ӘСКЕРГЕ БАРУ — БОРЫШ ПА, ҚОРҚЫНЫШ ПА?
Қазақстанда әскери қызметке қатысты мәселе кейінгі жылдары қоғам назарынан түспей келеді. Әлімжеттік, сарбаз өлімі, тергеудің ашық жүргізілмеуі туралы жаңалық жиілеген сайын, қоғамда әскердің ішкі жүйесіне деген сенім әлсіреп барады. Тәуелсіздік алғанымызға отыз бес жыл таяса да, әскери құрылымда Кеңес дәуірінен қалған тәртіптік жабық жүйе мен бақылау жүргізудегі әлсіздік байқалады. Аталған жайлар – жастардың әскерге барудан қашуының, ата-ана қорқынышының, жалпы қоғамдағы алаңдаушылықтың басты себебіне айналды.
Соңғы жылдардағы оқиғалар қоғамды ерекше толқытты. Мысалы, 2025 жылы 17 қыркүйекте Алматы облысы Мәтібұлақтағы әскери бөлімде 19 жасар Дінмұхамед Шынарбек көз жұмды. Ресми дерек бойынша ол суицид жасаған. Бірақ туыстары бұл нұсқаға сенбейтіндерін айтқан. Ал 27 қыркүйек күні 19 жастағы Нұрасыл Әнуарбекұлы Қызылордадан Алматы облысындағы шекара қызметіне барғаннан кейін бір апта өткенде көз жұмды. Ол отбасымен соңғы рет хабарласқанда: «Мына жақ оңай емес екен» деп айтқан.
Қазан айында Маңғыстауда ҰҚК Шекара қызметінің 20 жастағы сарбазы Еркебұлан Сағындық газға уланып қаза болды.
Аталған оқиғалар жуық арада болған. Ал жыл басында Сарыөзекте 18 жастағы Дастан Құрманбек АК-74 қаруымен өз-өзіне оқ атты деген ақпарат тараған болатын. Сонымен қатар, мамыр айында Аягөзде 18 жастағы Саламат Сабитов бір айға жетпей менингиттен қайтыс болды. Оның туыстары «денсаулығына байланысты әскерге шақырмау керек еді, «айыппұл саламыз» деп қорқытып әкеткен», — деп мәлімдеген.
Өткенде ғана әскерде жүріп мүгедек болып қайтқан Ербаян Мұхтардың жағдайы да жаңалықтарға тараған еді. Мұндай жария болған мысалдарды айта берсек, таусылмайды. Жұртшылықта «тағы қанша оқиға жабулы күйде қалды?» деген сұрақтың тууы орынды.
ӘДІЛДІК ІЗДЕГЕН АНАЛАР МИТИНГІ
10 қараша күні Астанада осы тектес оқиғаларды басынан өткерген ата-аналар Үкімет үйінің алдында жиналып әділдікті, әскердегі жағдайды қадағалауды сұраған еді. «Баланы әскерге барып өлсін деп туған жоқпыз» деген ұранмен қоғам назарын аудартқан бір топ ана перзентінің өлімінің нақты себептерін анықтауды, тергеудің әділ жүргізілуін, әскери бөлімдердегі жағдайды реформалау керектігін айтып, 7 сағат бойы «Дәлелдер жойылып жатыр», «Кінәлілер жазадан құтылып жүр», «Әділ сот болсын» деген талаптарын плакаттарға жазып жеткізді. Кейбір ата-аналар істі қарау кезінде офицерлердің «немқұрайлылығы үшін жұмыстан кетуі» жазаның ең жеңіл түрі екенін айтып, мұндай жағдайда жауапкершілік мүлде сезілмейтінін алға тартқан.
Митинг кезінде ата-аналар Қазақстан Конституциясының 1 және 12-баптарына сүйеніп, үкіметке: «Әскери қызмет кезінде қаза тапқан немесе мүгедек болған сарбаздың отбасына өтемақы төлеу, өтемақыны әр жағдай бойынша әділ есептеу, процеске ата-аналар мен қоғам өкілдерін қатыстыру, әр сарбаздың өмірін қорғау үшін келісімшарттарға арнайы сақтандыру бабын енгізу», — деген талаптарын қойған еді. Басқаша айтқанда, ертедегі Жеті жарғыда көрсетілгендей, ердің құны төленсін-ді еске түсірді.
