КӨМІР БАҒАСЫ КӨҢІЛ КӨНШІТПЕЙДІ

0
801

Табиғатты сары түске бояп, қоңыр күз келді. Күзгі науқан басталды. Шаруа біткен егінге орақ салып, ала жаздай бел шешпей күтіп-баптаған дақылын төкпей-шашпай жинап алуға, ауа райының ашықтығын пайдаланып, қарбалас тірілкке көшті.

Жаз жайлаудан күзекке малын түсірген шопан қауым, күні-түні төрт түліктің егіс алқабына түсіп кетпеуін қадағалап, жайылым жердің кеңейуін күтіп, қыс-қыстаудың қам-қарекетін жасауда. Көгілдір отынға қолы жетпеген шалғай аудандағы тұрғындар да қатты отынды күн жылыда қоймасына тасып алуға ұмтылуда.
Биылғы қыстың қалай боларын болжаушылар әртүрлі айтып жүр. Өткен жылы Жетісу өңірі үшін қыс қолайы болғанымен, Батыс және Солтүстік өңірлер үшін қауіп-қатерлі болды. Қар қалың түсті, оның аяғы көктемдегі су тасқынына ұласты. Үйсіз-күйсіз қалғандарға баспана салынды. Алайда «Күз келді, киіз үйде отырмыз салып жатқан баспананың он екіде бір сайлысы жоқ» деген ақтөбелік тұрғындардың жан айқайы көгілдір экраннан берілген еді. Құрылыс жұмысы тоқтап қалғанын жергілікті атқамінерлер де мойындап, «қайта жандандырамыз қыркүйектің аяғында шулаған жұрт баспаналы болады» деп басу айтты. Қара беріштеніп қалған жараның ауызын қайта тырнап қанату біздің қаперімізде жоқ. Тек жергілікті әкім қаралар өткен жылдан сабақ алып, алдағы қысқа етек-жеңдерін жинап, сақадай-сай отырса деген ақжарма тілек ғана. Қыркүйек айы басталысымен Қазгидромет елдің Солтүстік-Батысы мен Солтүстігінде қатты жаңбыр жауады. Қазақстанның үстіндегі атмосферадағы синоптикалық жағдай оңтүстік циклонмен байланысты болады. Сонымен қатар найзағайлы, жаңбырлы болады. Бұршақ, дауыл және желдің күшеюі де күтіледі. Ауа райы Қазақстанның солтүстүгінде және орталығында+18+28 градусқа дейін, шығыста +20+35 – градусқа төмендей бастайды. Оңтүстік шығыста+13+33 градусқа дейін ал, елдің батысы мен солтүстік-батысында күрт өзгерістер болмайды деген болжамдар айтуда. Демек, күз айында күпі киетін түріміз бар. «Қамданған қапы қалайды» дегенді қаперден шығаруға болмайды. Жер қара күн жылыда отын суды қамдап алған жөн.
Жетісу облысында сегіз аудан, екі қала бар. Ақсу, Сарқан, Алакөл, Панфилов, Кербұлақ ауданының Қоғалы елді мекеніне газ құбыры әлі толық тартылмағандықтан ауыл тұрғындары қатты отынға тәуелді. Облыс орталығына жақын Қаратал, Ескелді, Көксу және Талдықорған қаласының өзінде аулаларына дейін тартылған газ құбырына қосылмай қатты отын тұтынып отырған тұрғындар бар. Газға қосылуға қаражат тапшылығын көлденең тартқандар күз келгенде қатты отын сатып алуға мәжбүр. Осы орайда біз Жетісу облысы Энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы А. Бекетаевқа және Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзілге «Биыл қысқа қанша тонна қатты отын қажеттігін және көмір бағасының құнына қатысты сауал қойып, арнайы хат жолдағанбыз.
Энергетика және ТҮКШ басқармасы берген мәліметке көз жүгіртсек, алдағы 2024-2025 жж. жылыту маусымына дайындық шараларын жүргізу аясында облыс халқы үшін қатты отынның қажеттілігі 428,5 мың тоннаны құрайды. Оның «Қаражыра» кен орнынан – 210,3; «Шұбаркөл» кен орнынан – 218,2 тонна көмір қажет екен.
