
САҚТАНСАҢ – САҚТАЙМЫН
Өмірде аяқастынан кездейсоқ жағдайлар болып жатады. Солардың ең ауыры – адам өміріне қауіп төндіретін оқиғалар нәтижесінде өлімге ұшырататын жағдайлар. Солардың бірі – электр тогы. Адамзатқа ең пайдалы құбылыс ретінде өміріміздің сапасын жақсартқан, адамзат баласы ашқан ең үлкен әрі маңызды жаңалықтарының бірі. Ол өмірдің барлық саласында адам еңбегін жеңілдетіп, жарық пен жылуды қамтамасыз етті. Электр тогынсыз қазіргі қоғамды, өнеркәсіпті, тіпті күнделікті тіршілікті елестету мүмкін емес.
Электр саласындағы мамандардың түсіндіруінше, электр тогы – бұл зарядталған бөлшектердің ағыны. Әр адамның денесі белгілі дәрежеде электр өткізгіштікке ие. Тері мен тіндер электрден толық оқшаулай алмайды, әсіресе тері ылғал болса немесе жарақат болса, токқа жол ашылады:
— ылғалды тері кедергіні азайтып, токтың күшін арттырады;
— денедегі металл заттар әсерді күшейтеді;
— қатты терлеу электр тогының терең енуіне ықпал етеді;
— ашық жарақаттар зарядтың тез өтуіне жағдай жасайды;
— сумен жанасу қауіпінің деңгейін арттырады.
Тіпті аз ғана кернеу болса да, егер жағдай қолайлы болса, адам денесінде шымшу, ашу, не бұлшықет тартылуы сезілуі мүмкін.
Кейбіреулер аз ғана ток еш зиян тигізбейді деп ойлайды. Бірақ әлсіз токтың өзі жағымсыз сезім мен қызметтің бұзылуына себеп болуы мүмкін. Түрлі ток күшінің әсерін төмендегі нөмірленген тізімнен көруге болады.
1. 1 мА-ға дейін – жанасқан жерде әлсіз шымшу байқалады. Байланыс тоқтағаннан кейін бірден жоғалады.
2. 5-10 мА – бұлшық ет тартылып, адам сескенеді. Кейде қолды еріксіз тартып алу байқалады.
3. 20 мА – ауыр бұлшықет құрысуы пайда болып, қолды ашу қиынға соғады. Адам өздігінен ажырап шыға алмай қалуы мүмкін.
4. 50-100 мА – өмірге қауіп төнеді, тыныс пен жүрек ырғағы бұзылады. Естен тану ықтимал.
5. 100 мА-дан жоғары – қарыншалық фибрилляция, ауыр күйіктер, жүрек тоқтауы жоғары ықтималдықпен орын алады.
Тіпті қысқа мерзімді жанасудың өзі денсаулыққа қауіпті, себебі зардаптары бірден емес, біраз уақыт өткен соң да байқалуы мүмкін.
2026 жылдың сәуір айының 20-сы күні «ТАТЭК» АҚ-ның Текелі қалалық электр желілер филиалының №167 ҚС (қосалқы станциясы) қызметінің электр шебері, небәрі 19 жасар Али Құдайберген электр подстанциясында жұмыс істеген кезде кернеуге ұшырап, электр тогының соғуынан жазатайым оқиғаға ұшыраған. Оқиға орнына жедел медициналық жәрдем бригадасы дереу шақырылады. Реанимациялық шараларға қарамастан қызметкер қайтыс болған.
Қолданыстағы заңнамаларға сәйкес орын алған жазатайым оқиға туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мемлекеттік Еңбек инспекциясы комитетінің аумақтық Департаментіне, Энергетика министрлігінің мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің аумақтық Департаментіне дер кезінде хабарланған.
Токтан ажыратылған жоғары кернеудегі электр тогы белгілі бір радиустық доғада сақталып қалатынына байланысты ток күші адам денесін өзіне тартып кететіндігін тәжірибесі аз маман ескермеген болуы да мүмкін. Қазір өлімнің пайда болу себептеріне тергеу жүріп жатыр.
Марқұмның анасына жерлеу барысындағы қажеттіліктерді өтеу үшін, мекеме 1 млн теңге көмек жасаған. Одан басқа, бірге істеген жұмысшылар бірігіп өз еріктерімен 500 мың теңге берген. Жерлеу рәсімі аяқталғаннан кейін, марқұмның анасы «Мен баламның еңбек жалақысына сүйене отырып банктен 6 млн теңге несие алған едім, енді оны қалай өтеймін»,- деп «ТАТЭК » басшылығына өтініш түсіреді.
«Алатау» газетінен де «ТАТЭК» басшысымен осы деректерді білуге келген едік, жолығудың сәті түспеді. Тиісті сұраққа ақпарат хатшысы Абеуова Нұржамал Құдайбергенқызы жауап берді.
– Иә, жоғарыда көрсетілген көмектен басқа біздегі ұжымдық келісімшарттың 6-бөлімнің 6-пунктінде көрсетілгендей өндірістегі жұмыс барысында жұмысшылар арасында денсаулығына зиян келтіретін ауыр жарақат алғанда, жұмысқа жарамсыз болып қалғанда белгілі бір мөлшерде компания тарапынан көмек беру қарастырылған. Ал жұмысшы өлген жағдайда компания өлген жұмысшының жақындарына айлық жалақысын 12 есе көп мөлшерде қаржылай көмек берілетіндігі қаралған. Сол негізде марқұм Әлидің анасына сондай мөлшерде көмек көрсетілді.
Бұл іс әлі де тергеу сатысында болғандықтан біздің біраз сұрақтарымызға жауаптар әлі де тиісті орындар тарапынан кейінге қалдырылып отырғандықтан, мәселе әлі де редакция назарында екенін оқырмандарымызға ескертеміз.










