ҚАҒАЗ КІТАПТЫҢ ҚАДІРІ ҚАШТЫ МА?

0
134

Үйдегі кітап қойған сөрелеріміз өзіне-өзі құлап сынып, ұзын саны жүзге жететін кітаптарым шашылып қалды. Не істеу керек? Кітап салатын шкафтар тым қымбат екен. Этажеркаларға кітаптарым сыймайды. Амал жоқ, кітаптарымды картон қораптарға салып, сарайдағы сөрелерге апарып қойдым. Қаншама рухани байлық жатыр жетімсіреп… Жаңа технологиялар үй телефоны, пошта және пленкалық фотоаппарат сияқты заттарды ысырып тастады. Кітап пен газеттің өзі де таяу арада керексіз болып қалатын сияқты…

Қазір электронды кітаптар сұранысқа ие бола бастады.Сандық құрылғылардың басты жетістігі – онда көптеген құжаттарды жинау мүмкіндігі. Дәл осылай электронды кітаптарға да талай том кітаптар сияды. Бірақ дәстүрлі кітаптардың жақтаушылары қағаз кітаптың орнын ештеңе баса алмайтындығы туралы әр жерде айтып жүр. Мәселен…
Қағаз кітапты оқу кезінде сіз тарихпен бетпе-бет келіп отырғаныңызды сезінесіз. Күлуіңіз мүмкін, бірақ сезім де маңызды рөл ойнайды.
Электронды кітаптар қолайлы қызметтерге толы. Бірақ олар әлі де қағаз кітапқа жете алмайды. Сіз бір кітаптың бірнеше бетін қатар ашып, түзеп, қайта қарауға мүмкіндігіңіз бар. Әрқайсысына белгі салуға және белгілі бір мәтінді маркермен бояп қоюға мүмкіндігіңіз бар. Ал осының барлығын электронды кітаппен жасай аласыз ба?
Біздің дәстүрде сыйлық ретінде кітап беру қалыптасып кеткен. Мұның бәрі, әрине қағаз кітапқа байланысты бола алады. Оның әрқайсысы түрлі-түрлі қағаздан жасалады. Ал сіз электронды құрылғыны кітап ретінде сыйлай аласыз ба? Тым қымбат емес пе?
Қағаз кітабы тарихтың жәдігері екенін жоғарыда айттық. Сонымен қоса, кітап – өнерге айналуы мүмкін. Кітап сіздің естелігіңіз бола алады. Әрине, кітапты сіз жинай аласыз! Сандық құрылғылар осындай мүмкіндіктерден ада, әрі файл ретінде электронды кітапты коллекция қылып жинау ақылға қонымсыз.
Электронды құрылғы арқылы сіз көптеген кітаптарды сатып аласыз, нақтырақ айтсақ, жүктеп аласыз. Бұдан кейін кітап сіздің электронды қорыңызда тұрады. Ал егер қағаз кітапты алғыңыз келсе – сіз міндетті түрде оны кітап дүкеніне барып, ақшасын беріп сатып аласыз. Бұл дегеніңіз сіз сатып алынған кітапты міндетті түрде оқып бітіресіз және оны құндылық ретінде бағалайсыз деген сөз.
Кітап ұстаған адам қандай да бір гаджет ұстап тұрған адамнан әлдеқайда ақылды, білімді болып көрінеді. Қолыңыздағы кітап сіздің зияткерлік қырыңыз бен статусыңызды анықтап береді. Ал электронды кітап ұстаған адам сырт көзге ойын ойнап отырғандай көрінеді. Жаңа ғасырдың адамдары электронды кітап оқыса, ескіден қалғандар қағаз кітап оқиды. Олар заманауи емес, өткен ғасырдың «қалдықтары» деп саналады. Ал кітапханаларда басылып шыққанына бірнеше ғасыр болған кітаптар сақталуда. Ал электронды басылымды соншама уақыт сақтауға бола ма мына заманауи технология күнде жаңарып жатқан уақытта? Сіз бұған не дейсіз?

Талшын Ерланқызы

 


ПІКІР ЖАЗУ