БИЛІК НЕ ДЕЙДІ?
Аналар митингісінен кейін билік әскердегі жағдайды тексеруге кіріскен. Бас прокуратура әскери қызметке шақырудың заңдылығын, медициналық комиссия шешімдерін, Қорғаныс министрлігінің әрекеттерін және сарбаз өліміне қатысты барлық істерді кешенді түрде зерттейтінін хабарлады. Бас прокурор Берік Асыловтың айтуынша, түскен әр шағым жеке қаралады, тексеруге Қорғаныс министрлігі мен Ұлттық гвардия мамандары да қатысып жатыр.
Тексеру сарбаздардың қаза болу себептері, бөлімдердегі қауіпсіздік шаралары, өлім мен жарақаттанудың алдын алу жұмыстары, шақыру науқанының заңдылығы, сондай-ақ әскери-медициналық комиссиялардың қорытындыларының негізділігі бағыттарында қаралады екен.
Осы оқиғадан кейін Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов дәл митингі болған күні аналар алдына шықпаса да, журналистердің сарбаздар өлімі мен аналардың наразылығына қатысты сұрағына:
– Қойыңызшы? Мен сізге шын айтып тұрмын, бүгінгі күні бізде ондай фактілер жоқ. Ол аналардың оқиғалары өткен 2020-2023 жылдары болған. Біз оларды қабылдап жатырмыз. Аналар митингінде шыққан мәселелердің бәрі тергеу жұмыстарына қатысты. Тергеуді ІІМ жүргізіп жатыр, ол Бас әскери прокуратураның бақылауында, — деді ол.
Сонымен қатар, журналис-тер әлімжеттік, зорлық-зомбылық, сарбаздардың қысымға ұшырауы туралы мысалдар келтіргенде, министр нақты дәлелдер сұраған. Ол әскери бөлімдерде командирлер мен психологтар жұмыс істеп жатқанын, бөлімдерге бейнекамералар орнатыла бастағанын айтқан. Соған қарағанда, Қорғаныс министрі сарбаздар өлімінен бейхабар сияқты немесе мән бермеген болуы керек.
САНДАР СӨЙЛЕСІН
ErtenMedia жариялаған статистика бойынша, соңғы үш жылда Қазақстан армиясында 270 сарбаз қаза болған, оның 86-сы «суицид» деп көрсетілген. Қаза тапқандардың басым бөлігі – 18-19 жастағы мерзімді қызметтегі сарбаздар. Бірі жаттығуда қаза тапқан, бірі шекара заставасында газдан уланған, енді бірі денсаулығына қарамастан әскерге алынып, медициналық көмектің жетіспеуінен көз жұмған. Ал «Өзіне қол салды» деген себеппен істердің тез жабылуы ата-аналардың әскерге деген сенімсіздігін күшейтіп жатыр. Аналар бұл аргументтермен келіспейтінін ашық айтты. Олардың сөзінше, балаларында психологиялық дағдарыс не депрессия белгілері болмаған, керісінше әскердегі әлімжеттік пен қысым жағдайды ушықтырған.
Президент тапсырмасы бойынша Бас прокуратура 12 күндік мерзімде істерді қайта қарауы тиіс еді. Алайда әзірге тексеру нәтижесіне қатысты жаңалықтар жарияланбады. Қоғам мен ата-аналар осы істің «аты бар, заты жоқ» болуын, уәде етілген реформалардың қағаз жүзінде қалып қоймауын талап етіп отыр.
Армиядағы жағдайды ашық зерттеу – қазіргі таңда мемлекеттік маңызы жоғары міндет. Тергеулердің толық әрі жария түрде жүргізілуі, шақыру жүйесіндегі кемшіліктердің анықталуы, медициналық тексерудің нысаналы жүргізілуі және Қорғаныс министрлігі жауапкершілігінің нақты айқындалуы – қоғамның басты талабы болып тұр.
