Есепші бюджеттен, бұзақылар бопсалап жейді

0
469

Бүгінгі  қоғам  жайлы  кімнен  сұрасаңызда  «Қарағайдан шайыр, адамнан   қайыр  кеткен»  заман  болды  дейді.  Заман  емес,  адам  бұзылды десең  бұзылмағанда  қайтеді  күн   көріс  күннен-күнге  қиындап  барады  дейді.  Сол   заманды  қиындатып    отырған   адамдардың    өздері  емес  пе?  Биліктің     тұтқасын   ұстап   отырғандардың   көбі  ашкөздікке  салынған.   Екі   күннің  бірінде   «жеп  қойыпты»,   «асыра  сілтепті»,  «жемқорлық  пен шатылыпты» деген   сөздерді   естисің.   Одан   қалса   бопсалау,   қорқыту,   жәбірлеу сынды  қаныпезерліктің  неше түрін   әлеуметтік   желіден көріп жағамызды   ұстайтын   болдық.   Құдайға  сенесің ғой, Ал  адамға, билікке  деген   сенімді  қалай   нығайтамыз   дейді  халық.

«Ет бұзылса тұз себер, тұз бұзылса не себер»  деген аталы сөзді билік тарапындағыларға қаратып айтуға болады. Бүгінде жемқорлық пен қызметін асыра пайдаланбайтындар  өмір сүретін  мекен  бар ма деп майшаммен іздейтін дәрежеге жеттік. Мемлекеттік бюджеттен қаржыландыратын мекемелерде  жұмыс  істейтін  лауазымды  тұлғалардың  қай-қайсын алып қарасаңда  сол  адам  жайлы  «қызметін асыра пайдаланыпты», «заң бұзыпты»,  «екі айға қамауға алыныпты»  деген  қаңқу  сөздерді естисің. Артынша  ондаған  жылды арқалап абақтыға кетіп бара  жатады. «Қасықтап жиған абыройын шелектеп төгіп, атақ-дәрежесінен айрылады. Бұл не сонда?

Заңды жетік білмегендерінен дейін десең  екі күннің бірінде жемқорлық жайлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев күресті күшейту  керек  деп  биік мінбелерден айтып  жатады. Заңды қатайтты.  Бірақ одан үркіп жатқан ешкім жоқ. Жұмыс болған соң  бірлі-жарым заң бұзушылық болады, жұмыс істемеген адам ғана қателеседі деп ақтап алғың келеді. Алайда  жеңіл-желпі заң бұзушылық емес көріністерді көргенде, апыр-ай, бұларда қанағат деген жоқ екен ғой деп шамданасың.

Соңғы жылдары білім саласындағы жемқорлық жеті басты айдаһардан да асып кетті. Облыстық білім басқармаларынан бастап қалалық,  аудандық білім бөлімдерінің есепшілері  туралы жаға ұстатар  жаңалықтар  тоқтамай  тұр. Бұл мәселе  республика көлемінде ушығып тұр. Қазір прокуратура органдары республика бойынша жалпы білім саласына жаппай тексеруді бастап кетті. Мысалы,  Қызылорда да  12,6 миллион  теңге қаражатты  жымқырған мектеп есепшісі 7 жылға сотталған.  Сол  сияқты  Семейде  54 жастағы есепші  әйел 2017 жылдың ақпанынан 2018 жылдың қараша айы аралығында жалпы сомасы 8 256 391 теңге жымқырған.

Өзінің жалақы алатын банк картасы несие бойынша бұғатталған соң  ол мектептің басқа қызметкерлерімен келісіп, ай сайынғы ақшасын солардың шотына аударып, кейін өзіне алып отырған. Жымқырған ақшаны жеке пайдасына жаратқан.   ҚР ҚК-нің 189-бабы, 3-бөлімінің 2-тармағы бойынша (сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-тараж-ға салу) қылмыстық жауапкершілікке тартылған әйел тергеу кезінде заңсыз әрекетін толық мойындап, өкінетінін айтқан. Қылмыстық істі қараған қалалық №2 сот есепшіні кінәлі деп танып, 2 жылға бас бостандығынан айырған. Парламент  мәжілісінің депутаты, экс министр Асхат Аймағамбетов  бұлтты бухгалтерия жүйесін енгізгеннен кей өңірлер миллиардтаған қаржыны үнемдегенін айтты.

