Мал аралаған – Малшы, Тоғай аралаған – аңшы

Малшы — төрт түлік малды бағып-көбейтіп, ұлттық экономика мен ауыл шаруашылығының дамуына үлес қосатын құрметті мамандық иесі. Негізінде, қазақ халқы көшпелі жағдайда болды да, мал шаруашылығын кәсіп етті. Халықтың күн көрісі, тұрмыс-тіршілігі төрт түлік малға байланысты еді. Жесе — азық, кисе- киім, мінсе — көлік дегендей, көшпелі жағдайда болған қазақ халқы үшін төрт -түлік мал тіршілік тірегі болды.
Өзінің тұрмыс тіршілігінде осындай айрықша орын алған, пайдасы тиіп қызметі сіңген төрт түлік мал жайында қазақ халқы ерте заманда-ақ неше түрлі әңгіме, жыр, өлеңдер шығарған. Бұлардың бәрінде мал шаруашылығымен кәсіп еткен адамның төрт түлік жайындағы көзқарасы, ой арманы, тілек мүддесі өріліп отырады.
Қазақ мәдениетінде малшының маңызы өте зор. Олардың өмірі, қысы-жазы даладағы еңбегі, табиғатпен үндестігі қазақ ұлтының қанына сіңген дәстүр.
КСРО тұсында колхоздар мен совхоздарда төрт түлік мал басы жақсы өсті. Барлық мал колхоз, совхоздардың меншігінде болды. Малшылардың да өздеріне тиісті жеке меншік малдар ұстауға үкімет тарапынан мүмкіндік берілді. Қазақстанда малды, көбінесе, қазақ ұлтының адамдары бақты. Себебі басқа ұлттарға қарағанда мал өсірудің қыр-сырын жақсы меңгергендіктен болуы керек.
Жетісу облысы Көксу ауданындағы Ленин атындағы совхозда мыңғырған қой-ешкі, жылқы, сиыр, түйе өсірді. Өкіметтің жүн, ет өткізу жоспары артығымен орындалып, малшы еңбегі де ерекше бағаланып жатушы еді.
Атақты малшылар Ленин орденінің иегерлері Жақыпов Баймырза, Жақыпбеков Махмұт – қой бағушы, озық шопандар болса, Сармолдаев Аман, Молдабеков Дәуіт, Еңбек қызыл Ту орденінің иегері Дауытов Жақып – сиыр бағушы, Құрмет орденінің иегері Орынбаев Амандос болатын.
Солардың қатарында Қызыл Ту ордені және бірнеше медальдармен марапатталған Сережанов Әбілмәжін ақсақал да сауын сиыр бағып, еселі еңбек етті. Әкесінің таяғын ұстап қалған үлкен ұлы Махмұт Әбілмәжінұлы алғашында сиыр бақташысы, кейін қой бағып, алдыңғы шопандар қатарында болып келді. 100 бас қойдан 120-130 қозы алып, еш шығынсыз қой өсірді. Жазда жайлауда, қыста қыстауда мал баққан малшылардың өз қызығы өздерінде болатын. Ең басты мәселе – мал басының амандығы, өз ісіне деген адалдығы – осындай еңбек адамдарының абыройын өрге сүйреді.
Қазақ елі өз алдына егеменді ел болып, Қазақстан Республикасы деп аталып, колхоз- совхоздар тарап, әркім әр түрлі кәсіппен айналысты. Біреулер егіншілікпен, біреулер сауда жасап үйреніп, дүкен ашып т.б. қолы жеткен іспен айналысты.
Махаң жолдасы Керімхан жеңгеміз екеуі мал баға жүріп, он шақты ұл, қыз өсірді. Ұлдары Аллаберген, Құдайберген, Тәңірберген атты үш ұлы бар, қалғандары қыз балалары. Ұлдары да қыздары да үйлі-баранды әркім өз алдына өмір сүріп жатыр. Аллаберген мен Тәңірберген екеуі спорт мектебінде жаттықтырушы болып жүр.
«Малшы елдің баласы – құдық қазып ойнайды.
Егінші елдің баласы – арық қазып ойнайды», – демекші, мал өсіруді әкесінің жанында жүріп үйренген Махмұттың ортаншы ұлы Тәңірберген 1996 жылдан бастап, атасы Әбілмәжіннен қалған таяқты әкесі Махмұт ағамыздың қолынан алып, «Құрмет» шаруа қожалығын құрып, мал өсіріп, бағумен айналысып кеткеніне де биыл табаны күректей 30 жыл уақыт өтіпті.
Мал өсіріп бағу үшін әрине, оған жем-шөп дайындау қажет. Осы мақсатта Құдайберген 20-30 га жерге арпа, жоңышқа егіп, мал азығын ерте көктемнен дайындайды. «Малдың астын күтпесең мандымассың» — деп қазақ атамыз тектен — тек айтпаған болар.Жылы қора,кең жайылым мәселелері өз уақытында шешілген. Бүгінде бір отар қой, 40 шақты жылқы, 30-40 сиыр өсіріп бағуда. Ары бері көшіп-қону, жем-шөп тасымалдау үшін қажет жүк таситын автомашина, «Белорусь» тракторын толық құрал жабдықтарымен пайдаланып келеді. Әрине, «ат тұяғын тай басар», – дегендей, Құдайберген де Назым келін екеуі ұл, қыз өсіріп оларды ЖОО-да оқытып жатыр.
Көп ұстаған қамшыға қол үйреніп қалады.
Көп мал баққан малшыға мал үйреніп қалады, – демекші, ұлдың үлкені Құрмет азамат болғалы малдың да бар сырын біліп, техниканың тілін де меңгерген әкесінің сенімді көмекшісі болып келеді.
Малшылар үскірік аяз бен жауын-шашыннан қорғану үшін тон, малақай, киіз байпақ және тағалы етік сияқты киімдерді пайдаланады.
Мемлекет тарапынан мал шаруашылығымен айналысатын фермерлер мен малшыларға арналған арнайы бағдарламалар қарастырылған:
ауыл шаруашылығын дамыту аясында малшылардың зейнетке шығу жасын төмендету мәселелері талқыланып жатыр.
Мал бағумен айналысатын шаруаларға 5-6% мөлшерлемемен төмен пайызды несие беріледі.
Малшылардың балаларына жоғары оқу орындарының гранттарын бөлуде артықшылықтар қарастырылып, әскерге шақыру мерзімін кейінге шегеру мүмкіндігі ұсынылады.
Қазақтың бұрынғы ата-бабаларымыздан бері келе жатқан мал өсіру кәсібі ешқандай дипломды қажет етпеген. Әрине, елдің бәрі бірдей мал бағып кете қоймас. Дегенмен де кейбір белгілі кәсібі жоқ бекер жүрген жастар неге мал бағумен айналыспасқа? Неге? Құдайберген сияқты мал өсіріп, мақсаттарға қол жеткізбеске? Сөзіміздің түйінін қазақ атамыздың мынадай өлең шумағымен аяқтағым келеді.
«Асық ойнаған азады,
Қарта ойнаған тозады.
Бәрінен де қой бағып,
Құйрық-бауыр жеген озады!»
Малшылар күні – бұл Қазақстандағы кәсіби мереке. Ол маусымның екінші жексенбісінде өтеді. Биыл бұл мереке 14 маусымға сәйкес келіп тұр. Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосып жатқан малшы қауымды кәсіби мерекелерімен құттықтаймыз!
Сембек ӘБДІ-РАХМАН










