Әруақтардың атына ақша аударған жемқорлар

0
316

Ел экономикасын кері тартып, өркендетпей өшіріп отырған, жемқорлық дертін түп-тамырымен жойып жіберу еш мемлекеттің қолынан келмей отыр. Тіпті азуы алты қарыс алпауыт АҚШ-пен жемқорларды түрмеге тоғытпай, атып тастаған, аспан асты елі, Қытай мемлекеті де жемқорлықты жоя алмауда.

Ал Қазақстанда жең ұшынан жалғасқан сыбайластық дейтін жегі құрт жоғарғы эшелоннан бастап жергілікті билік, одан да төмен сатыда тұратын, білім және денсаулық салаларында асқынып тұр. Асқынғаны сондай, бюджет қаражатын миллиондап емес, миллиардтап жымқыру үрдіске айналды. Оны білім саласындағы бухгалтерлер қылмысынан көруге болады. 2020 жылдан бастап әлемде коронавирус індеті өршіп, адамзат баласын қынадай қырып, қызмет орталықтарының барлығы онлайн режиміне көшкенде оқушыларды үйден оқытуға мемлекет миллиондап қаржы бөліп, ноутбук алып, оны балаларға тарату білім басқармаларына міндеттелді. «Біреу тойға айналғанда, біреу қойға айналыпты» демекші, ел қырылып жатқанда «жұмыртқадан жүн қырыққан» дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ететін медициналық мекемелер мен білім саласының жоғары лауазымды басшылары бірі қоймадағы бар дәріні жоққа шығарып, жең ұшынан жалғасып, бағасын аспандатып сатса, білім жүйесіндегі басшылар департаменттен бастап, аудандық, қалалық, бөлім басшылары оқушыларға тиесілі ноутбуктарды қаржы көзіне айналдырғаны әшкереленді. Бұл қылмыстардың жолын, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мекемесінің полициялары кесті. Жоғары лауазымды қызметке отырғанына небәрі алты ай ғана болған Алматы облысының білім басшысы болған (М. О.) омақа аса құлады. Жемқорлық қылмысы онымен де тоқтаған жоқ, былық пен шылықтың көкесі білім саласындағы бухгалтериядан шықты. Миллиардтап ақша жымқырыпты деп, жәшік-жәшік ақшамен қашып бара жатқан бухгалтер ұсталғанын көгілдір экраннан көрген ел-жұрт жағасын ұстады. Бұдан кейін республиканың барлық аймағында білім жүйелерін сүзгіден өткізу басталды.