 – Бұлтты бухгалтерия жүйесін енгізген кей өңірлерде миллиардтаған қаржы үнемделді.  Әсіресе, осы жұмысты солтүстіктегі өңірлер қарқынды жүргізіп келеді. Бұл жүйе кейбір өңірде енгізіліп, кей өңірлерде енгізілген жоқ.  Себебі, өңірлік білім басқармалары мен білім бөлімдері министрлікке емес, жергілікті әкімдіктерге бағынады. Әкімдіктер қаржыландырады, тағайындайды қызметінен алады, – деді депутат.

Мұндай оқиғадан  Жетісу облысы да кенже қалып отырған жоқ. Қазір мемлекетке басты  қауіп-қатер білім және денсаулық саласындағы басшылар мен есепшілерден  келіп тұр.  Тергеу толық аяқталмай, күдіктілерді айыптауға біздің құқымыз жоқ. Себебі, Атырау қаласында күдікті деп айыпталғандар бірінші сатыдағы соттан толықтай ақталып шыққан. Қарсы тарап аппеляциялық шағым беруі мүмін. Сондықтан соттың барлық сатысынан өткеннен кейін ғана күдіктілер жайлы айтуға болады.

Талдықорғанда облыстық балалар ауруханасының есепшісі мемлекеттің 116 млн. теңгесін құмар ойынға салып жіберген.  Жетісу облысы экономикалық тергеу департаменті есепшінің бюджет қаражатын құмар ойынға 1,5 жыл бойы жұмсап келгенін мәлімдеген болатын. Ол ақшаны өзінің банктік картасына аударып, кейін букмекерлік жеке кабинетіндегі шотына салып отырған. 28 жастағы ер адам  кінәсін толық мойындаған.

Бұл қылмыс жайында  дәрігерлер мен аурухананың кіші қызметкерлері  шу көтергеннен кейін тексеру басталып, тергеу барысында есепшінің 2021 жылдың наурызынан 2022 жылдың тамызына дейін аурухана қызметкерлерінің жалақысына, зейнетақы жарналарына және дәрі-дәрмекке қарастырылған қаражатты жүйелі түрде банктегі есепшоты арқылы аударып алып отырғаны анықталған. Бір жылдан аса уақыт көлемінде құмар ойынға салып жіберген мемлекет қаржысының   сомасы  116 миллион  теңгені  құраған.  «Дәніккен қарсақ құлағымен ін қазады»  дегендей,  мемлекет қаржысын құмар ойынға салып, еселеп пайда табамын деп ойлаған есепші   судың да сұрауы боларын білмеді емес, білді ғой. Енді жап-жас өмірінің күл талқаны шығып, абақтыда отыр. Ебін тауып екі асағандар етпетінен құлап жатыр. Ал, мұның түп-тамырын тереңдете қазсаң, отыз жылдың жемісін көресің.

Осы  тұрғыда экс президент Нұрсұлтан Назарбаевтың  «Мен кез-келгеніңді қолдарыңнан жетектеп сотқа апара аламын» деген сөзі бар еді. Қаңтар оқиғасынан кейін экс президенттің өз айналасы, туған-туысы жемқорлықтың бас жағында тұрғанын халық білді. Қызметін асыра  пайдалану, қорқыту бопсалаумен кәсіпкерлердің бизнестерін тартып алу, заңсыз жер телімдерін иемдену туралы сот әлі жалғасып жатыр. Демек, жоғарғы эшалонның өзі заң бұзушылыққа жол ашып берген. Әуелі шенді-шекпенділер   қармаққа жемтік іліп, балық аулағандай шоршытып, ауыздандырған балығы шортан болып, одан китке айналып, қармағын қожайынымен қоса  жұтып  қоятын болды. Тендер ойнату теңге ойнатуға айналды. Тендер ұтып  алғандар  «шапка» бермесек, жұмыс жүрмейді дейді. Балық басынан шіріген соң  қайрандағы шабаққа несін ренжисің. Олар да  баспана немесе ғимарат салса арзан материалдарды қолданып, құрылыстың сапасыздығын көрсетіп жүр.

Болмаса бөлінген қаржы жетпеді, құрылыс материалдары қымбаттап кетті деп жұмысты орта жолдан тастап, құрған фирмаларын банкротқа ұшыратып жатады. Содан соң  мердігер компаниямен соттасып жүрген әкімдікті көресің. Пайдалануға берілген ғимарат, баспана  немесе  әлеуметтік нысанға қатысты құрылыстардың шикілігі мердігер компания кеткенде көзге шыққан сүйелдей бадырайып тұрады. Баспанамыздың төбесінен су кетті, қабырғасы ажырап тұр деп шулағандар БАҚ өкілдерін шақырып, мұңдарын шағады. Бірді айтып бірге кетіпті демесін. Әу бастағы әңгіме мемлекеттік қызметкерлер аясында болған. Тендерді ойнатып жүрген де солар болған соң тілге тиек етіп отырмыз. Мәселен, Жетісу облысында 36 шенеунік жауапкершілікке тартылғанын жергілікті прокуратура жариялады. Прокуратураның араласуымен 2,6 млрд. теңге сомаға мемлекеттік сатып алуды тоқтатыпты.