Жер қара күн жылыда көмір сатып алушылар 77 мың тонна немесе 18 пайыз көмірлерін түсіріп алған. Ал көмір

қоймаларының алдында әлі харбалас бастала қоймағанын сатылған 77 мың тонадан ағаруға болады. Әліптің артын бағып жүргендер жайбасарлыққа салынып қапы қалып жүрмес үшін, қазірден қам-қарекет жасауы керек.
Облысқа тәулігіне орташа есеппен 15 вагон, 1035 тонна көмір келуде. Көмір қабылдайтын облыс бойынша 35 көмір тұйығы мен қоймалары (30 т/ж тұйығы мен 5 қойма) жұмыс жасауда. Бүгінде тұйықтар мен қоймаларда 29,8 мың тонна көмір бар (Шұбаркөл» — 16,100, Қаражыра — 13,700). Көмірдің орташа бағасы 18 600-20 000 теңгенің аралығында («Шұбаркөл» — 20 000, «Қаражыра» – 18 600). Темір жол қатынасы жоқ аудандарда жеткізу қызметін қосқанда баға 25 000-28 000 теңгені құрайды (Ақсу және Сарқан аудандарында). Өңірдегі шалғай аудандардың қатарына Панфилов және Алакөл ауданы жатады. Мәселен, Панфилов ауданының тұрғындары үшін қатты отынның қажетті мөлшері 52,2 мың тоннаны құрайды. Бүгінгі таңда 20924 тонна көмір жеткізілген. Тапсырыс берген көлемнен алынғаны 40%; аудан аумағында «Алтынкөл және Құндызды» станцияларындағы темір жол тұйықтарында көмірдің (шұбаркөл) тоннасы 20 350-20 400 теңгеден сатылуда. Аудан тұрғындары жылыту маусымы кезеңіне дайындықты күшейтуге және ауа райының қолайлы сәтінде қатты отынды сатып алу қажеттігі жайлы үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп, тиісті хабарламалар әлеуметтік желілерде және қала округ әкімдері аппараты арқылы әрбір елді мекендерде жұмыстар жүргізілуде екен.
2024-2025 жылға білім беру нысандарына – 2815 тонна, денсаулық сақтау саласына – 436 тонна, мәдениет, кітапхана нысандарына – 174, 60 тонна,
№2 БЖСМ Алты үй – 160 тонна, Панфилов су құбыры – 360 тонна қатты отынмен толық қамтамасыз етілді. Сонымен қатар 2024-2025 жылғы жылыту маусымына дайындық бойынша ауданның әлеуметтік нысандардың жылыту маусымына 2 110 604 литр сұйық отынға келісім-шарт жасалып, 70 пайызы (1 486 148 литр) тиісті мекемелерге жеткізілген. Ал сұйық отынмен жылынатын нысандар бойынша білім беру нысандары 1 479 158 литртің 1 035 410 сұйық отынымен яғни 70% ; денсаулық сақтау нысандарына қажетті 463 000 литрдің 165 600 литрі, (35 пайыз); мәдениет нысандары 107 638; №1 ДЮСШ Жаркент 31 370 литр, Оңалту орталығы КММ (Мерей) 55 000 литр, Панфилов су құбыры 951 356 литрге толыққанды келісім-шарт жасалып, 91 400 сұйық отынмен қамтамасыз етілгенін айтуда.
Көмір бағасына қатысты «Қорғас» шекарасына жақын Алмалы ауылында көмірді жеке тасымалдап жеткізушілер тоннасын 27000 теңгеден әкеліп жатқанын айтады ауыл тұрғыны Болат атты азамат. «Үйім үлкен былтыр өзім машина жалдап барып тонасын 15 600-ден жеті тонна түсіріп алғам, үйге жеткізу бағасын қосқанда 25 000 теңгеге барған. Биыл он тона жағатын шығармын келін жас босанды. Көмірдің тоннасын 18600-ден есептесеңіз 180-200 000-дай қаражат шығады», – дейді ол.
Сарыбел ауылының тұрғыны да «Қаражыра» көмірімен «Шұбаркөлді «араластырып 4-тонна алғанын айтады. «Қазіргі таңда жеке тасымалдаушылар ауылға көмірдің қаражырасын 28000-нан әкелуде. Әрине қымбат. Былтыр аудан орталығындағы қоймадан машина жалдап алып келгем. Үйге жеткізген бағасын қосқанда 25-26 мыңнан айналды», – дейді.
Биыл да баға 18 600-20 000 теңгенің үстінде. Баға аспандамаса түспейтіні аян. Амал жоқ, қарапайым шаруалар үшін қалтаға салмақ түсетіні рас.
