Спорттық нысан бой көтереді

0
422

Талдықорғанда биыл бірнеше спорттық кешен бой көтереді. Осыған орай  облыс  әкімі  Бейбіт  Исабаев  қаладағы  бірқатар   құрылыс  алаңдарын  аралады.

Аймақ басшысы  Талдықорғандағы «Жетісу» волейбол клубының жаттығу базасы мен клуб құрамындағыларға арналған тұрғын үй құрылысының қалай жүріп жатқанын көрді. Айта кетсек, қазір жоғарғы лигада ойнап жүрген «Жетісу» және «Айқаракөз» волейбол командалары жаттығатын спорттық нысан 300 млн теңгеге блокты-модульді конструкциядан тұрғызылмақ. Құрылыс жұмыстарымен «АСК Ауыл құрылысы» ЖШС айналысуда. Мұнда оқу-жаттығуға қажетті барлық жағдайлар қарастырылады. Қазір құрылыс алаңында қазаншұңқыр қазу жұмыстары жүріп жатыр. Ал волейболшыларға арналған тұрғын үй жеке инвестордың есебінен салынуда. Мердігер мекеме «Меридиан М.О.B company» компаниясының учаске бастығы Әсет Беретаевтың айтуынша, мұнда құрылыс жүргізудің бастапқы дайындық жұмыстары біткен, енді ғимараттың іргетасын құя бастайды. Бұл жұмыстарға әзірге 20 адам тартылған, кейін жұмысшылар саны арта түседі.

Шара барысында  облыс әкімі Бейбіт Исабаев өткен жылы күзде Жетісу өңіріне жұмыс сапарымен келгенде Мемлекет басшысы бұқаралық және кәсіби спортты дамыту жөнінде бірқатар тапсырмалар бергенін, сол тапсырма бойынша  атқарылып жатқан  жұмыстар жайлы  атап өтті.

 –  Қазір біз арнайы жер бөліп, жоғарғы лигада ойнап жүрген «Жетісу» мен «Айқаракөз» волейбол командаларына арнайы спорттық алаңдар салып жатырмыз. Енді біздің волейболшыларымыз оқу-жаттығу жиындарының бәрін осы жерде өткізеді. Жеке инвестор өз қаржысына клуб ұжымына тұрғын үй салуда. Болашақта осы спорттық базаның іргесін кеңейтіп, волейбол академиясын құрсақ, спортта талантты жастарымызды өзіміз дайындап өсіруге үлкен мүмкіндік болады. Сол сияқты регбиден, индорхоккейден республикада үздік командалардың қатарындағы біздің спортшыларға қыста жаттығатын жабық кешенді БМК арқылы тұрғызып береміз. Қазір осы құрылыстардың барысын, сапасы мен қарқынын көріп шықтым. Нысандар дер кезінде іске қосылуы тиіс, – деді Б.Исабаев.

Орталық стадионның қосалқы алаңының жаңғырту жұмыстарына да ерекше назар аударған облыс әкімі «СМУ Шығыс» мердігер компаниясының өкілі Мадияр Тобықбаевтан құрылыстың жай-жапсарын сұрап білді. Учаске бастығының айтуынша жобаның құны 1 млрд теңгеден асады екен.

«Осы жобаның аясында қосалқы стадионның жасанды жабыны толық ауыстырылып, көгалдың астына жылу тартылады, көрермендер орындықтары жаңаланады, қабырғасы сыланып, боялып, ретке келтіріледі. Сонымен қатар негізгі стадионға кіре беріс аумақтың жабыны жаңаланып, асфальт пен тас төсемелері, жиектастары ауыстырылады. Ойын алаңының айналасындағы жүгіру алаңының да төсемі жаңартылады. Алаңның үш бөлігіндегі электр желілері ауыстырылып, жаңа бағаналар қойылады. Бұл жұмыстар сәуір айында басталды. Бір сөзбен айтқанда орталық стадион УЕФА стандарттарына сай жаңғыртылады», – деген  «СМУ Шығыс» ЖШС құрылыс алаңының басшысы Мадияр Тобықбаевқа облыс әкімі құрылыс барысындағы, материал таңдаудағы бірқатар кемшіліктерге назар аударып, оларға қатысты өз ұсыныстарын жобаға енгізуді тапсырды.

«АЛАТАУ – АҚПАРАТ»


ПІКІР ЖАЗУ