Міне, бұл мемлекеттік органдар тарапынан жіберілген негізгі заң бұзушылықтар орын алғанын прокуратура айғақтап отыр. Біліктілік талаптарын асыра бағалау, сараптамасыз жұмыстар жүргізу (ол міндетті болған жерде), сатып алынатын тауарлардың атауын көрсету және т.б. фактілер болғанын айтуда. Осы сатып алуға байланысты неше түрлі асыра сілтеуді есепшілер мен мекеме басшылары жақсы меңгерген деуге болады.  Жоғарыда көрсетілген заң бұзушылықтар үшін мемлекеттік органдардың  36 лауазымды тұлғасы 5,7 млн. теңгеге әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұған қоса тәртіптік жауапкершілікке 7 лауазымды тұлға тартылған. Қымбатшылық алқымнан алып, әлеуметтік топтар мен орта жалақы алатын бұқара «шықпа  жаным, шықпа»  деп әрең күнелтіп жүргенде, мемлекет қаржысын талан-таражға салып, бірі тендерден, бірі мекемеге қажетті құрал-жабдықтың  бағасын асыра көрсетіп есепшілермен  жымдасқан шенділер қағанағы қарық, сағанағы сарық болып кеткен жоқ. Ерте ме, кеш пе қылмыстары ашылып жатыр. Ұсталғаны ұры, жемқор атанып, ұсталмағаны заңды айналып өтуді  қояр емес.

Қостанай   облысында   ауыл әкімдігінің есепшісі де  бюджет қаражатын жымқырған. Ұзынкөл аудандық сотында «Ершов ауылдық округі әкімінің аппараты» ММ-нің әдіскер-бухгалтеріне қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі. Сотта анықталғандай, сотталушы әйел Ершов ауылдық округ әкімі аппаратынын әдіскер-есепшісі қызметін пайдаланып 2 698 368 теңге көлемінде қаражат жымқыру арқылы ұрлық жасаған. «Дәніккеннен құныққан жаман» демекші, ұрлығы әшкереленіп, сот алдына барған сотталушы кінәсін толық мойындап, залал сомасын ішінара өтеген. Сот жазаны тағайындау кезінде сотталушының өз кінәсін толық мойындауын, шын жүректен өкінуін және асырауында кәмелетке толмаған балалардың болуын жазасын жеңілдететін жағдайлар ретінде қарастырған. Іс бойынша жазаны ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ дейді сот.

Осы істің мән-жайын, жасалған қылмыстың ауырлығын, сотталушының жеке басын ескере отырып, сот сотталушыға 3 жыл мерзімге мемлекеттік қызметте, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, қаржы ұйымдарында тауарлық-материалдық жауапкершілікке байланысты лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, 2 жыл бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындаған. Кейде біздің құқық қорғау органдары да «шаш ал десе бас алып»,  артық сілтеп жіберетінін көріп жүрміз. Мәселен,  Атырау облысында 470 миллион теңге бюджет қаражатын жымқырды деп айыпталғандар ақталды – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі «Мой город» басылымына сілтеме жасап.

Атырау қаласының  №2 соты баспасөз қызметінің мәліметінше, сотта адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен өздерінің қызмет бабын пайдаланумен аса ірі мөлшерде кінәліге сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу және талан-таражға салу, жымқыруға жәрдемдесу және мүліктік пайда алу мақсатында бірнеше рет іс жүзінде жұмыстар орындалмай, қызметтер көрсетілмей, тауарлар тиеп-жөнелтілмей, шот-фактура жазу бойынша мемлекетке ірі залал келтіру фактісі бойынша мердігерге, техникалық қадағалау жөніндегі инженерлерге, техникалық қадағалау компаниясының басшысына Атырау облысы құрылыс басқармасының қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс қаралған. Күдіктілерге ҚР Қылмыстық кодексінің 28-бабының 5-бөлігімен, 28-бабының 3-бөлігімен, 189-бабының 4-бөлігінің 2-тармағымен, 216-бабының 1-бөлігімен, 216-бабының 2-бөлігінің 1-тармағымен айып тағылған.

