ОБЛЫС ОРТАЛЫҒЫНДА «ЖАРЫМЖАН» ЖАРНАМАЛАР КӨП

0
35

Қазіргі таңда көшелер мен қоғамдық орындарда түрлі жарнамалар мен баннерлерді жиі кездестіруге болады. Олардың мақсаты – тұтынушыларды тарту, өнім мен қызметті насихаттау. Бірақ осы баннерлердің кейбіреулері күлкілі, тіпті мағынасыз болып шығатын жағдайлар да аз емес. Бүгінгі қоғамның үлкен мәселесіне айналған сауатсыздықтан қашан айығамыз? Бұл кәсіпкерлер мен жарнама агенттіктерінің беделіне ғана емес, тұтас қоғамның мәдениеті мен білім деңгейіне де кері әсер етуде.

Билбордтар мен жарнама тақтайшаларындағы, көгілдір экрандағы сауатсыз жазылған, калька түрінде аударылған жарнамалардан көз сүрінеді. Мұндай дұрыс аударылмаған немесе сауатсыз жазылған жарнамалар үшін кәсіпкерлер немесе жауапты адамдарға айыппұл салына ма? Ана тіліміз қазақ тілі бола тұра сауатсыз хабарламалардың көптігі қатені көрген көзі қарақты жанды алаңдатпайды ма?

Мұндай жарнама агенттіктерінде түрлі билбордтар үлкен көлемде өндіріледі. Қала орталығынан жарнама мен түрлі бағытта қызмет көрсету орталықтарының сыртындағы аты да, орысшадан аударылған мәтіні де қате жазылған жерлер бар. Мақалада мысал ретінде бірнеше орындар мен жарнамаларды жариялауды жөн көрдік.

Қателерден көз ашпауымыздың себебі неде?

Жақсы, қазіргі уақытта көп жарнама мәтіндері автоматты аударма құралдары немесе онлайн редакторлар арқылы жасалады делік. Бұл технологиялар көптеген тілдердің құрылымын дұрыс түсінбеуі мүмкін. Көп жерден байқағанымыз орыс тілінде мағынасы дұрыс жазылған жарнама мәтіндері қазақ тілінде қарауға тұрғысыз. Аударма мәтіні мүлдем басқаша жазылып, мән-мағынасы қалмайды. Бір қарағанда күліп «Мына қатені қара. Масқара, мағынасы басқа ғой» — деп айтарсыздар. Бірақ бұл күлуге тұрарлық іс емес. Керісінше, ұяттан жерге кіріп, жылайтын мәселе ғой.
Менің ойымша жарнама жасау, тақталар орнату барысында тіл білімінің терең меңгерілуі шарт. Алайда, кейбір жағдайларда жарнама агенттіктері немесе дизайнерлер мәтінді дұрыс тексермейді, салдарынан қате жазылған баннерлер пайда болады. Әсіресе, егер жарнама жұмысын толықтай компьютерлік бағдарламалар мен машиналық аударма құралдарына тапсыруға шешім қабылданса, мұндай қателіктерден құтылу қиын.


Десе де бар кінәні цифрлық жүйеге жаба бере алмаймыз. Себебі қоғамда қазақ тілін білетін адамдарға өтемақы беріп, қалаған сөзді өз білгенінше аудара беретіндер де жеткілікті. Бұны тілге деген құрметтің төмендігі дейміз бе? Қазақ тіліне деген құрметтің жоқтығы әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында жиі сынға ұшырайды. Бұл тұтастай қоғамның мәдениетіне зиян келтіретін мәселе. Тіпті, қазақ тілінің грамматикасы мен емле ережелеріне немқұрайлы қарау жағдайлары да көптеп кездеседі. Бұл тек тілдік мәдениеттің төмендігін ғана емес, қоғамдағы жалпы сауаттылықтың да белгісі. Қазақ тілінде сауатты жазу да, оны дұрыс қолдану да — еліміздің мәдениеті мен білім деңгейін көрсететін белгі.
Жарнама сапасына жауапкершілікпен қарау керек. Қателіктерді болдырмау үшін жарнама жасаушыларға сапаны бақылау жүйесін енгізу қажет. Жарнаманың сапасы компанияның имиджіне және оның тұтынушылармен байланысына тікелей әсер етеді.
Қате жазылған жарнамалар мен баннерлер қазіргі қоғамда жиі кездесетін мәселе. Бұл тек жарнама сапасының төмендігін көрсетіп қана қоймай, мәдениетімізге, білім деңгейімізге де әсер етеді. Жарнама жасаушылар мен кәсіпкерлердің кәсібилігі мен жауапкершілігін арттыру арқылы, жарнама индустриясын сапалы әрі әсерлі етуге мүмкіндік туар еді. Жарнаманың мәтіні тек өнімді емес, тұтас қоғамның мәдениетін, тілін, дәстүрін көрсетуі керек.

