Алимент төлеудің жаңа тәртібі күшіне енді

0
24

Бүгінгі таңда «алимент» деген ұғым жұртшылыққа кеңінен танымал болған сөз десек артық айтқандық болмас. Ал, оның мазмұнын кейбіреулер терең түсіне бермеуі де мүмкін. Сондықтан жалпақ тілмен тағы бір түсіндіре кетсек артық болмас. Жалпы алимент дегеніміз – бір адам оны алуға құқығы бар басқа адамға беруге міндетті ақшалай немесе материалдық көмек. Алиментті тағайындау, алу, жинау ҚР «Неке және отбасы туралы» Кодексімен реттеледі. Алимент көлемі сот шешімі бойынша белгілі болады.

Алимент төлеудің негізгі түрі баланы асырап бағуға алимент төлеу болып табылады. Осы сөзге аса мән берген жөн болар, «баланы асырап бағуға» делінген. Дегенмен, көп жағдайда ерлі-зайыптылар ерікті алимент төлеуде, табысын жасырып, аз мөлшерде төлеу үшін түрлі әрекеттерге барып жатады. Ал, шын мәнінде екі ата-ана да балаларын тәрбиелеу мен дамытуға қатысуға міндетті. Неке бұзылған жағдайда, баланы тәрбиелеу үшін ата-аналардың бірі жауапкершілікті алады, әдетте бұл анасы, бірақ ҚР заңнамасында әкесіне де анасына да балаларын алимент түрінде ұстауға материалдық көмек көрсетуді міндеттейтін нормалар қарастырылған. Алимент төлеуге міндеттелген ата-ананың бір ай сайын бір балаға табысының 1/4 бөлігін төлесе, екі балаға 1/3 бөлігін, одан көп балаға табысының жарты бөлігін төлеп отыруы керек.
Орайы келгенде айта кету керек. Кәмелетке толмаған балалар мен еңбекке қабілетсіз азаматтарды асырауға арналған қаражаттың сақталуын қамтамасыз ету мақсатында 2026 жылдың 25 тамызынан бастап Қазақстанда алимент төлеудің жаңа тәртібі күшіне енді. Енді сот орындаушылары өндіріп алған алимент қаражаты тек арнайы ашылған банктік шотқа ғана аударылады. Бұл талап 2026 жылғы 24 маусымда қабылданған «Атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңмен енгізілді. Соған сәйкес «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» заң 102-1-баппен толықтырылды.
Жаңа нормаға сәйкес, алимент алушы арнайы банктік шот ашып, оның деректемелерін сот орындаушысына ұсынуы тиіс. Осы шотқа ғана өндірілген алимент қаражаты аударылады. Заң бойынша мұндай арнайы шоттағы ақшаға тыйым салынбайды және ол өндіріп алушының басқа да қарыздары бойынша өндіріп алуға жатпайды. Бұл алименттің тек өзінің тікелей мақсатына жұмсалуына мүмкіндік береді.Арнайы банктік шоттың болмауы борышкерді алимент төлеу міндетінен босатпайды. Алайда алимент алушы арнайы шоттың деректемелерін ұсынғанға дейін өндірілген қаражатты аудару мүмкін болмайды. Мұндай жағдайда сот орындаушысы өндіріп алушыны арнайы шот ашып, оның деректерін ұсыну қажеттігі туралы хабардар етеді. Шот ұсынылғаннан кейін жиналған қаражат толық көлемде аударылады, ал осы кезеңдегі алимент бойынша берешек сақталады. Жаңа тәртіп алимент алушылардың әлеуметтік қорғалуын күшейтіп, балалар мен еңбекке қабілетсіз азаматтарға арналған қаражаттың сақталуына қосымша кепілдік беруге бағытталған.

Жомарт ЖОЛБОСЫНОВ,

Жетісу облысының
жеке сот орындаушысы