Сотталушы өзінің туысы  арқылы қызметтік жағдайын пайдалана отырып, Атырау облысы құрылыс басқармасы басшысының орынбасарларымен, құрылыс бөлімінің басшысымен  бірнеше  рет қылмыстық сөз байласқан. Алдын ала сөз байласу арқылы 3 спорт залы, Дамбы ауылындағы 300 орындық мектеп, «Көкарна» ықшам ауданындағы 25 келушіге арналған отбасылық-дәрігерлік амбулатория, «Қара депо» ықшам ауданындағы 25 орындық отбасылық-дәрігерлік амбулатория нысандарын салуға бөлінген бюджеттік қаражатты иемдену және талан-таражға салумен жымқырған.

Техникалық қадағалау жөніндегі инженерлер мен ЖШС директоры  шындыққа сәйкес келмейтін орындалған жұмыстардың актілерін жасау және оларға қол қою арқылы жымқыруға жәрдемдескен. Күдіктілер 470 млн. теңгеден астам бюджет қаражатын ұрлап, аса ірі мөлшерде мемлекетке залал келтіргені үшін айыпталған. Бұдан басқа сотталушы Т. ЖШС директоры бола тұра, негізсіз жұмсалған бюджет қаражатының заңдылығын беру үшін серіктестіктің шығын бөлігін ұлғайту мақсатында 2019 жылы басқа ЖШС-мен қызметтерді сатып алу, 2020 жылы екінші ЖШС-мен қызметтерді сатып алуды көрсеткен. Осылайша, жеке кәсіпкерлік субъектісі бола отырып, мемлекетке бірнеше рет ірі залал келтіріп, мүліктік пайда алу мақсатында жұмыстарды нақты орындамай, қызметтер көрсетпей, тауарларды тиеп-жөнелтпей шот-фактураны жазып беру әрекеттерін жасағаны үшін айыпталған.

«Қылмыстық іс қозғалған кезде бюджет   қаражаты  бөлінген 4 нысанның құрылысы аяқталмаған. Мемлекеттік сатып алуды, құрылысты, мердігер ұйыммен жасалатын мәмілелерді өткізу жөніндегі барлық шарттар сотпен жарамсыз, жалған немесе өтірік деп танылмаған. Сотталушылар арасындағы қылмыстық сөз байласу сотқа дейінгі тергеу барысында да, сотта да анықталмаған.

Құрылыстың мерзімінде аяқталуына кедергі келтіретін көптеген объективті себептер. Мысалы, тапсырыс берушімен құрылысқа ақшалай қаражат уақытылы бөлінбей, қосымша шарттар жасауға себеп болған. Пандемия жұмыс күшінің болмауына, құрылыс материалдарының қымбаттауына әкеп соққан. Мердігердің өзі ЖСҚ-да көзделмеген қосымша жұмыстарды орындаған. Қосымша жұмыстар құрылыс-экономикалық сараптамалар жүргізу кезінде ескерілмеген. Куәлік еткен мән-жай сотталушылардың жымқыруға немесе жымқыруға жәрдемдесуге тікелей ниеті болмағаны анықталған,  –  деп мәлім етті сот.

Прокурор сотталушыларды бірнеше жыл мерзімге және өмір бойына белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, біріншісіне 10 жыл, одан кейінгілерге 8 жыл, келесіге 7 жыл 6 ай, енді біріне 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған. Ал, сотталушылар және қорғаушылар қылмыс құрамының болмауына байланысты өздерін ақтауды ұсынған.

«Сот Т, К, К, М, О, Н, Ж, С-ны олардың әрекеттерінде өздеріне тағылған қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты барлық эпизод бойынша кінәсіз деп таныды. Сотталушылардың қылмыстық іс жүргізуші органның заңсыз әрекетінен келтірілген қылмыстық қудалау үшін зиянды өтеу құқығын таныды. Азаматтық талап қараусыз қалдырылды. Атырау облысы прокурорының атына бірқатар жеке қаулылар шығарылған. Бірақ,сот үкімі заңды күшіне енген жоқ деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Шенді-шекпенділердің шетелге тыққан авшорлық ақшаларын елге қайтарамыз деп  білек сыбанып күресіп жатқанда «іштен шыққан шұбар жыландардың» қам-қарекеттері, «алдыңғы доңғалақ қайда домаласа, артқы доңғалақ  солай қарай домалайдының керін жасауда.