Тексерудің нәтижесі мен қабылданатын шешімдер бұл саладағы өзгерістердің нақты басталатынын немесе баяғыдай созбаққа салынып, бұрмаланатынын көрсетпек.
ДЕПУТАТТЫҢ ДАУЫ
Әскерде қаза тапқан сарбаздардың аналары өткізген митингтен кейін оқиғаға байланысты мәлімдеме жасаған Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапидің пікірі де қоғамда үлкен дау туғызды. Депутат митингке шыққан аналардың әрекетін олардың өз еркімен жасаған бастамасы емес, «біреудің ұйымдастыруымен болған шара» деп бағалады. Bairaq Media тілшісіне берген сұхбатында Ермұрат Бапи:
– Оларды ана жерге кім алып келді, үстеріне қызыл әріппен жазуды кім жазды, аналар өздері істеген жоқ. Яғни артында ұйымдастырған бір күштер
бар. Иә, проблемалар бар, баласының өлгені, оның мәйітін мырыш табытпен алу, әрине трагедия. Көңіл айтамын, өзім де әскерде қызмет еткенмін, — деп мәлімдеді.
Оның сөзінше, бұл митингті ұйымдастырған топтар Қазақстанның қорғаныс қабілетіне нұқсан келтіруі мүмкін. Депутат әскердегі жағдайға байланысты ауыр оқиғаларды жоққа шығармайтынын, бірақ наразылық акциясын «сыртқы немесе ішкі күштердің ықпалы» деуге себеп бар екенін айтқан.
Сонымен бірге, Ермұрат Бапи қазіргі Қазақстан армиясында әлімжеттік жоқ деген пікір білдірді. «Біздің әскерде әлімжеттік жоқ. Қазір әрбір рота, бөлімше, әрбір батальон шақырту бойынша жасақталады. Оның ішінде біреу бір жыл бұрын, біреуі жарты жыл бұрын келген деген тәртіп жоқ. Бірақ ер адамдар жүрген жерде кикілжіңдер болады ғой. Сол сияқты жағдайлар болады. Қоғамда әскерге қатысты мәселе бар. Бірақ мұны елдің қорғаныс қабілетін жоятын тенденцияға айналдырмауымыз қажет», — деді депутат.
Бұл мәлімдемеден кейін депутат әлеуметтік желіде айтарлықтай сынға ұшырады. Оның айтқан пікіріне әлеуметтік желі қолданушылары: «Жетіскенінен шыққан жоқ қой, жүректері қан жылап барды. Алла ата-ананы баланың өлімімен сынамасын», «Әскерде әлімжеттік жоқ дей ме?.. Мынаған дауа жоқ екен…», «Бапи мырза, әскерде Сіздің балаңыз өлсе не істер едіңіз? Әскерде әлімжеттік жоқ деп ертегі айтпаңызшы. Баласы әскерге бара салып о дүниелік болып жатқанда аналар Қорғаныс министрінен жылап көмек сұрап барса, не айтып тұр», «Осылай митингіге шықсақ «бізге көңіл бөліп қарар, жоғары жақтағылар» — деген шығар. Оны Бапи саясатқа тіреп қойғаны несі?» деген сынды көптеген наразылықтарын, теріс пікірлерін жарыса жазды.
«Әскерде әлімжеттік жоқ» — деу ертегі айтып баланы сендіргендей болып шықты. Әскерде әлімжеттік болмаса — жас жауынгерлер борышын өтеуге бара салып неге асылып өліп жатыр? Өте қарапайым сұраққа министр де, депутат та жауап бере алмады, өкінішке орай. Баласынан айырылған аналардың зарын жүре тыңдады деуге болады. Бар үміт тек президенттің 12 күн ішінде тексеру қорытындысы шығатын болсын — деп Бас прокурорға берген тапсырмасы ғана әзірге көңілге медет болып тұрғандай…
ХАЛЫҚ НЕ ДЕЙДІ?
