Өрт қауіпсіздігіне абай болыңыз

0
354

Айтпай келетін қауіптің бірі де бірегейі – от, су және жер сілкінісі. Бұлардың бәрі төтенше жағдайларға жатады. Құдай жамандықтың бетін әрі қылсын десек те, мұндай оқиғалар жылдың төрт мезілінде де болып жатады. Соның бірі – өрт қауіпсіздігі.

Жаз мезгілінде аптап ыстықтан не болмаса абайсыздықтан электр желілерінің тұйықталуынан әрі өрт қауіпсіздігінің алдын алмағандықтан, газ жүйелерін тиімді қолданбауынан, көп қабатты үйлерде газ балондарын қолданудан талай апаттар болды. Әсіресе, күз мезгілі келгенде төтенше жағдайлар департаменті жеке тұрғын үй секторларына жиі бақылау жасауға көшеді. Басты себеп, жылыту маусымы басталғанда жеке тұрғын үйлердің ауласын бақылауға алу, от жағатын пештердің мұржаларындағы құбырды тазалау, қора-қопсымен үй арасындағы қашықтықты бағамдау жұмыстарына бақылау жасалып, үгіт насихат жұмыстары ұдайы жүргізіледі. Бұл жұмыс биыл қыркүйек айының басынан бастау алды. Мәселен, Талдықорған қаласындағы Болашақ ықшам ауданының №12 көп қабатты үйдің барлық тұрғыны мен жалпы халықты тарта отырып көп қабатты тұрғын үйде өрт-тактикалық оқу-жаттығу жұмыстары өткен болатын. Оқу жаттығудың мақсаты: көп қабатты тұрғын үйлерде табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде халықтың сауаттылығын арттыру және практикалық дағдыларға үйрету бағытында өтті. Бұдан бөлек, Талдықорған қаласының М.Ломоносов атындағы №5 орта мектебінің оқушылары үшін «Білім күніне» және халықты оқытуға арналған ақпараттық-насихаттық іс-шаралар аясында «Қауіпсіздік сабағы» тақырыбында акция өткізілді. Сабақтың мақсаты – балалардың патриоттық сезімін ояту, тілсіз жаумен күресу және қауіпсіздік мәдениетін дамытуға бағытталды. Екі шараның да өрт қауіпсіздігіне арналуы тегіннен-тегін емес-ті. Себебі, көп қабатты және жеке тұрғын үйлерде, сондай-ақ білім ошақтарында болған өрттің салдарынан балалар зардап шекпеуі үшін жоспарланған шара білім ошағында болуы заңдылық еді. Төтенше жағдайлар жөніндегі мамандар осы іс-шара барысында өрт немесе ТЖ кезінде «101» және «112» телефон нөмірлеріне жүгіну қажеттігін атап өтті. Алдымен ғимарат ішінде мұғалімдер балаларды қауіпсіз жерге көшіру дағдыларын көрсетіп, құтқарушылармен бірге құтқару және суға батқандарға алғашқы медициналық көмек көрсету элементтері жүргізілді. Оқу-жаттығу барысында, мектепте өрт болған көріністе, өрт сөндірушілер арнайы өрт сөндіру автокөлігімен келіп, оқушыларды өрт-техникалық жабдықтармен таныстырып, өрт сөндіру ережелерін қолдануды және жинауды көрсетті. Ал балалар өз кезегінде өрт сөндірушілердің жауынгерлік киімдері мен құтқарушылар көмекке келетін құралдарға қызығушылық танытты. Қай салада болмасын қауіпсіздікті қамтамасыз ететін, ТЖМ өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуде, білім беру мекемелерінде болуы жас түлектерді отпен ойнаудың қатерлі екенін, төтенше жағдай бола қалғанда қандай әрекеттерге баруларын практикалық үлгіде көрсетті. Өрт дабылы іске қосылғанда, өрт туралы сөйлесу ескертуі қосылғаннан кейін эвакуация басталғанда, персоналдың сүйемелдеуімен балалар үй-жайдан қосалқы шығу жолымен ұйымдасқан түрде орындады. «Оқу-жаттығу барысында мұғалімдер мен оқушылар белгіленген уақытта, өрт болған жағдайда ғимараттан ұйымдасқан түрде және дүрбелеңсіз кете алатындығын дәлелдеді», — дейді Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз өкілдері. Тамыз айының бел ортасынан қысқы қам-қарекетке орай «Жетісу облысының аумағында 2023-2024 жылдардағы жылыту кезеңінде тұрғын үй секторында өрт профилактикасы іс-шараларының жоспары» бекітіліп, төтеншеліктер 15 тамыздан-15 қыркүйекке дейін Жетісу облысының аумағында азаматтардың жеке қауіпсіздігі мәдениетін арттыруға бағытталған «Тұрғын үй секторындағы өрт қауіпсіздігі айлығы» өткізген-ді. Жылма-жыл, ЖАО, полиция және еріктілер ұйымдары өкілдерінің қатысуымен профилактикалық рейдтер жүйелі түрде жүргізілуде. Олардың нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтар туралы ақпарат жылыту пештерін жөндеу, электр сымдарын ауыстыру, газ және түтін датчиктерін сатып алу және т.