«СӘКЕН СЕЙФУЛЛИН – ТАҒДЫР МЕН ТАҒЫЛЫМ»

0
36

Талдықорған қаласының М.Тынышбайұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінде қазақ руханиятының көрнекті тұлғасы, мемлекет және қоғам қайраткері, ақын, жазушы, ағартушы Сәкен Сейфуллиннің өмірі мен шығармашылығына арналған «Сәкен Сейфуллин: тағдыр мен тағылым» атты көрменің ашылу салтанаты өтті.

Бұл игі шара Астана қаласының әкімдігінің Бірлескен музей дирекциясы, Астана қаласында орналасқан С.Сейфуллин атындағы музейдің ұйымдастыруымен жер жәннаты Жетісудың төрінде жалғасын тапты.
Алғы сөзді Астана қаласының әкімдігінің Бірлескен музейлер дирекциясының директорының орынбасары Нұрсерік Жолбарыс сөйледі. Ол бұл көрменің маңыздылығын, мазмұнын, Сәкен Сейфуллиннің елімізге деген үлесін атап өтті. Сонымен қатар көрмеге өнер өкілдері келіп, Сәкен Сейфуллин өлеңдерін домбырамен шертті.
Ал көрменің қадірменді қонағы ретінде ақын, журналист, Қазақстанның құрметті жазушысы Нүсіпбай Әбдірахым шақырылды.
– Бұл көрмеге шақыруды алғанда, бас тарта алмадым… Сәкен Сейфуллин 1922-23 жылдары қазақ тілінің мемлекеттік тіл болуына ықпал етті… Қазақтың осындай азаматтарын біз өмір бойы үлгі тұтуымыз керек. Тағылымы осы, тағдыры ауыр болды. 1938 жылы «халық жауы» атауымен репрессияға ұшырады. Жүректі қанжылатпай еске алу мүмкін емес. Көрменің ұйымдастырушыларына рақмет, жұмыстарың жемісті болсын, – деп ақжарма тілегімен бөлісті.
Көрме үш бөлімнен тұрады: ақынның өмір жолы, қоғамдық-саяси қызметі және әдеби мұрасы. Бұл жерде С. Сейфуллин атындағы музейдің тарихы мен 11 томнан тұратын «Сырсандық» кітабы көрсетілген. Сонымен қатар Сәкен Сейфуллиннің күнделікті қолданған жеке заттары мен анасы Жамал Тышанбайқызының жеке заттары көрсетілген.
Көрме қонақтарының айтуынша, Сәкен Сейфуллинға арналған бұл «көшпелі музей» халықтың көзін ашады, еліміздің біртуар тұлғасы туралы бұған дейін білмеген ақпараттарды көрсетеді және сол дәуірге саяхат жасағандай болдық деген де ойларымен бөлісті.
Оқырман «Сәкен Сейфуллин – тағдыр мен тағылым» көрмесін 4-19 маусым аралығында көруге мүмкіндік бар.

Аяулым ТАРЫБАЕВА