БАҚТЫБАЙ АУЫЛЫ ҚАЙНАҒАН ТІРШІЛІК ОРТАСЫ
Ескелді ауданына қарасты Бақтыбай ауылы көкорай шалғынды, теректері көк тіреген сулы да нулы жерге орналасқан керемет мекен. Ауыл табиғаты әсем. Бұл ауылдың көпшілікке танымалдылығына ауыл ортасынан өтетін күре тамыр автокөлік жолы да әсер етпей қоймайды. Ауылдың Бақтыбай аталуы да тегін емес.
Бақтыбай Жолбарысұлы ІХХ және ХХ ғасырдың тоғысында өмір сүрген, тума талант, айтыскер ақын.
– Ауыл бұрын Крупская деп аталып келген. Қазақстан тәуелсіздігімен бірге елді мекенге Бақтыбай ақынның есімі берілді. Бақтыбай ауылдық округінде бүгінде 9 мыңнан астам адам тұрады. Округіміз негізінен үш елді мекеннен құралған, — дейді, Бақтыбай ауылдық округінің әкімі Сәскебаев Азамат. Бақтыбайда — 6719 адам, Елтайда — 2028 адам, Өтенайда — 336 адам тұрақты тіркелген. Оның ішінде зейнеткерлеріміз 1696 адам, 211 әр топтағы мүгедектер,393 көп балалы отбасылар бар. Ауыл тұрғындары 19 ұлт өкілдерінен құралған көп ұлтты ауылмыз. Округте жалпы 46 көше бар, олар соғыс ардагерлері, ақын, жазушылар, қоғам қайраткерлерінің атымен аталған.
Бақтыбай ауылдық жер болғанымен, округтегі жалпы ауыл ішіндегі жолдары 47,5 шақырымды құрайды екен. Бұл дегеніңіз округтің үлкендігінен хабар беріп тұрғандай. Биылғы жылы облыстық маңызы бар Сүйінбай көшесіне асфальт төселіп, көше бойындағы тротурар маңына темір жақтаулар қойылып,сонымен қатар Астана, І.Жансүгіров көшелеріне асфальт, Б.Римова, М.Әуезов көшелеріне қиыршық тас төселгенін айта келе ауыл әкімі округтің ауыз сумен, газбен қамтылуына тоқталды.
Азамат Сәскебаев, Бақтыбай ауылдық округінің әкімі:
– Бақтыбай ауылдық округінің үш елді мекеніндегі су жүйелерінің жалпы ұзындығы – 43,2 шақырым, онда 3 /үш/ су мұнарасы бар. Ауыл тұрғындарының 92 пайызы орталықтандырылған ауыз су жүйесін қолданып отыр. 2023 жылдан бастап ауыл ішінде газ тарту жұмыстары жүргізіліп, ауыл тұрғындары газ жүйесіне қосылуда. Биылғы жылы 662 тұрғын үй газбен жылытылуда. Ауылда газға қосу жұмыстары күнделікті жүргізіліп жатыр. Бақтыбай ауылының 21 көшесіне жарық шамдар орнатылған. Көшелерді жарықтандыру жұмыстары жыл сайын жасалынып отыр.
Ауылдағы білім беру, медициналық қызмет көрсету және мәдениет пен спорт саласында артта қалған жоқпыз.
Мысалы, Бақтыбай ауылдық округінде 2 білім беру мекемесі бар. 1968 жылы салынған 860 балаға арналған және Елтай ауылында 1986 жылы салынған 1176 балаға арналған екі мектепте 1591 оқушы білім алуда.
Сонымен қатар, Бақтыбай ауылдық округінде 205 балаға арналған 2 балабақша, мектеп ішілік 50 балаға арналған 2 шағын орталық бар. Биылғы жылы 50 балаға арналған «Алиназ» бөбекжайы қолданысқа берілді. Бақтыбай, Елтай ауылдарында дәрігерлік амбулаториялар, Өтенай ауылына жаңадан салынған блокты-модульдік медициналық пункт жұмыс жасайды. Медициналық нысандар мамандармен толық қамтылған. Мәдениет үйіне бүгінгі күнде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Бақтыбай ауылында халықтың демалыс орны, балалардың бос уақытын өткізетін ойын алаңы, спорт алаңы бар.Сонымен қатар Елтай ауылында балалар алаңы мен жаттығу алаңы, Өтенай ауылында спорт алаңдары салынған.
Елтай ауылына биылғы жылы спорттық сауықтыру кешені салынып жатыр. Тапсырыс беруші аудандық спорт бөлімі.
Бақтыбай ауылында 2018 жылы жаңа мешіт құрылысы басталған болатын, бүгінде ол пайдалануға берілуге жақын.Осы құрылыстың негізгі демеушілерінің бірі жергілікті кәсіпкер Дюсенбинов Айдын.
