Топырағыңды сүйдім сенің, қоңырөлең, көктемде…

0
697

«Жанарымда бүтін  ғалам,  жүрегімде    жарты әлем,

Өлеңіммен  егіз өмір, сөзбен биік  мәртебем.

Өлеңшөбі  құмарлыққа  сүңгітеді   шайырды:

табиғатта    толғатады…

қара  таста  мәрт  ерен.» 

деп жырлаған қазақтың  аяулы  ақыны  Гүлбақыт  Қасеннің  жер жаннаты Жетісу  өлкесінде  «Қоңырөлең»  атты поэзия  кеші  өтті.  «Janr»  әдеби  клубы  ұйымдастырған  кешке  жиналғандар  поэзия  әлеміне  сапар  шегіп,  ақынның  жырларымен  сусындап  қайтты.

Сахна төрінде оқушылар  ақын өлеңдерін  оқып,   тыңдарман көңілін   керемет   күйге  бөледі.   Бұл  кешті  жаңа  форматта  ұйымдастырған  режиссер Берік Рақымжанұлы. Ақынның өзі айтқандай, режиссер оған тек  бір  өлең  оқуға  ғана рұқсат  берген,  поэзия кешінің өзгешелігі де осы болып тұр. Бұл күні қаламыздағы №17-18 мектептің дарынды  оқушылары  кешке келген  көрермендерді  періште  қалпымен, таза пейілмен  поэзия  нұрына  шомылдырды.

Оймақтай болса да ойлы кештің екінші бөлімінде ақын  өзіне қойылған сауалдарға тұшымды жауаптар қайырды.   Ақын  бастан  өткерген  қызықты  сәттерін  еске  алып,  жас оқырмандарына  тәлімді  тәрбие  болар  естеліктерімен  бөлісті.  Адамгершілік  пен  қарапайымдылықты,  іскерлік  пен  өнерді  қатар  алып  жүрудің  өзіндік  жолдарын  айтқан   Гүлбақыт Қасеннің  жан-жақтылығы  кімді  болса да   тәнті  етері  сөзсіз.

Әдеби кешке арнайы келген ақын  ағалар  Әміре Әрін, Нүсіпбай Әбдірахым, Көксу ауданының әкімі Мәрлен Көлбаев өздерінің жүрекжарды тілектерін арнады.

Поэзия – руханияттың мәйегі  мен маңызы ғой.  Ол алдымен ұлттың абыройына мөр, арманына жол болатын құнды жәдігер. Сондықтан   өлеңді құрметтеу әркімге парыз деп  білемін.  Өлең  жазу  үшін  адам алдымен  өмірдің  жақсы  жақтарын, сәулелі  сәттерін  көре білу керек.  Ал  оны көру  үшін  ақынға  үлкен  парасат, жылы  жүрек керек.  Гүлбақыт  қызымның  поэзиясы  мұздаған  жүректерді  жылытатын,  сірескен  сезімдерді  жібітетін,  қатып  қалған  болмыстарды  теңселтіп, еңсесін  көтеретін  жайнақ поэзия.  Соңғы  кезде  әдебиетімізде  жылауық  өлең  қаптады.  Өмірдің  тек  қараңғы тұстарын  бейнелейтін  поэзияны  оқыған  адам  жан тыныштығын  таба  алмасы  анық.  Гүлбақыт  қызымда да  лирикалық  өлеңдер  бар.  Бірақ  ол  өмірдің  бұралаң жолдарына  қоғамды  кінәламайды.  Ол өзінің табиғатынан  іздейді. Не  көрсем де  өзім кінәлімін,  бәрін  өзім  түзетемін  деп өзін-өзі  қамшылайды.  Өзін-өзі  алдыға  сүйрейді.  Міне,  дәл  осы  қасиеті  үшін  Гүлбақыттың  оқырмандары  оның  өлеңдерін  оқу  барысында  өмірдің  әрбір  сәтінен  сабақ  ала отырып,  алдағы  күннен  үлкен  үміт  күтеді. Гүлбақыттай  өлеңді  сүйетін,  өнерді  сүйетін  ақындарымыз  барда,  қазақ  әдебиеті  өлмейді, өшпейді.  Қазақ  руханияты  одан  әрі  биіктей береді. Қызыма  алдағы  уақытта  тек  сәттілік  тілеймін.  Өнерде  де,  өмірде  де  жолы ақ  болсын,  – деді ақын  Әміре ӘРІН.

Мұнан соң сөз тиегін ағытқан  ағамыз  Нүсіпбай  Әбдірахым   да ақын  қарындасының  ақыл  таразысынан  өткен  өмірлік  түйін  аңғарылып  тұратын,  оқырманның  жүрегіне  жылы тиетін  ойлы өлеңдерін  тұрақты  түрде  оқып,  тіпті  жаттап  та  алатынын  айтты.

Гүлбақыттың  поэзиясымен    жақсы  таныспын.  Себебі  алғашқы  жыр  жинақтарын  қолыма  қарындашымды  алып  отырып  зерттеген  кездерімде  болған.  Одан  бөлек  Гүлбақыттың  жазиралы Жаркент  өңірінде  болған  поэзия  кешінде  оның  өлеңдері  туралы  баяндама  жасаған  едім.  Сол  баяндамаға  дайындалу барысында  Гүлбақыттың   шын  мәнінде  ақын  екеніне  көзім  тағы  бір  мәрте  жетті.  Бүгінде  ол  біртіндеп  өсіп  келеді.  Алғашқы  кітабы  жақсы  болса,  одан кейінгі  жинақтары  одан да  жақсы.  Жетісу  өлкесінен  ақын  қыздар  бар ма  дегенде,  міне  деп  көрсететін  бірден-бір  адам, ол – Гүлбақыт.  Жетістікке  жету  үшін  бір  пайыз  талант  керек  болса,  қалған  тоқсан тоғыз  пайызы  еңбектен  тұрады. Гүлбақыттың  бойында  екі  қасиетте  бар.  Мемлекеттік қызметтің қат-қабат шаруасымен жүрсе  де, бойындағы  өнерін  тұншықтырмады, жастайынан жанына серік еткен қаламынан бас  тартпады.  Жанын  ластамай,  өзінің  пәк  көңілін  сақтап  қалды.  Елімізде  Гүлбақыттай  өнерлі,  еңбекқор  жандар   көп  болса  біз  көшбасшы  елге  айналар  едік,  – деді Нүсіпбай (Ә)   ағамыз.

«Уақыт жылдам,

Әрбір сәтін бағамын…

Өткелдерді артқа  тастап барамын.

Жолаушымын.

…өмір жолда із қалар,

Естелікті жырларымнан табамын», – деген  Гүлбақыт Қасен қара өлеңнің  қасиетін  түсініп,  қолдау білдіре  келген  кеш  қонақтарына  алғысын  білдірді. «Топырағыңды  сүйдім  сенің,         

 Қоңырөлең, көктемде

қара жерге Тәңір ақ қар,                                                                             

құсқанатын  төккенде.

Буынды алып жұпар иіс

ынтық  еткен  өзіңе,

Ақын   қыздың  бұл  бақытын,

О, Жаратқан,  көп  көрме»  деген   өлең  жолдарымен  «Қоңырөлең» атты  әдемі  кештің  нүктесі қойылды.

Гүбақыт Қасеннің ақын құрбысы Сағыныш Намазшамова айтқандай, кештен  көгілдір көктемді, жайнаған жазды, күздің әлі жылуы басылмаған жайдары кезін сезініп қайттық…

 Айдана СМАҒҰЛ


ПІКІР ЖАЗУ