ТАЛДЫҚОРҒАНДА 15 АПАТТЫ ҮЙ, 93 ПӘТЕР БАР

0
272

Жетісу облысының орталығы Талдықорған қаласы жылдан-жылға гүлденіп, ажарлана түсуде. Алматы облысы қайта бөлінгенде еншісін алып, өз алдына жаңа есіммен Жетісу облысы болып құрылғанда көптің көңілінде Талдықорғанның енді қарқынды дамып кетуі екіталай десіп, тон пішкендер де болған. Алайда, көркіне көрік қосып, облыстың экономикасы республикада алдыңғы қатарларға шыққанда таңданыспен қарағандар да болды.

«Көз қорқақ, қол батыр» демекші, облыс әкімі Бейбіт Өксікбайұлы Исабаев аграрлық салаға қолдан келер бар мүмкіндікті жасауда. Бұл өз алдына бөлек әңгіме. Қай дәуірде болмасын құрылыс саласы аса ұқыптылықты әрі заманауи үлгіні талап етеді. Соның жарқын айғағы облыс орталығы Талдықорған қаласына да ерекше көңіл бөлінуде.
Сәулетті, салтанатты сарайлар мен көрсең көздің жауын алатын көпқабатты тұрғын үйлер көптеп салынуда. Бұрын қаладағы шағын аудан сегіз болса, енді тоғызыншы шағын ауданда көпқабатты тұрғын үйлер мен 1600 бала оқитын үлкен мектеп осы бір жылда пайдалануға берілген. Жастар-1, Жастар-2, Ынтымақ шағын аудандары да жылдан-жылға ұлғайып жер телімін алғандар жеке тұрғын үйлерін салуда. Онда коммуникациялық жүйелердің бәрі талапқа сай тартылған. Бүгінгі таңда 1980-1990 жылдары салынған тұрғын үйлерге күрделі жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді. Талдықорған қаласында барлығы 852 көпқабатты тұрғын үйлер бар болса, соның 203 көпқабатты тұрғын үйдің шатырларына жөндеу жұмыстарын жүргізу күн тәртібінде тұр. Биылғы жылдың еншісінде 30 көпқабатты тұрғын үйдің шатырларына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Кезең-кезеңімен жүзеге асып жатқан құрылыс саласы бүгінде алдыңғы қатарға шығып тұр. Осы бағытта қала әкімдігі Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын жасаған болатын. Осы бағыт бойынша Жаңғырту бағдарламасы аясында 20 көпқабатты тұрғын үйдің шатырына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Ол жүзеге асырылуда. Қаладағы көпқабатты тұрғын үйлердің көбі жекешеленгендіктен меншік иелеріне қойылатын талап та жоғары.
Қазақстан республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 32 бабына сәйкес, пәтерлердің меншік иелері кондоминиум объектісінің ортақ мүлкіне ағымдағы және күрделі жөндеу жүргізуді қоса алғанда, кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп ұстау және оның қауіпсіз пайдаланылуын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы пәтер иелерінің кооперативі арқылы тұрғындарға түсіндіру жұмыстары кеңінен жүргізілуде. Ескі үйлерде тұрып жатқан тұрғындар баспаналарының шатырларының тозуына, коммуникациялық жүйлердің ескіруіне немесе апаттық жағдайға байланысты көбіне жергілікті билікке арыз шағымдарын жолдап жатады. «Бұл туралы да ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 10-3 бабына сәйкес, жергілікті атқарушы орган жергілікті бюджет қаражаты есебінен пайдаланудағы көп пәтерлі тұрғын үйлерге (кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін айқындай отырып) мемлекеттік техникалық зерттеп-қарау жүргізуді қамтамасыз етеді. Жергілікті атқарушы орган жүргізілген түгендеу жұмыстарына немесе тұрғындардың арызы негізінде техникалық зерттеуді талап ететін тұрғын үйлердің тізімін айқындап, мемлекеттік сатып алу порталы арқылы техникалық зерттеу жұмыстарын жүргізетін аттестациялық ұйымды айқындайды. Техникалық зерттеу тұрғын үйлердің күрделі жөндеуді талап ететінін немесе апаттық жағдайда екендігін анықтайды. Тұрғын үй апаттық деп танылған жағдайда, Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес, Реновация бағдарламасына енгізілетін болады» — дейді қала әкімдігі.
Бұл бағыттағы жұмыстар бойынша Талдықорған қаласында 19 апатты үй, яғни 125 пәтерлер Реновация бағдарламасына енгізілген. Апатты үйлердің меншік иелеріне пәтер сатып алу үшін «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» мемлекеттік бағдарламасының негізінде әзірленген «Талдықорған қаласының тұрғын үй қорын 2022-2025 жылдарға арналған реновациялау бағдарламасы» бекітілгенін айтуда. Мәселен 2022 жылы Кивилев көшесі, №1, 2, 3, 4 үйлердің тұрғындарына 32 пәтер сатып алынып, толықтай тұрғын үймен қамтамасыз етілген. Бүгінгі таңда Талдықорған қаласында 15 апатты үй, 93 пәтер барын айтқан қала әкімі Ернат Бәзіл. Бұл бюджетке үлкен жүктеме болмас үшін қала әлеуетті инвесторлар есебінен тұрғындарды көшіру мәселесін пысықтадық дейді. «Бүгінгі таңда Шевченко көшесіндегі 1 үй (барлығы 8 пәтер) бойынша инвестициялық келісім туралы шарт жасалған. Шевченко көшесі, №133 үйдің тұрғындары ағымдағы жылдың тамыз айына дейін жаңа пәтерлерге көшірілетін болады», – деген қала әкімі Ернат Бәзіл қаладағы Абылайхан көшесі, №361 үйдің иелері (барлығы 6 пәтер) реновация бағдарламасына қатысудан бас тартқанын айтты.
13 апаттық үйдің (79 пәтер) иелерін көшіру 2023 жылы басталған. Сол жылы 32 пәтер сатып алынғанын, қалған 47 пәтер 2024 жылдың 2-тоқсанында бюджет қаражаты есебінен қайталама тұрғын үй пәтерлерін сатып алу тәсілімен жүзеге асырылатын болады деді. Бір ғажабы 47 меншік иесінің тек 30-ында құқық белгілейтін құжаттар бар болса, қалған 17 пәтер бойынша құқық белгілейтін құжаттар жоқ болып шыққан. Апатты үй тұрғындарына 24 + 8 пәтер, жергілікті бюджеттен 491,6 млн. теңге қаражат жұмсалды. Апаттық үйлерді пәтерлермен қамтамасыз ету мақсатында 560,0 млн. теңге кетеді, бүгінгі күні бюджеттік өтінім берілді дейді Ернат Бәзіл. Тозығы жеткен, әрі апатты жағдайдағы тұрғын үйлер біртіндеп ысырылып, тұрғындар жаңа пәтерлермен қамтамасыз етілуде.

А. БҰЛҒАҚОВ.


ПІКІР ЖАЗУ