б. бойынша көмек көрсету үшін жергілікті атқарушы және басқа да мүдделі органдарға жіберіледі. Облыс бойынша практикалық жұмыстар мен әлеуметтік осал топтардың үйлері 100 пайыз қамтылды. Қазіргі таңда 200 датчик сатып алынып, 140-тан астам түтін мен көміртегі тотығы орнатылды. Жылыту кезеңінде өрттің адамдардың қаза болуы мен жарақаттануының алдын алу жөніндегі профилактикалық іс-шаралар жалғасуда және тұрақты бақылауда болады, — деп журналистермен брифинг өткізген Сергей Афанасьевич азаматтарды жылу беру кезеңінде барлық қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырды. Құдайда, «сақтанғанды сақтайды» — демекші, жеке тұрғын үйде тұратын тұрғындар, жылыту маусымы кезінде, отты бірден жақпай, әуелі мұржаларды күйеден тазалап, жылыту маусымы кезінде кемінде үш айда бір рет тазалап тұрғандары өздеріне абзал. Пештің жанатын еденінде от жағу есігінің алдына кемінде 50х70 см от жағуда абай болу, шатырларда түтін құбырлары мен қабырғалары, түтін арналары өтетін жерлерді сылап, әктелуі шарт. Зақымданған, жарылған, ақаулы пеш есіктері және т.б. бар жылыту жүйесін пайдалануға тыйым салынады. Сондай-ақ, жанғыш заттарды, материалдарды, бұйымдар мен жабдықтарды пештердің от жағу тесіктерінен 1,25 м-ден кем және пештердің қалған қыздырылған бөліктеріне дейін 0,7 м-ден кем қашықтықта орналастырмауға тиіс. Жану үшін дайындалған отынды, сондай-ақ басқа да жанғыш заттар мен материалдарды от жағатын пешке жақын орналастырмау керектігін төтенше жағдай қызметкерлері ұдайы айтып келеді. Тілсіз жау өрт туралы, тек жылыту маусымы кезінде ғана қамданып қалған уақытта жайбарақат қарауға болмайды. Жылдың төрт мезгілінде де, отты адам баласы тұтынады. Ал одан келіп жатқан зардапта аз емес. Мәселен, Жетісу облысында 2022-2023 жылы өңірде болған өрт оқиғаларына тоқталсақ, алдыңғы жылы Алакөл ауданындағы Достық станциясы маңында құрғақ шөп пен бұталар отқа оранды.
Оқиға орнына дереу жеткен төтенше жағдайлар қызметкерлері келгенде, мемлекеттік ұлттық табиғи паркі «Кендір сақал» орман шаруашылығындағы шыққан өрттің жалпы ауданы 60 гектарға жеткені анықталған. «Өрттің қылқан жапырақты орманға таралу қаупі бары айтылып, дала өртін сөндіру бойынша ынтымақтастық жоспарына сәйкес облыс департаментіне Алакөл орман шаруашылығының, жергілікті атқарушы органдардың күштері мен құралдары және ҚР ҰҚК шекара қызметінің әскери қызметкерлері тартылған болатын. Оған Талдықорған қаласының төтенше жағдайлар департаментінің қосымша жеке құрамы – 45 қызметкер мен 5 техника жіберілді. Өрт ошағына дейінгі қашықтық 490 шақырымды құрағанын сол кезде облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз өкілдері ақпарат жариялаған-ды. Ал, 2023 жылы Жетісу облысында өрттен екі адам қаза тапты. Бұл өрт Қаратал ауданы, Үштөбе қаласындағы жеке тұрғын үйлердің бірінде болған. Өрттің шығу себебі, қатты отынмен жұмыс істейтін пештің бұзылуынан орын алған. «Төрт бөлмелі жеке тұрғын үй қатты отынмен жылытылады. Өрт дәліз бен шатырдың бір бөлігін шарпыған. Бұл отбасы халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары тізіміне енбеген, жоғарыда аталған мекенжайдағы үйге көмірқышқыл газын анықтау құрылғысы орнатылмаған», – деп хабарлады облыстық төтенше жағдайлар департаменті. Өңірде өрт қауіпі жоғары кезең басталғалы 70 дала және 4 орман өрті тіркелген. Талдықорған қаласының аумағында үш ай ішінде жалпы ауданы 19 га құрғақ шөптің жануы орын алған. Тілсіз жаумен күресуде оңай емес-ті. Жалпы республика бойынша жыл басынан бері 229 адам өрттен ажал құшқан. Республика бойынша 10-мыңнан астам өрт болғанын, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары Марғұлан Аманбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында айтқан болатын.
 

А. БҰЛҒАҚОВ


ПІКІР ЖАЗУ