  әдетке  айналып барады.   Осының   салдарынан  ел   аумағында   ұрлық-қарлық көбейген.  Ішкі  істер  министрі  жариялаған ақпараттарға  сүйенсек, елімізде тіркелген   қылмыстық   деректердің   64   пайызы   ұрлық  екен.   Әсіресе,   қалта  ұрылары   мен   пәтер      тонау   деректері   артып келеді. Сөзімізге   жақында  ғана  Үштөбе  қаласында   орын  алған  ұрлық   дәлел  бола  алады.  Қарт  адамға  жаңбырлы  күні  жас қыз  келіп   үйіне сұранып  кіреді.  Қонақ   қыз  кеткеннен  кейін  үй  иесі  өзінің  ұялы  телефонын  таппай  қалған.  Дереу  полиция  қызметкерлеріне жүгінген  қарттың  ұялы  телефоны  табылды.  Қаратал  аудандық  полициясының  қызметкерлері  бір  тәулік  ішінде  дәл  осындай  құқық  бұзушылық  үшін  бұрын  қылмыстық   жауапкершілікке  тартылған  күдіктіні  анықтап,  дер  кезінде  ұстаған.  Осы  жағдайды  басты  назарға  алған  Жетісу облысының   полиция  департаменті    өкілдері  халық  ұсақ  ұрлық  болған  жағдайда да  құзырлы  органдарға  жүгінсе,  бұл  қылмыстың  саны  азаятын еді  дейді.  Құқық   қорғау   орындары   қылмысқа   қарсы   күрес   жұмыстарын  жандандырғанымен,   ұрыларға   тосқауыл   болу   қиындау   болып   отыр. Себебі полиция  қызметкерлері  ұрыларды  дер  кезінде  ұстағанымен елімізде   оларға  қатысты  жаза  жеңіл.  Қазір  ұрлық  жасап,  ұрланған  заттарды  сатқан  адамдар  тек  жеңіл  қылмыстық  жазамен  құтылады.  Яғни,  Қылмыстық  кодекстің  192 бабына  сәйкес  не  айыппұл  төлейді, не әкімшілік  жазаға  тартылады  да  қылмысын  одан  әрі  жалғастырып  жүре  береді.  Бұл  тек  бір  себебі.  Ұрыларға  тосқауыл  болудың  қиынға  соғуына  екінші  себеп  халықтың   құқық   қорғау    қызметкерлеріне   сенімсіздік танытуы.

Соңғы  уақытта  жұртшылық  құқық  қорғау  органдарына  өз  еріктерімен  шағым  түсіруді  азайтқан.  Мұның себебін ұрлық  қылмысы  ашылмай  қалама  деп   түсіндіреді.  Ал полиция  қызметкерлері  бара  жатқанның  балтасын,  келе  жатқанның  кетпенін  жымқырып  кететіндер  жайлы  арыз шағым  жазылмаса,  олардың  саны  тіптен  артып  кетеме  деп  қауіптенеді.  Сондықтан  ірі  яки   ұсақ  ұрлық   болсын  үнсіз  қалмай  барлығын  құзырлы  орындарға  хабарлап  отырған  жөн.  Сонда  ғана ұрлықтың алдын алуға мүмкіндік туады.

Айдана СМАҒҰЛ


ПІКІР ЖАЗУ