Жоғарыда айтылып отырған мәселеге қазір қоғамда үлкен мән беріліп жатыр. Жастар мен үлкен буын өкілдері арасында әскерге бару-бармау, ондағы өлім жағдайлары қызу талқыға түсуде. Редакция осыған байланысты тұрғындар арасында шағын сауалнама жүргізген болатын.
Серік, 18 жаста: – Әскерге бару – ел алдындағы міндетім екенін білемін. Оқуымды бітіргесін баратыным да анық. Бірақ ағам барған кезде анам уайымдап, қатты алаңдайтын. Қазір қайғылы оқиғалар көп болған сайын іштей үрей де болады.
Аслан, 20 жаста: – Мен әскерге барғанмын. Бірақ ондай әлімжеттік, сарбазды өлімге дейін жеткізетін жағдай көрмедім. Мүмкін ол әскери бөлім тыныш болған шығар. Басында тек үйренісу, режим жағынан сәл қиналдым.
Бекзат, 20 жаста: – Жастардың әскерден қашуы – қорқақтығы емес, сенімсіздігі шығар. Сенім қалпына келсе, барлығы барар еді. Өзім оқып жүріп, әскери кафедраны бітіргенмін, болашақта барсам шені бар қызметкер ретінде жұмыс жасайтын боламын.
Ал аға буын:
Жанат, 58 жаста: – Біздің уақытта әскерге бармай қалу ұят болатын. Ақша төлеп жүріп не годен болсақ та кететінбіз. Кеңестік әскерде әлімжеттік болғанын жасырмаймын. Бірақ ол кезде тәртіп те, талап та күшті болатын. Командирдің сөзі – заң. Жауапкершілік те жоғары еді. Қазіргі ахуалмен салыстырғанда, бізде тәртіптің күші әрекеттің қаталдығын басып тұратын.
Төлеутай, 63 жаста: – Біздің кезімізде «дедовщина» болды, бірақ бақылаусыз емес. Командир көрсе бірден тоқтататын. Әскер — екі жыл болған. Қиындық көп еді, бірақ адамның өмірі бірінші орында тұрған. Менің ойымша, қазір аяушылық жоқ, жастар қатыгез болып кеткен.
Сонымен қатар, ата-аналардың да ойын білдік:
Гүлмира, 47 жаста: – Әр ата-ана баласын туған елін қорғауға қарсы емес. Бірақ бүгінгі жағдай ата-ананың жүрегіне күмән салады. Баламның қауіпсіздігіне кім жауап береді? Қазір әскерде орын алып жатқан қателіктерді абайсыздық, жазатайым жағдай деуге болмайды.
Сәуле, 38 жаста: – Қорқам. Шындық осы. Өйткені соңғы жылдары ата-аналардың көз жасын көрдік. Әскерге дені сау болып барып, мүгедек болып шығу деген жеке отбасының трагедиясы ғана емес, жүйедегі үлкен ақау. Сол ақау жойылмайынша, ата-аналар тыныш бола алмайды.
Сауалнама көрсеткендей, жастар әскерге баруды өз борышы деп санаса да, қауіп-қатер мен ондағы осал тәртіп әскерге деген көзқарасына сенімсіздік тудырып отырғанын байқадық. Ал аға буын әскердегі қазіргі ахуал қоғамдағы қатыгездіктің салдары десе, ата-аналар балаларының қауіпсіздігіне алаңдайды. Осылайша, қазіргі қоғамда әскерге қатысты пікірлер әртүрлі болып, сенім мен үрей қатар жүру.
Мәселенің шешімі Қорғаныс саласындағы ашықтық пен онда жүргізілуі тиіс нақты реформада. Әскерді бақылау жүйесін жаңарту, жас сарбаздардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, психологиялық және медициналық іріктеуді күшейту, командирлердің жауапкершілігін заң арқылы нақтылау – армияны нығайтудың басты шарты. Соғыс емес бейбіт күнде Отанды қорғау үшін қару ұстауды үйрететін әскер әр сарбаздың өміріне жауапты, бұл мемлекеттік міндет. Ал осы міндет орындалмаса, қайғылы жағдайлар қайталана берері анық.
Гүлнұр ЕРМҰХАНҚЫЗЫ