Шалғайдағы ауданның тағы бірі – Алакөл ауданы бойынша өткен 2023 жылы әлеуметтік нысандарға – 2028 тонна көмір толықтай игерілген. Жеке сектордағы тұрғындарға жоспар бойынша 70696 тонна көмірдің нақты игерілгені 76350 тонна болса, Үшарал қаласындағы орталық жылу қазандығына – 24156 тонна көмір толықтай жағылған. Ал биылғы 2024-2025 жылғы қыстық маусымға, әлеуметтік нысандарға – 2028 тонна қажет болса, бүгінде оның 90 пайызы қамтылған. Ал жеке сектордағы тұрғындарға былтырғы жоспарға сәйкес 70696 тонна қажет, бүгінгі күнде оның 35 пайызы қамтылып, Үшарал қаласындағы орталық жылу қазандығына – 3522 тоннаның 42,6 пайызы жеткізіліпті.
«Қазаншының өз еркі қайдан құлақ шығарса» дегендей, аудан орталығынан қырық шақырым Қабанбайда «Қаражыра» көмірінің бір тонасы 24000 теңге болса, Бескөл ауылында көмірдің тонасы 18 600-20000 теңге көлемінде. Қаражыра көмірінің бағасы 24000 болғанда, Шұбаркөл көмірін одан қымбат болатыны айдан анық. Қабанбай ауылындағы үш топ базда «Қаражыра» көмірінің бағасын бірдей ұстап отыр. Ал оны ауылдарға жеткізу құнын қоссаңыз ауыл тұрғындарының қалтасына біраз салмақ салады. Қыстан қысылмай шығу үшін ауыл тұрғындары бағасы аспандап тұрған көмірге тәуелді.
Қабанбай ауылы таулы аймақ, қысы ұзақ болады. Жыланды округіне қарайтын «Шынжылы», «Көкжар», сондай-ақ, «Үшбұлақ»», «Тоқжайлау», «Кеңес» ауылдары тау бөктеріне орналасқан әрі шалғай, бұл жаққа жеке камазбен тасымалдаушылар көмірдің тоннасын 29000-30000 теңгеге, қысты күні 32 мың теңгеге дейін көтеріп жібереді екен.
«Баға удай қымбат, тау етегінде тұрамыз, қыс ұзақ, амалсыз аламыз. Кейде көмірдің сапасы сын көтермейді. Ұсақ болып келеді, таңдап-талғап алуға мүмкіндік жоқ. Жеке көліктері барлар «Бескөлден барып арзанырақ бағаға алған боламыз. Камаздың жанармайы, ауылға жеткізуі бар тағы соларға шығын, шығады», – дейді Шынжылы ауылының тұрғындары.
Жалпы аудан бойынша қатты отынан бөлек 2023 жылы сұйық отынға қатысты әлеуметтік нысандарға – 1779809 литр жанармай толық игерілген. Мәселен, Достық ауылындағы жылыту қазандығына – 3522 тонна қажет болған. Биылғы жылыту маусымына әлеуметтік нысандарға – 1779809 литр қажет, оның бүгінде 50 пайызы жеткізіліпті. Ал Достық ауылындағы орталық жылу қазандығына былтырғы көлемдегі 3522 тона қажет, бүгінде бұл нысан – 13 пайызға қамтамасыз етілді. Мазут құю жұмыстары жылыту маусымы басталған күннен жүзеге асады екен.
Біз салыстырмалы түрде шалғай аудандар мен облыс орталығына жақын Ескелді, Көксу аудандарындағы бағаны әрі ауылдарға жеткізу құнын да салыстырып көрдік. Мәселен, Көксу ауданына қарасты 10 ауылдық округте 34 елді мекен бар. 2023-2024 ж жылыту маусымында аудан бойынша қатты отын қажеттілігі 29295 тоннаны құраған. Жылыту маусымында қатты отынның бағасы Көксуда, Қаражыра – 18000 тг, Шұбаркөл – 19000 тг болыпты. Аудан көлемінде 2024-2025 жылыту маусымында қатты отын қажеттілігі – 26955 тоннаны құрайды. Өткен жылмен салыстырғанда қатты отын тапшылығы 2340-ға тоннаға кем. Себебі, ауданға қарасты 8 ауылдың 3239 ауласы газ жүйесіне қосылған, яғни 52 пайыз. Биылғы жылы қатты отынның бағасы: Қаражыра – 19000 тг, Шұбаркөл – 20000 тг құрайды. Бүгінгі күнге ауданға қарасты қатты отын тұйықтарында 900 тонна Қаражыра, 300 тонна Шұбаркөл бар. Газдандыру жүйесі бойынша ауданда сегіз ауыл газ жүйесіне қосылған. Сегіз ауылда жалпы 6242 ауланың 3239-ы газ жүйесіне қосылған.
