БАДМИНТОН, БИЛЬЯРД ОЙЫНЫНЫҢ АРДАГЕРІ

0
24

Сталинград шайқасына қатысып, жараланған Сүйеніш Жобалайұлы 1943 жылы ауыр жарақат алып, Томск госпиталында үш айдан астам уақыт емделіп, әрі қарай соғысқа жарамсыз болып, 1943 жылдың күзінде туған жерге, Қапал ауданындағы Суықсайға оралады. Жобалаев Табыс Сүйенішұлы өзінің өмір жолын төмендегідей баяндайды: әкем қаржы саласында қызмет атқарды. 1946 жылы мен дүниеге келіп, атымды Табыс деп қойыпты. Ақсу ауданы Қызылтаң ауылындағы мектептен 7-сыныпты бітіргеннен кейін Жансүгір кентіндегі орта мектептің 8-сыныбын оқып жүріп, 1961 жылы Алматы қаласындағы №9 орта мектеп-интернатқа оқуға келдім. Қапалдан – Ықсамбекова Тілеубала, Ақсудан – Раушан Ахметжанова, Темірғалиев Бауыржан және мен болдым. Мектеп қабырғасында оқи жүріп спортпен айналыстық. Сол кездерде біздің елге жаңадан енген «бадминтон» ойынымен біздің интернат балалары қала бойынша жақсы нәтиже көрсетіп жүрдік. Алматы қаласының кұрама командасында ұлдардан:

Ахманов Ерболат, Темірғалиев Бауыржан, Ордабаев Ануар және Табыс Сүйенішұлы. Қыздардан: Ахметова Жұмакүл, Раушан Ахметжанова және Дариға Даниярова болды. Жобалаев Табыс Сүйенішұлы 1963 жылы Қазақ ССР құрама командасына мүше болып, Москва қаласында бадминтоннан өткен жарысқа қатысады. Келесі 1964 жылы Харьков, Воронеж қалаларында жарыста болған.
Орта мектепті бітіргеннен кейін Сүйенішұлы Табыс Семей қаласындағы медициналық институтында невропотолог мамандығы бойынша оқып диплом алады.
Әртүрлі орындарда, емханаларда дәрігер қызметін атқара жүріп, Қапал шипажайы салынып біткеннен кейін сол шипажайға жолдамамен барып 20 жыл бойы шипажайда дәрігер болып қызмет атқарды. Осы жылдарда бас дәрігер Нүсіпов Нұрмұхан Нұрахметұлы және Тұрғанбаев Базарбек Байжомартұлы тұсында қызмет етіп, Қаз ССР кәсіподақ ұйымының және Бүкілодақтық кәсіподақ ұйымының «Қызыл туын» жеңіп алды. Қонаев атамыз зейнетке шыққаннан соң 3-4 жыл қатарынан біздің шипажайда дем алып емделді.

Д.А.Қонаевтың жеке дәрігері Мүліков Ахатпен таныс болды. Осы жылдары бас дәрігердің емдеу жөніндегі орынбасары қызметін атқар-ды. 1994 тоқырау жылдары Қапал шипажайы қаражаттың жетіспеуінен жұмысы тоқтап қалуы себепті, Талдықорған қаласындағы Алматы облыс-тық туберкулезға қарсы дис-пансердің дәрігері болып орналасып, 2012 жылы зейнетке шықты. Қазір Талдықорған қаласының тұрғыны. Сол зейнетке шыққан жылдан бастап, Талдықорған қаласындағы бильярд федерациясына ойыншы болып кіріп, бүгінгі күні ардагер ойыншы ретінде 80-ге толған мерейлі жасына арнап, бильярд ойынынан турнир өткізетіндігін жария етті. Турнирді өзінің жеке қаржысымен өткізіп жүлделі орындарға төмендегідей сыйақы тағайындапты:

I орынға – 100 мың теңге;
II орынға – 60 мың теңге;
III-IV орынға – 30+30 мың теңге.
Ұдайы айналысып 80 жасқа келгенше спортты өзіне серік еткен ағамызды сыртынан қарап, іс-қимылын, жүріс-тұрысын көріп, 60 жасты беруге болады. Осы жасында сергек әрі ширақ қимылды ағамызға 100-ден аса ғұмыр кешуді тілейміз.
80 жасыңыз кұтты болсын,
Денсаулық мықты, сәнді болсын.
Бильярдтан турнир сәтті өтіп,
Қалған ғұмырыңыз мәнді болсын!

Сембек СОЛТАНҰЛЫ