Мемлекеттік тілдің сот жүйесінде қолданылуы

0
24

Мемлекеттік тілдің сот ісін жүргізуде алатын орны ерекше. Бұл — азаматтардың құқықтарын тиімді қорғауға, сот төрелігінің ашықтығы мен қолжетімділігін арттыруға, сондай-ақ ұлттық құқықтық терминологияны дамытуға ықпал ететін маңызды құрал.

Сондықтан бүгінгі таңда бұл тұрғыда сот қызметкерлеріне айтарлықтай міндеттер жүктеліп отыр. Сот төрелігін жүзеге асыру саласында мемлекеттік тілді қолданудың мағынасы өте үлкен, өйткені әрбір сот шешімі орындау үшін міндетті, ол жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын, міндеттерін, жауапкершілігін айқындайды. Заң терминологиясының ерекешелігіне қарамастан, сот шешімі азаматтарға қол жетімді және түсінікті тілде баяндалуы қажет. Сот шешімінің тілдік қасиеттері – судья кәсібилігінің маңызды көрсеткіші болып табылады.
Атап айтсақ, сот шешімдері, талап-арыздар, шағымдар және басқа да процессуалдық құжаттар азамат үшін түсінікті тілде болуы керек. Бұл олардың өз құқықтарын нақты түсінуіне және сот процесіне тең жағдайда қатысуына мүмкіндік береді. Оның үстіне, сот актілерін шұбалаңқы сөйлемдермен емес, қысқа да нұсқа сөйлемдермен жазып, қарапайым халыққа ұғынықты ету талап етілуде.
Ендеше қазір әділ сот төрелігінің кепілі ретінде әрбір азаматтың өз құқықтары мен міндеттерін толық түсінуі, ойын еркін жеткізуі және іс материалымен танысуы сот процесінің негізгі шарты болып табылады. Соның ішінде, тіл кедергілеріне жол бермеу — бұл әділдіктің маңызды кепілі.
Мемлекеттік тілдің сот жүйесінде кеңінен қолданылуы құқықтық мәдениеттің дамуына, азаматтардың сотқа деген сенімін арттыруға ықпал етеді. Сот ісін жүргізуде мемлекеттік тілдің рөлі, оның сапалы түрде жасалуы құқықтық ұғымдардың дамуына, бірыңғай терминологияның қалыптасуына ықпал етеді. Осылайша, мемлекеттік тілдің сот жүйесіндегі орны — бұл әділ соттың негізгі шарты, ол азаматтардың құқықтарын қорғауға және сот жүйесінің баршаға қолжетімділігіне ықпал етеді.
Мемлекеттік тілдің кез келген мемлекеттің тиімді іс-қимыл жасауының маңызды шарты болып табылатыны сөзсіз. Мемлекеттік тіл ол біздің асыл қазынамыз. Демек, мемлекеттік тілді меңгеру Қазақстан Республикасының әрбір азаматының азаматтық борышы ғана емес, ол Қазақстан халықының бірігуінің маңызды факторларының бірі болып табылады.

Бақыткүл МАДЫБЕКОВА,

Текелі қалалық соты әкімшісінің
басшысы