Қуырдақтың көкесін сонда көрдік. Білім саласында былғанбаған бухгалтерлер қалмапты. Тіпті мектеп директорлары сыбайлас болыпты. Бұл қылмыс әлі күнге әшкереленіп келеді. Алматы облысының білім саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің қызметкерлері 609 миллион теңгені алаяқтық жолмен иемденген күдіктілерді анықтаған. Алаяқтық әрекеттерге есепшілер мен мектеп мұғалімдері барыпты. Енді мектеп директоры мен бухгалтерлер командасына қатардағы мұғалімдер қосылыпты. Олар көз жұмған 13 адамның атына қаражат аудару арқылы 609 миллион теңге алған. Әрбір факті бойынша қылмыстық іс қозғалды дейді Алматы облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің қызметкерлері. Сұмдық қой бұл. Құдайдан қорықпағандар әлдеқашан өліп қалған әруақтардың атынан ақша алып отырғанын қалай ақтап алуға болады?! «Бухгалтерлердің мұғалімдермен алдын ала сөз байласу арқылы жалақыны көбейту бойынша 4 фактісі анықталған. Мұндай заң бұзушылықтардың жалпы сомасы 81 миллион теңгені құрайды. Бүгінгі күні бір факті бойынша есепші мен 4 мұғалім 3 жылдан 6 жылға дейін қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Келтірілген 62 миллион теңге залал толығымен өтелді», – дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес басқармасының басшысы Серік Орымбетов. Сондай-ақ тағы бір қызметкерге қатысты үкім шығарылған. Ол алты жылға бас бостандығынан айырылып, 81 миллион теңге көлеміндегі шығынды өтеген. Көрде жатқан әруақтарды да тыныш жатқызбайтын болыппыз. Тәлім мен тәрбиенің қайнар көзі – білім саласы былығып жатқан соң, өзгелерден не қайыр күтуге болады.
Соңғы жылдары білім ошағындағы қылымыстар өршіп барады. Жемқорлықтан бөлек, мектеп қабырғасындағы атыс-шабыс, ұлдар мен қыздардың төбелесі, суицид, кәмелетке толмай жатып құрсақ көтерген, зорлық-зомбылық оқиғалары жан түршіктіреді. Енді оған алаяқтықпен айналысып жүрген білім басшылары мен бухгалтерлер мен мұғалімдер қосылды. Мұғалімдердің жаманы аты жер жарып тұрса, мектепте бұзақылық жасап жүрген жас түлектердің кімнен тәрбие алып жатқанын пайымдай беріңіз. Өздерінің қолы мен ары таза болмаған басшылар мен мұғалімдер, шәкірттеріне «тәртіпті бұзбаңдар» деп қалай айтады. Өздері заңды бұзып, алаяқтықпен айналысып, ақша жымқырып жүрсе. Көрдегі әруақтардың атын жамылып, оларды тірелер қатарына қосып, бюджет қаржысын қалтасына басқандар, тірілерді де аямапты. Атырау облысында мүмкіндігі шектеулі тұлғалардың құқықтары бұзылғанын облыстық прокуратура органдары анықтаған. Прокурорлар мүмкіндігі шектеулі жандардың құқықтары бұзылған 100-ден астам фактіні әшкерелеген. Атап айтқанда, «Прокурорлық қадағалау шараларымен Атырау қаласы мәслихатының шешіміне өзгерістер енгізіліп, мүгедек балаларды үйде оқытқаны үшін төлем 2,4 АЕК-тен 5 АЕК-ке дейін көтерілді. Мүгедектігі бар үш адамның жұмыс уақытының ұзақтығы қысқартылды, оларға қосымша демалыс күндері қамтамасыз етілді», – делінген хабарламада. Сондай-ақ жеке көмекшілердің қызметіне тиісті бақылау жүргізілмеген. «Жеке көмекшілердің 69-ы басқа ұйымдарда жұмыс істеген және қайтыс болған 30 тұлғаға бюджет қаражаты заңсыз аударылған. Мұнымен қоса мүгедектердің қолжетімділігі бойынша талаптарға сәйкес келмейтін әлеуметтік объектілер анықталды», – дейді ведомстводағылар. Мұнда да қайтыс болған марқұмдарға бюджет қаражатын аударып отырған. Демек, мұндай қылмыстар республика бойынша етек алған деуге толық негіз бар. Барлық білім басшысы мен мұғалімдерге топырақ шашудан аулақпыз. «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» демекші, осындай алаяқтардың кесірі барлық мұғалім мен мектеп басшыларына тиіп тұрған жоқ па? «Алтын шыққан жерді белден