Ауыл халқының күнкөрісінің негізгі арқауы мал мен егістік екені белгілі. Кей ауылдар малын өсіріп жатқанмен мал жаятын жер тапшылығына кейіп жатады. Жекешеленіп кеткен соң әркім өзі үшін өмір сүретін жағдайда Бақтыбай ауылы тұрғындарының осы мәселесі қалай шешіліп жатыр?
Азамат Сәскебаев, Бақтыбай ауылдық округінің әкімі:
– Ауыл халқының негізі күн көрісі екі үлкен саладан, яғни егіс жəне мал шаруашылығынан тұрады. Біз осы екі салада жұмыс жасаудамыз.
Округте 265 — жеке шаруа қожалықтары, 1-өндірістік бірлестік, 14-жауапкершілігі шектеулі серіктестігі /ТОО/ бар. Барлығы да дәнді — майлы дақылдар, картоп, көкөніс, бақша, қант қызылшасы, көп жылдық шөп өсіріп өндірумен шұғылданады. Жалпы ауыл-шаруашылығы жерінің көлемі — 34027 гектарды құрайды,соның ішінде: суармалы жер — 5847 га,шабындық жер — 520 га, жайылым жер — 24768 га.
Ауыл тұрғындарының малдарын жаю үшін арнайы жайылым жерлер бөлінген. Көктем бастала салысымен ауыл тұрғындарының малдары жайылымға шығарылады. Ақой, Шажа жайлауынан жайылымға жер бөлінген. Сондықтан бізде мал жайылымы жөнінде мәселе жоқ десек, артық айтпағандық деуге болады.
Бүгінгі күнге ауылдық округте 4243 бас ірі қара малы, жылқы – 1629 бас, қой мен ешкі — 16018 бас, шошқа – 164 бас, құстар — 3478. Мал шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтары малдардың селекциялық және асылдандыру жұмыстарын жүргізіп отыр. Округіміздің тағы бір айтарлық жаңалығы Бақтыбай ауылында ветеринариялық пункт құрылысы салынып қолданысқа берілгені.
Бақтыбай ауылдық округіндегі шағын кәсіпкерлік қалай дамып жатыр? Ауыл мақтанышына айналған кәсіпкер азаматтар бар ма?
Азамат Сәскебаев, Бақтыбай ауылдық округінің әкімі:
– Алдымен ауылдағы әлеуметке тоқтала кетейін. 2024 жылы 26 отбасына «Атаулы әлеуметтік көмек» тағайындалды, оның ішінде 15 көп балалы отбасы, 11 аз қамтылған отбасылар бар. Жұмыссыздық бойынша 52 азамат ақылы қоғамдық жұмысқа тартылды. Ауылда әйелдер кеңесі, жергілікті қоғамдастық, ақсақалдар алқасы құрылған. Ауыл тұрғындары бізге, көбіне, балаларға арналған ойын алаңдарын салу мәселесімен келеді.
Ал шағын кәсіпкерлікке келер болсақ, округте сауда орындарынан 3 шағын маркеттер, 46 дүкен, 1 шұжық цехы, 2 шаштараз, 1 аяқ киім шеберханасы, 2 дәріхана, 1 техникалық жөндеу орталығы,3 дөңгелек жөндеу орны, 3 көпшілік тамақтану орны, 2 дәнекерлеу цехы, 2 темір жону цехтары жұмыс жасауда.
Ауыл кәсіпкерлері мерекелік іс-шараларда, қайырымдылық марафондарда, әлеуметтік жағдайы төмен отбастарына өз көмектерін ақшалай, заттай беріп елдің ризашылығын алып жүр.
Ауыл мақтанышына тұрарлық азаматтар арасында Дүйсенбінов Айдын Қасымұлын атар едім. Айдын әкесінің бастаған ісін жалғастырып, ауылдық округ бойынша ең ірі шаруа қожалығының біріне айналды. Әрине, осының бәрі еңбектің, табандылықтың арқасы.
Көктем-күз мезгілінде шаруа қожалықтарына жерлерін жыртып, егіп беруіне, күзде жиын терін жұмыстарына техникасымен көмектеседі. Қыстың күні ауыл көшелерін арнайы техникасымен қардан тазалайды. Сол сияқты Айдын округ бойынша өтетін үлкенді-кішілі мерекелік іс-шараларға белсенді түрде қатысады. Мектеп, аурухана, бала бақша, мешітке көмегін беріп тұрады. Өз қаржысы есебінен егіс алқаптарына баратын ұзындығы 20 км жолға қиыршық – құм тас төсеп, күрделі жөндеуден өткізді.
Редакциядан: Ауылдың дамуына бар ынта-жігерін қосып, ел ойынан шығатындай қызмет атқаруға бел шеше еңбектеніп жатқан ауыл әкіміне еңбегің жемісті болсын — деген тілегімізді жолдадық.
Әңгімелескен
Баян Таңатарова