Қала орталығындағы қате
көше жарнамалары

Құрылыс, көше, ғимарат, тауарлар, сауда орындары, ойын-сауық орталықтары, дүкендер мен супермаркеттер және басқа да нысан атауларындағы жарнама мәтіндерінің дұрыс жазылуы мен эстетикалық жағынан безендірілуі – қала әсемдігінің маңызды бір бөлігі. Бүгінгі таңда көшедегі көрнекі құралдардағы тіл заңдылығының сақталуы ең өзекті мәселеге айналды. Қала көшелеріндегі жарнамалар мен маңдайша жазуларды, ақпараттық хабарламаларды заң талабына сәйкес реттеу мәселесі бұрын да бірнеше рет көтеріліп, газет беттерінде талқыланған. Бірақ, сауатсыз жазылған жарнама тақтайшалары әлі де азаяр емес.


«Алатау» газетінің редакциясы да Талдықорған қаласының орталығындағы жарнама және билбордтардағы көз көрген қателерді тексеріп, газет бетіне жариялауды жөн санадық.
Бір ғана қала орталығындағы Қабанбай батыр көшесінде бірнеше қате атаулар мен жарнамалар жеткілікті. Соның бірі LC Waikiki киім дүкенінің жанынан жаңадан ашылған телефон аксессуарлары дүкені. Дүкен сыртына ілінген жарнамада орыс тілінде «Держатели для телефонов» деп жазылған сөз қазақ тілінде «Телефон ұстаушылар» деп жазылған екен. «Ұстаушылар» сөзі қазақ тілінде тірі жанға айтылмаушы ма еді?
Сол дүкендегі тағы бір қате жазылған сөздің орысшасы «Чехлы» болса, ол қазақ тілінде «Қақпақтар» делінген. Бұл сөздің мағынасы мүлдем басқа емес пе? Қақпақ телефонға тағылмайды, ол ыдыстың бетін жабуға қолданылады. Екі сөздің де мағынасы өзгерген, оқысаң жағаңды ұстайсың.
Енді тағы бір жарнамада «Время для спорта» деп жазылған сөйлем «Уақыт спорт үшін» деп аударылыпты. Орыс тіліндегі мәтінді аудармашы платформаларға салып, қоя салғаны көрініп тұр.


Орталықтағы асханалардың бірінде «№1 Лағман, плов, сорпа орталығы» делінген. Қазақ тілінде жазылған тақырыпта «пловтың» қазақша атауы болмады ма екен деген сұрақ туындайды. «Палау» сөзі қайда қалды?
Келесі қате медициналық қызмет көрсететін орталықтың бірінде орналасқан. Аталған қатені көрмеу мүмкін емес. Билбордта «Жанға дауа» сөзі «Жаңға дауа» деп жазылған. Бұл қатенің тұрғанына талай уақыт болды. Әлі күнге өзгертілмеген. Сөйлеу кезінде «ң» мен «н» әріптерін айыра алмайтындар көп шығар бәлкім. Алайда «жанға дауа» сөзін мектеп жасындағы оқушыларда дұрыс жаза алады ғой. Бұл ана тіліміздің абыройына кері әсер етеді.
Тағы бір жарнамада «Роддомға бізбен бірге жиналып сыйлық ал» деп жазылыпты. Роддом сөзі орыс тіліндегі сөз емес пе. Оны қазақ тіліндегі «Перзентхана» сөзімен алмастыруға болмаушы ма еді.
Қарай берсең әлі де қателер кезігері анық. Оларды да келесі сандарда жаза жатармыз. Бірақ ана тіліміздің қатенің астында қалғаны тіл жанашырларын алаңдатпай қоймайды. Орысшаланып кеткеніміз сонша қазақ тіліндегі бір сөз бен сөйлемді дұрыс аударуға қауқарымыз жоқ. Осылай жалғасса не болмақ?
Бұдан басқа автобустағы жарнамада, көше аттарындағы қателерді байқауға болады. Ілияс Жансүгіровтің тегі «Жансүгүров» деп берілсе, екіншісінде Ләззат Асанованың есімі «Ләзат», бірінде «Ляззат» деп жазылған. Бұлардың барлығы қарапайым адам үшін сауатсыздықтың белгісі емей немене?
Айта берсек, бір ғана қала орталығында ғана емес, Талдықорғанның барлық ай-мағында жарнама саласында орын алған келеңсіздіктер аз емес. Жоғарыда аталған жарнама берушілердің қатесі түзеле ме? Оған кім жауап береді? Мұндай қателерді кім тексереді? Неге тиісті шаралар қабылданбайды? Қояр сауал көп…
Қала көшелері мен базар, сауда орталығындағы жарнамалық жазулар қадағалануы тиіс. Қала көшелеріндегі қате жарнамаларды байқасаңыз, редак-цияға суретін, мекен-жайын жіберулеріңізді сұраймыз.

Гүлнұр ЕРМҰХАНҚЫЗЫ


ПІКІР ЖАЗУ