Есепшілер  бюджеттен  жесе, бұзақылар бопсалап жейді. Жетісу облысында ақша бопсалағандар ұсталды. Бұл торға тоғытылған бұзақылар  төл теңгенің құны жоқ деді ме  аспан асты елі  Қытай мемлекетінің қаржысы юаньмен бопсалапты. Панфилов ауданында кәсіпкерді бопсалған қылмыстық топты Жетісу облысы, полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының жедел қызметкерлері арнайы жасақ жауынгерлері көмегімен ұстаған.  Қылмыстық топтың құрамы үш адамнан құралған.

Біреуі  Алматы қаласының тұрғыны, екіншісі Алматы облысынан, үшіншісі Жетісудан. Олар жәбірленушіден ақша алу кезінде ұсталған.  Қылмыскердің  біреуінен 9 миллиметр калибрлі 13 оқ-дәрісі бар тапанша тәркіленгенін  облыстық ПД өкілі Сарқытбай Құсайынов мәлімдеді. Уақытша ұстау изоляторына тоғытылған  күдіктілер  жергілікті кәсіпкерден 15 мың Қытай юанін (шамамен 990 мың теңге) талап еткен. Білектің күшімен, қиналмай маңдай терлерін төкпей,  кәсіпкерді қорқытып-үркітіп ақша талап еткендерге, ҚР ҚК-нің 194-бабы «Бопсалау» бойынша.тергеу амалдары жүргізілуде.

Ұры-қары қарақшыны былай қойғанда, мемлекеттік қызметкерлердің мемлекет қаржысын  неше түрлі айла тәсілмен жымқыруы  тыйылмай тұр.  Бірі тендрден, енді бірі мемлекеттік мүлік сатып алудан, тағы бірі атқарылмаған жұмысты атқарылды деп  ақша жымқыруда. Осының түп-тамырында ашқарақтық, тойымсыздық  жатқаны айдан анық. Жетісу және  Алматы облыстық сотының берген мәліметіне жүгінсек  Жетісуда  2022  жылы мемлекеттік сатып алу саласындағы даулар бойынша 379 талап-арыз түсіп, 146 іс оң шешімін тауып 101-і қанағаттандырылған.  45-і қанағаттандырудан бас тартылып, 16 іс тоқтатылған.  2023 жылы мемлекеттік сатып алу саласындағы даулар бойынша жыл басынан бүгінгі күнге дейін 315 талап арыз түсіп, 263  іске шешім шығарылған.

Оның ішінде 202 талап қанағаттандырылып, 61 қанағаттандырусыз қалдырылып, 28 іс тоқтатылған. Ал, Алматы облысында 2022 жылы мемлекеттік сатып алу мәселесі бойынша 991 талап арыз түскен. Оның 920 ісі бойынша шешім шығарылған. Соның ішінде 639  іс бойынша талап қанағаттандырылған. 28-нен бас тартылған. Ал, 97-іс өндірістен қысқартылған.2023 жылы мемлекеттік сатып алу мәселесіне орай 178 талап арыз қаралып, оның164-ісі бойынша шешім шығарылған.  Соның ішінде 120 талап арыз қанағаттандырылып, 44-нен бас тартылса, 23-іс өндірістен қысқартылған. Бұл фактілер  сатып алу бойынша сот жүйесі қараған материалдар.  Жылда мұндай заң бұзушылықтардың саны ұлғаймаса азайып жатпағанын көрсеткіштерден көруге болады.

«Ауылда бір апайым бар, ол мененде өткен сорақы» демекші осылардың арасындағы  сорақы қылмыс ол жемқорлықпен шатылғандар. Шырмауықтай шырмалып, бір-бірімен сабақтасып жатқандардың түп-тамырын қиып жіберу мемлекеттің қолынанан де келмей тұр. Қоғам болып күресейік деп жемқорлықты әшкерлегендерге сыйақыда тағайындалды. Бірақ, оның беріп жатқан жемісі шамалы.

Бюджеттің бүйірін тесіп жатқандар, мемлекет қаржысына «бүйідей» тиюде.  Жемқорлық туралы айта-айта ауызымыз аурып, жаза-жаза қолмызда жауыр болды. Алайда, айтпасқа, жазбасқа тағы болмайды. Кесел асқынып барады, оның тамырын басып, емдей қоятын дәруішке мемлекетте, қоғам да зәру. Отыз жыл  бойы күре тамыр мен жұлынға кеулеп  кіріп алған қансоқта іріңді тазалап, тәннен сылып тастауда оңай болып тұрған жоқ, «Асқынған ауруды алтын төсек емдемейді» деген осы ғой.

Айтақын МҰХАМАДИ

Суреттер ғаламтордан алынды


ПІКІР ЖАЗУ