16 ЖЕЛТОҚСАН НЕГЕ ТӘУЕЛСІЗДІК КҮНІ ДЕП АТАЛДЫ?
«Тәуелсіздік»… деген құдыретті сөз екендігі талас тудырмайды — деп ойлаймын. Сайын далада жері мен жесірін қорғап еркін өскен ата-бабаларымыздың қанына сіңген еркіндік әр қазақтыосы бүгінгі тәуелсіздікке ұмтылдырған қасиетті ұғым.
Біздің көк байрағымыздағы мемлекетіміздің символы ретіндегі аспанда еркін самғаған қыран құс та бекер бейнеленген жоқ!
Біз қазақтың ертедегі тарихын көріп-білмесек те бізге жеткен деректерден ғасырлар қойнауындағы дала тарихын оқып-білдік. Тарихы тереңде жатқан қазақтың азаттық аңсаған қазақ даласында еркіндікке ұмтылу тағылымы бүгінгі қазақтың егемендігіне ұласып жатқаны кездейсоқтық емес болар.
Жаңа заман тарихын зерделесек, жер шарындағы ұзын саны 240-қа жететін мемлекеттер арасында тәуелсіздік алмақ түгіл бірнеше ғасырлар бойы жетілген,әлді елдің бодандығынан шыға алмай ,бағынышты күй кешіп жатқандары қаншама!Ондай күйді біздің де бастан кешіргеніміз құпия емес. Мың өліп,мың тірілген қазақ бастан не кешірмедік!..
Мереке қарсаңында болсын немесе сол мереке күндері болсын «Еліміздің тәуелсіздік күні қандай датамен байланысты, неге 16 желтоқсан деп белгіленді?» деген сұрақ пайда болатыны заңдылық.Оны тарихи құжаттарда былай жазады.
-1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің No1008-ХІІ қаулысымен «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылданды. Оның преамбуласында Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі Қазақстан халқының еркін білдіре отырып, Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясында, жалпыға бірдей танылған халықаралық құқық нормаларында бекітілген жеке адамның құқықтары мен бостандықтарының басымдығын мойындайтыны, азаматтық қоғам мен құқықтық мемлекет құруға, бейбітсүйгіш сыртқы саясатты жүзеге асыруға, ядролық қаруды таратпау және қарусыздану процесіне өзінің ұстанымын мәлімдей отырып, қазақ елінің өзін-өзі билеу құқығы; Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігін салтанатты түрде жариялайды.
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылданғаннан кейін Президент пен Үкіметтің алдында елдегі экономикалық және саяси жағдайды қалыпқа келтіру міндеті тұрды. Азаматтықты бекіту, мемлекеттік рәміздерді бекіту, дербес институттар құру, өз валютасын енгізу, азаматтардың әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатының нашарлауына жол бермеу, т.б. арқылы тәуелсіздікті нығайту.
Тәуелсіздік алғанға дейін Қазақстанның көпвекторлы стратегиясын айқындайтын саяси шешімдер қабылданды, соның бірі – әлемдегі төртінші ядролық қару қоры – Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы 1991 жылғы 29 тамыздағы Президент жарлығы.
Қазақстанның ядролық қарусыз әлемге ұмтылатын қауіпсіз ел екенін әлем жұртшылығына паш етті. Қазақстанның бастамасымен 2009 жылғы 2 желтоқсанда Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының алпыс төртінші сессиясы 64/35 қарарын бірауыздан қабылдап, 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні деп жариялады.
— Көпұлтты елімізде азаматтық татулық пен ұлтаралық келісімді сақтау мақсатында «Қазақстан халықтарының Ассамблеясы» құрылды.
— 12 желтоқсанда Президент Жарлығымен 1986 жылғы 17-18 желтоқсандағы Қазақстандағы оқиғаларға қатысқаны үшін жауапқа тартылған азаматтар ақталды.
-Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ), сондай-ақ Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ), Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ), Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының толыққанды мүшесі болды.
— Тәуелсіз мемлекеттер (ТМД), Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО), Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы (ҰҚШҰ) және басқа да ұйымдарға мүше болды.
Одан кейінгі еліміздің саяси және экономикалық, әлеуметтік және басқа да дербестіктері әрқайсымыздың көз алдымызда өтіп жатты.Бәрі егеменді елдігімізге ең қажетті тарихи дүниелер.
Алайда ең өкініштісі, Тәуелсіздікке қол қойылған мерекелік датаның сол егемендікті Желтоқсан-86 жылы қорғап алаңға шыққан қазақ жастарының құрбан болған күнімен сәйкес келуі және сол күннің мүлдем атаусыз қалуы… Желтоқсан-86 қазақ жастарының тәуелсіздіктің негізін қалаған күні еді ғой…
Баян ТАҢАТАРОВА