UTC +5 УАҚЫТ БЕЛДЕУІ КІМГЕ ЫҢҒАЙЛАНҒАН?

0
334

Ұланғайыр қазақтың күншығысы мен күнбатысының арасы мыңдаған шақырымды құрап, олардың географиялық бойлық айырмасы Уикипедияға сүйенсек 40 градус қырық бес минутты құрағандықтан жергілікті күн ұзақтығының батыс өңірмен айырмашылығы 2 сағат 43 минут деген сөз екен. Іс жүзінде республика аумағы төрт географиялық уақыт белдеуінде орналасқан: UTC +3, UTC +4, UTC +5, UTC +6.

Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Қызылорда облыстары UTC +5 белдеуде, ал қалған облыстар UTC +6 белдеуге жатқызылған болатын. Енді біз Үкіметтің құзыры бойынша бәріміз бірдей UTC +5 уақыт белдеуінде қалдық.
Ондағы мақсат «облыстарда жұмыстарды жеңілдету, еліміздің бірыңғай энергожүйе жұмысының тиянақтылығын қамтамасыз ету, телеқатынас жүйелерінің ішкі және сыртқы көлік жүк тасымалының үйлесімділігі үшін жасалған» деп халыққа хабарланды. Үкімет келтірген себептердің бастысы – ол екі уақыт белдеуінің Көлік және логистика мәселесінде, банктерде, басқару саласында бақандай 2 сағат жоғалтатыны олардың қызметіне ыңғайсыздық тудыратындығы екен. Көлік қатынасында, поездар мен самолеттер қозғалысында сағаттар айырмашылығы шығынға әкеледі — дейді мәжіліс депутаты Еркін Әбіл. Ал осыдан кейін Үкімет өзіне ыңғайлап алған UTC +5 деп қалай айтпайсың? Ал біз – халық ше? Үкіметке ыңғайлы уақыт қоғамда наразылық тудырып жатқаны неге ескерілмейді?
Жаңа уақытқа көшуді зерттей бастау 2021 жылы басталыпты. Қазақстанның Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Қазақстанның UTC+5 Бірыңғай уақытына көшуі туралы пікірлер мен ұсыныстар жинай бастаған. Ал В. Фесенков атындағы Астрофизика Институтының мамандарынан келген ұсынысты генетика және физиология институты, сондай-ақ география және су қауіпсіздігі институты қолдаған.
2023 жылы ұсынысты Экология және табиғи ресурстар министрлігі, Сауда және интеграция министрлігімен бірлесіп зерттеген. Сол жылғы ақпанда депутаттардың, орталық мемлекеттік органдардың, жұртшылық пен ғылыми ұйымдардың өкілдерінің қатысуымен жұмыс тобы құрылған. Сөйтіп ғалымдар мен сарапшылар UTC+5 Бірыңғай уақытын енгізу туралы ұсынысты қолдаған.
Алайда қоғамда бұл өзгеріс қолдау таппай, бірыңғай белдеуді жоюды өтініп, сотқа да шағымданғандар болды. Сот ондай өтінішті орындамады. Қазақстан белсенділері 50 мың адам қол қойған петициялар жариялана бастады. Деректер бойынша бүгінге дейін қоғам белсенділерінен төрт рет жаңа уақыт белдеуіне қарсы петиция тапсырылған.Петициялар мұнымен шектеліп жатқан жоқ. 23 қазандағы көрсеткіш бойынша әзірге 32 мың адам қол қойған петиция дайындалып жатқан көрінеді. Онда белсенділер Орталық, Шығыс Қазақстан мен Астана, Алматы мен Шымкент қалаларындағы уақытты 2 сағатқа алға жылжыту ұсынысын epetition.kz порталында жариялады – деп хабарлаған болатын KAZAKHSTAN TODAY.
Бірақ, уақыт белдеуіне байланысты туындап жатқан халық наразылығы Үкімет құлағына жетер емес. Үкімет уақыт белдеуін ауыстырғаннан гөрі «жаңа уақытқа бейімделіңдер, денсаулыққа мұның ешқандай зияны жоқ» деген үгіт-насихаттарын жүргізіп жатыр. Онда күннің ерте шығуы мен батуы әл-ауқат пен экономикаға көп әсер етпеуі керек екенін алға тарта отырып, электр энергиясын тұтыну уақыт белдеуі емес, халық саны мен экономикалық өсіммен байланысты деп дәлелдеуде…
Бірақ қалай десеңіз де жаңа уақыт белдеуі еліміздің шығысындағы өңірлер үшін тиімсіз болып отырғаны анық. Мұндай шешім ұзақ талқылаудан кейін қабылданғанын және жергілікті билік жұмыс пен мектептің басталу уақытын жаңа сағатқа бейімдеу керек екендігі айтылып жатыр. Мектептер демекші, уақыт белдеуінің жаңа уақытынан ең көп зардап шегіп отырған — мектеп оқушылары.
Еліміз бойынша мектеп оқушыларының саны 3 млн. 900 мың болса, солардың көбісі уақыт белдеуінен зардап шегіп отырған еліміздің шығыс өңірінің оқушылары деуге болады. Мысалы, екінші ауысымда оқитын балалар үйге 20-00 да, яғни, түн қараңғысында келеді. Үйіңіз аялдама түбінде болса жақсы. Ал болмаса ше? Көшелерінде автобус жүрмейтін ауылдарда ше?
Біздің Үкімет өзіне тиімді уақыт белдеуін таңдағанда мектеп оқушыларын ұмытып кеткен сыңайлы… Білім министріне «реттеңіз!» деген тапсырма бере салумен шектелді. Ал министр не істейді? Сабақ уақытын қысқарта ма, әлде каникул күндерін қысқарта ма? Олай етсе заңға томпақ келмей ме? Қалай десеңіз де, Үкіметтің жаңа уақыт белдеуіне елдің шығысындағы тұрғындардың көңілі толмай тұр. Бұл өңірге жазда «ақ түндер» мен қыста «полярлық түндер» келген сыңайлы. Жазда таңның сағат 3-те атып, қыста түннің кешкі сағат 16 — дан басталатынына наразылардың бірімін. Өйткені біздің Үкімет жаңа уақыт белдеуін тағы 3 жылға созбақшы «зерттейміз» деген желеумен. Не зерттеп, не ұтатыны белгісіз..

P.S. 19 қарашада Үкімет отырысында сөйлеген сауда және интеграция министрі уақыт белдеуінің енді ауыспайтынын және осы шешімді қабылдауға ғалымдары бар, басқасы бар 60 адам қатысқанын нығыздап айтты. Енді осыған көнесіңдер дегені деп түсіндік. Бәріне уақыт сыншы.Көнеміз және көреміз.

 

Баян Таңатарова


ПІКІР ЖАЗУ