Осы орайда біз аудан орталығынан 35 шықырымда орын тепкен Жетіжал және Алғабас ауылдарының тұрғындарын сөзге тартып көрдік.
Фатих, «Жетіжал» ауылының тұрғыны: «Жалпы жылына 5-6 тонна көмір жағамын, биыл әлі түсіргем жоқ. Былтыр Семей көмірін тоннасын 16000 теңгеден алғам. Ауылға жеткізгенде 20 000 теңге қосымша төледім. Биылғы баға 19000 теңге болса, жеткізу құны сол 20 000 теңге болатын шығар».
Алғабас ауылының тұрғыны Нұрлыхан да былтыр Семей көмірінің тоннасын 16000 теңгеден алып, жеткізу құнына 20000 теңге төлегенін айтты. «Биылғы баға 19000 теңге болса да амал жоқ алуға тура келеді. Шұбаркөлге қолымыз жете бермейді», – дейді ол.
Көксумен іргелес жатқан Ескелді ауданы бойынша 2024-2025 жылы қыстан қысылмай шығу үшін 29 800 тонна көмір қажет. Оның 9 496 тоннасын халық сатып алған. Бүгінгі таңда 170 тонна «Қаражыра көмірі бар. Бағасы 19 мың теңге екен.
Аудан бойынша 33 елді мекен бар болса, соның 8 елді мекені газ жүйесіне қосылыпты. Ал көмірді тасымалдау құны 7-10 мың теңге.
Облыс орталығы Талдықорған қаласында 2022-2023 жылыту маусымына қала халқының көмірге қажеттілігі 75 000 теңгені құраған. Бұл шамамен 8400 үйге тиесілі.Талдықорған қаласы бойынша былтыр тұйықтарда көмір бағасы 18 300-21 900 теңге көлемінде болған. 2024-2025 жылға қала бойынша қыстан қысылмай шығу үшін 70 000 тонна қажет. Қала әкімінің баспасөз қызметі берген мәліметінше көмір бағасы биыл өспеген, былтырғы бағамен деңгейлес. Ал, тасымалдау құны қала ішінде күзгі мезгілде 5000-10000 теңге көлемінде. Бүгінде көмір қоймаларында 9000-нан астам көмір бар. Шұбаркөл көмірінің бір тоннасы – 18 900-21 900 теңге аралығында сатылуда. Қаражыра көмірінің бір тонасы 18 600 теңге, 18 349 тұрғын үй газға қосылған, 7 933 үй автономды жылытылады.
Жылма-жыл азық түлік және коммуналдық төлемдердің қымбаттауы шалғай ауылдардағы тұрғындарға ауыр тиюде. Себеп, тасымалданып алып келетін көмір бағасы да жылдан-жылға аспандап барады. Ал көмірді жеке тасымалдаушылар ауылдарға жеткізуде көлікке жұмсалған жағар-жанармайдың құнынын айтып, ойларына келген бағаны айтады.
«Үш күннен соң, көрге де үйренесің» демекші, көмір бағасы көңілдерін көншітпеген тұрғындар «қажетілік үшін амалсыз аламыз да, қайтеміз» дейді. «Былай тартсаң арба, олай тартсаң өгіз өлетін» нарық заманы бұл. Жергілікті билікте жекенің қолындағы көмірге әмірілік жүргізе алмайды. 2030 жылға дейін «шықпа-жаным, шықпа» деп шыдаса, жетісулықтар көгілдір отынға толықтай қол жеткізетін болады. Алайда, облыс орталығының өзінде осы газ жүйесіне қосыла алмай отырған тұрғындар да бар. «Осыншама қазына байлық қазақтың жерінен шығып отыр. Жанармай, Көмір, Газ, неге жекенің қолына өтіп кетеді, осыны бір жүйеге түсіретін мезгіл болды ғой» деп күйінеді көзі қарақты жандар. «Сен не дейсің, мен не деймін ағайын! «Бір кем дүние»…

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