АУЫЛ АЗАМАТЫМЕН ТАНЫЛАДЫ

0
39

Қаратал ауданы Кәлпе ауылының тұрғыны Орынбек Сағымбаев зейнеткерлікке жетсе де тынымсыз тіршілік төңірегінде жүргенді ұнатады. Мамандығы мен зейнетке дейінгі қызметі орман шаруашылығымен байланысты болған соң ба, әлде өзі табиғатынан сондай ма, әлі күнге дейін тал-терек егумен айналысады.

Ауылда туып, ауылда өскен Орынбек алғашқы мамандығын Көксу ауылшаруашылығы техникумында алды. Одан кейін екі жыл жауынгерлік міндетін өтеп шыңдалды. Туған ауылында инженер-механик болып еңбек етті. Білімін жетілдіру үшін Ауылшаруашылығы институтын «орман ісі» мамандығы бойынша сырттай оқып, Үштөбе орман шаруашылығы мекемесінде, одан кейін облыстық ауылшаруашылық басқармасында коммерциялық бөлім бастығы болып қызмет атқарды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап-ақ кәсіпкерлікті меңгеріп, шаруа қожалығының иесі болды.
2021 жылы Кәлпе ауылының кіреберісіндегі жол жиегіне өз қаражатына аллея жасап, көкжелек отырғызды. Жолдың бойындағы 2 гектар жерді Орынбек Сағымбаев аллеяға айналдырды. Игілікті іске аудандық әкімдік те көмектесіп, оған шырша көшеттерін алып берді.
Кәлпе ауылына баратын күре жолдың бойын көгалдандыруды қолға алған Орынбек бұл шаруаға кіріспес бұрын, өзінің айтуынша, ол алдымен жоспар жасап алды. Артынан соған сәйкес жерді жыртқызып, шөптерден тазартып, ағаш көшеттерін егуге дайындады. Алдымен теректердің көшетін екті. Баптап өсірген теректері жайқалып өсіп кетті.
Аллеядағы ағаштар мен шыршаларды суғаратын шығыр құрылғыны Орынбек өзі жасап іске қосты. Оның айтуынша шығыр минутына 360 литр су шығарып бере алады. Кәлпенің орналасқан жері сазды әрі құмдауыт болғандықтан — бұл жерден су шығара алмайсың, жері, топырағы сортаң, тұзды — деп болжаған су мамандарының болжамын Орынбек осылайша теріске шығарды. Жол бойындағы аллеядан басқа Сағымбаевтар отбасының үй жанында жайқалып тұрған жеміс ағаштары бар. Бақша мен аллеяны суғару жұмыстары Орынбектің мойнында болса, гүл егіп, төңіректі әсемдікке бөлеу келіншегі Ғалияның міндетіне жатады. Өздерінің үй төңірегі ғана емес, енді Сағымбаевтар ауылды да абаттандыруға, көгалдандыруға көмектесеміз деп отыр.

Баян Таңатарова


ПІКІР ЖАЗУ