қазғандай» құқық қорғау органдары қазір білім саласын шыр айналдырып тексеріп жатыр. «Жалған диплом», «Жалған сертификат» сатып алып, сабақ берген ұстаздар әшкереленуде. Білім саласын май шелпекке айналдырып алғандар бірінен кейін бірі торға түскен балықтай шоршып жатыр. «Беттің арын белге түйгендердің екі беттері бірдей қара дақ болып тұр. Беттің кірі жусаң кетеді, ал ардың кірін қайтып кетіресің. Жемқорлық деген жегі құрттың жұлынға кіріп алғаны сондай, тамыр-тамырға жұмыртқалап, жайылып барады. Жүз жерден жарнама жасап, сыбайлас жемқорлыққа қарсы департамент қызметкерлері түрлі лекциялар оқып, мемлекеттік барлық қызметкермен түрлі дәрістер өткізіп, мониторингтер жүргізіп келеді. Алайда, одан сабақ алып жатқан бюджеттік қызметкерлер некен саяқ. Ірі көлемде ашқа жымқыру, кешелі бүгін ғана болып жатқан қылмыстар емес. Зерделеп зейін қойып қарасаңыз, мектептегі есепшілер бұл қылмыспен әріректе айналысқанын байқайсыз. Мәселен, Абай облысында 2019 жылы ірі көлемде ақша жымқырған мектеп бухгалтері сотталған. 41 жастағы есепші әйел 3 жылдан бері өзі қызмет ететін Айнабұлақ жалпы негізгі білім беретін мектептің ақшасын жымқырып келген. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады. Лауазымын асыра пайдаланған есепші, 2016 жылдың қаңтар айынан 2018 жылдың қыркүйек айы аралығында мектеп қажеттілі үшін мемлекеттен бөлінген қаржыны өзінің жеке бас пайдасына жаратқан. Атап айтқанда бухгалтерлік құжаттарға екінші қол қою құқығын пайдалана отырып, Айнабұлақ жалпы негізгі білім беретін мектебінің жалпы сомасы 1 788 779 теңге қаржысын өз есебіне аударып алған. Қылмыстық істі қараған Семей қаласының №2 соты есепшіні сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу бабы бойынша кінәлі деп таныған. Сот шешімімен есепшінің бас бостандығы 3 жыл 6 айға шектелді. «Сот айыпкерді Қазақстан Республикасы ҚК-нің 189-бабы 3-бөлігінің 2-тармағы бойынша кінәлі деп танып, оған осы бап бойынша Қазақстан Республикасы ҚК-нің 55-бабы 4-тармағын қолданып, 3 жыл 6 ай бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Ол енді мемлекеттік қызметте, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, Ұлттық банкте, мемлекеттік ұйымдарда жұмыс істей алмайды», – деді қалалық №2 соттың баспасөз қызметі. Білім саласындағы жемқорлықтың асқынғаны сондай, мектеп басшылары, мұғалімдер, бухгалтерлер заңнан именуді қойған. Осыдан кейін мектепте, коледжде білім алып жатқан жас түлектерге қандай талап қоя аламыз. Себебі жоғарыда аты аталған Алматы, Атырау, Абай және Жетісу облыстарындағы білім жүйесі жемқорлықтың шырмауында тұр. Тек осы аты аталған облыстар емес республиканың барлық аймағындағы білім ошақтарында жемқорлыққа жол берілген. Ал, балалар білім алып жатқан Алматы облысына қарасты Қаражота ауылындағы 200 балаға арналған мектептің партасы әлі күнге жаңартылмаған. Сонау Сталин заманындағы тоқсан жыл қызмет еткен, тозығы жеткен, сырлай-сырлай ағашы жұқарып кеткен партада балалар әлі отыр. Мектептің іргетасы 1931 жылы қаланған, сол жылы пайдалануға берілген. Күні бүгінге дейін күрделі жөндеу көрмеген мектептен 16 түлек бітірген. Солардың 11-і жоғарғы оқу орнына грантпен түсіпті. Тура осы ауылдың атынан Қазақстан Республикасы Мәжілісіне Ардақ Назаров депутат болып сайланыпты. Қысыр сиырдың уызына қарық қылған әкімдердің уәдесіне тойып болған ауыл халқы енді бар үмітті депутат Ардақ Назаровтан күтіп отыр. Балаларын ескі мектепте оқытып есі шыққан жұрт олардың ертеңгі тағдырына алаңдайды. Мектепті және партаны жаңартуға қаржы жоқ, ал мұғалімдер мен сыбайласқан бухгалтер бюджет қаражатын қалтаға басып жүр…

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