МӘРТЕБЕЛІ ҚОНАҚТАН КЕЙІН КӨҢІЛДІ КҮПТІ ЕТКЕН ЖАЙЛАР БАР

0
71

Ия, жалауларын желбіретіп, мәртебесін асқақтатқан солтүстік көршіміздің мемлекет басшысы біз сияқты аузын ашса жүрегі көрінетін, айтқанынан айнымайтын тұрақты елмен ары қарай да ынтымақтасуға осы жолы бұрынғыдан да ынталы екендігін байқатты.

Инвестициялар мен эконо-микалық, идеологиялық, мәдени – білім жөніндегі бағдарламалар дос пейілдегі ынтымақтастығымызды нығайтып, достық қарым-қатынасымызды одан әрі бекітті. Маңызды, екі жаққа да тиімді ұзақмерзімді келісімдерге қол жетті. Ол, әрине, әлді көршімен жақсы қарым-қатынастың белгісі.
Бірақ, мәртебелі көршіміз кеткеннен кейін көңілді күпті еткен жайлардың барын жасырып қала алмадық. Кең-байтақ жері бар, ол жердің керемет байлығы бар Қазақстан сияқты тәуелсіз мемлекет екендігімізді дүниежүзіндегі мемлекеттер мойындап, олармен де ынтымақтастық тұрғыда қарым-қатынас орнатып жатырмыз. Алайда, ежелгі көршінің ертеректегі боданы болып, жасып қалғандығымыздан ба, солтүстік көршіміз бізге әлі де «ағалық ақылын» тықпалап, кейде өз айтқанымен жүргізгісі келе ме деп қаласың. Өзіне ыңғайлы бағыттағы идеяларды тықпалап жатқаны да сондықтан ба дерсің…
«Аса құрметті, мәртебелі» Путинның Астанаға келіп кеткені кейбіреулерге күш берген сияқты. Басқасын айтпағанда, кеше ғана бір оқырманымыз редакцияға телефон шалып, газеттің өткен санында орысша беттердің азайып кеткеніне ренішін білдіріп, бұл орыс тілін кемсіту деп, енді ондайға жол бермеуімізді өтінді. Өйткені қазір орыс тілін барлық мемлекеттер халықаралық тіл ретінде мойындап жатқанын мақтана жеткізді.
Бір жағынан алғанда, оқырманның ескертуі орынды. Өйткені біздің орыстілді оқырмандарымыз да бар газетті жаздырып алып жүрген. Ал екінші жағынан алсақ, осындай талапты облыс орталығында орыс тіліндегі қоғамдық-саяси деп аталғанмен, негізінен жарнамалық газет болып шығатын «Вечерний Талдықорған» газетіне неге қоя алмаймыз? Неге ол газет мемлекеттік тілде бірнеше бет шығармайды? — деген талас пікірлер де бар екені шындық.
Ресеймен ынтымақтастық аясында қалың қазақ мекендеген Оңтүстік өңірде орыс мектебінің үшеуі ашылатын болды. Ал қазақ қалың қоныстанған Ресейдін кейбір облыстарында қазақ мектептері қашан ашылмақшы? — деген сауалдар айтылмады. Орыс тілдің мәртебесі мемлекет аралық деңгейде көтеріліп, халықаралық дәрежедегі ұйым құрылып жатыр. Ортақ тарихымыз орыстармен бірігіп қайта жазылатын ұсыныстар да болып жатыр екен.
Мемлекеттік тілімізді қажетті деңгейге жеткізе алмай жатқанда көрші елден түсіп жатқан бұл не деген ұсыныстар? Ондай ұсынысты біздер неге қабылдап жатырмыз? Қазақстан орыс тілінде сөйлейтін мемлекет – деп Путин неге сеніммен айтып отыр? Бұған сарапшы саясаткерлер не дейді?
Саясаттанушы Ғазиз Әбішев Орда кз. тілшісімен сұхбатында «тіл — Ресей үшін сезімтал тақырып, сондықтан ол оны насихаттайды. Халықаралық орыс тілі ұйымының құрылуы саясаттан гөрі дипломатиялық қадам деуге болады. Бұл тек қана Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасы емес, келіссөздер барысында пайда болған тақырып болуы мүмкін. Негізі бұл бастаманы басқа ел көтергенде жақсы болар еді, — деді. Сарапшы орыс тілінің Қазақстанда өз құрылымын сақтап отырғанын, бірақ мемлекет тарапынан басымдық мемлекеттік тілдің дамуына берілетінін атап өтті.
Тіл – сезімтал тақырып демекші, тіл – қазақтың ең басты құндылығы. Соған ие бола білейік. Қанша жерден дипломатиялық қадам десек те, қазақ өз тілінің мәртебесін сақтап, оның абыройын көтергенде ғана, халықтың өз ана тілінде сөйлегенде ғана біреудің жетегінде емес, дербес, егеменді ел екенімізді дәлелдей аламыз.

Баян Таңатарова


ПІКІР ЖАЗУ