«ТАРЛАН» БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ
Жетісу облысында алғашқылардың бірі болып ашылған «Мейірім» шығармашылық орталығы бүгінде 200-ден аса баланы түрлі өнерге баулып келеді.
Гүлмира Қуанышқызының басқаруымен жұмыс істеп келетін орталық төрт бағыт бойынша жұмыс істеуде. «Сурет», «Тоқыма», «Мүсіндеу», «Вокал», «Шешендік өнер», «Көркемсөз оқу», «Домбыра» үйірмесі бойынша балаларға тәлім беріп келетін орталықтың ұстаздары да өз ісін сүйетін нағыз мамандар.
Осы уақыт ішінде шығармашылық орталықтың ұйымдастыруымен бірнеше байқау өткізілді. Солардың бірі 1-25 ақпан аралығында онлайн түрде өткен «Тарлан» атты қалалық жас өнерпаздар арасындағы өнер байқауы.
«Тарлан» байқауының «Көркем сөз», «Қолөнер» номинациялары бойынша жеңімпаз атанған жас өнерпаздар 8 наурыз мерекесі қарсаңында арнайы марапатталды. Барлық жүлдегерге алғыс хат пен арнайы сыйлықтар табыс етілді.
Шара барысында сөз алған орталық директоры Гүлмира Қуанышқызы байқауда жеңімпаз атанған өрендерді жеңістерімен және мерекемен құттықтап, жылы лебізін жеткізді. Сонымен қатар байқудың өтуіне демеушілік көрсеткен Respublica партиясының Жетісу облыстық филиалының төрағасы Ришат Асқарбекұлына, ҚР орталық музейіне, Ә.Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейіне және де Janr әдеби клубының мүшесі, ақын Азамат Нұрмұханға шынайы алғысын білдірді.
С. ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ.