КІТАП ОҚЫМАҒАН ЕЛДІҢ ЕРТЕҢІ БҰЛЫҢҒЫР

World population review дерегіне сәйкес Қазақстан кітап оқитын 98 елдің арасынан 92-ші орынға жайғасты деген мәлімет ғаламтор желісін кезіп жүр. Көрсеткішке сүйенсек, елімізде жыл сайын оқылатын кітаптар саны 2.77, ал бір жылда кітап оқуға жұмсалатын сағат саны 65 деп есептелген. Егер жағдай осыншалықты күрделі болса, кітап оқымайтын халықтың жай-күйі қандай болмақ?
Дана халқымыз «Кітап – жан азығы» дейді. Әйгілі ғалым, ақын-жазушылар ғасырлар сабақтастығынан осынау заманға дейін ұрпаққа ұлағаттылықты, ұлттық құндылықтар мен тәлім-тәрбиені бойға сіңіруге арқау болған сан мыңдаған кітаптарды туындатты. Бірақ, әттеген-айы 21 ғасырда оны оқып, рухани азық қылған жанның аздығы. Ғылым, мәдениет, тарих, философия, әдебиет секілді салалардағы білімдер кітап арқылы таралған. Адамзат баласы өзінің ойын, ізденісін, ашқан жаңалықтарын осы күнге дейін кітап арқылы сақтап қалды. Кітап оқудың адамзат баласына тигізер пайдасы басым. Бұған ешбір жан қарсы шыға алмайды. Жалпы мәдениет тарихында адамзат ұрпағының, әр халықтың алатын орны оқыған кітабының санымен айқындалады. Ондай болса, біздің алар орнымыз қайда?
Қазіргі таңда ғылым мен білімнің дамуымен қатар, кітаптың орны мен рөлі ерекше маңызды болып тұр. Алайда, кітап оқуға қызығушылықтың төмендеуі, әсіресе жас ұрпақ арасында, елдің болашағына қауіп төндіреді ме деп қорқамыз. Білімді ұрпақ – болашаққа сенімді қадам. Кітап арқылы адам баласы өмірдің әртүрлі саласында білім алып, шындықты, әділеттілікті, құндылықтарды түсініп, өз жолын табады.
Қазіргі кезде жастардың кітап оқуға деген қызығушылығы біршама төмендеуде. Жаңа технологиялардың, интернеттің дамуы кітаптың орнын толығымен алмастырғандай әсер қалдырады. Әлеуметтік желілер, ойындар мен басқа да цифрлық өнімдер жас ұрпақтың уақытын айтарылықтай алады, бұл кітап оқуға көңіл бөлуге кедергі болған басты мәселе. Сонымен қатар, подкасттар мен аудиокітаптар сияқты жаңа формалар дамып келеді, олар кітаптардың орнына ыңғайлы әрі қолайлы ақпарат көзіне айналды. Әсіресе, көлік жүргізу кезінде немесе спортпен айналысқанда тыңдайтын кітаптар бүгінде сұранысқа ие.
Оның үстіне, біз жастар кітап оқымайды деп налимыз. Алайда оның салдары мектеп қабырғасындағы сапасыз кітаптарға да байланысты ғой. Егер оқу мәдениеті мектептерде жеткілікті дәрежеде дамымаған болса, балалар мен жасөспірімдер кітапқа деген қызығушылығын көрсетпей жатып, өлтіріп алады. Көптеген мектептерде оқу бағдарламалары тым ауыр, ал кітаптарға бөлінетін уақыт та өте шектеулі. Біз оқыған ана тіліндегідей бүгінгі оқулықтарда қазақ ақын-жазушыларының әңгіме-өлеңдері жоқ. Кітаптар көбінесе ойлануға, терең білім алуға шақырады, бірақ қазіргі қоғамда жеңіл әрі тез қабылданатын ақпаратқа сұраныс басым болғаны сіз бен бізді алаңдатады.
Кітап оқу тек жеке тұлғаны дамыту құралы ғана емес, ұлттың болашағы мен өркениетінің кепілі. Кітаптың әрбір беті адамзаттың ақыл-ойы мен рухани байлығын сақтап, оны жаңа ұрпаққа жеткізу жолында маңызды орын алады. Сондықтан, біз кітапқа деген қызығушылықты арттырып, оны елдің білім мен мәдениетінің негізі ретінде қабылдауымыз қажет. Кітапты қолына алмаған елдің ертеңі білімсіз, мәдениетсіз, рухани тұрғыдан жұтаң болып қалары сөзсіз.
Ғалымдардың зерттеулері көрсет-кендей, кітап оқу ми жұмысын жақсартады, когнитивтік қабілеттерді арттырады және жалпы мидың денсаулығына пайдалы әсер етеді. Кітап оқу адамның интеллектуалдық деңгейін көтеріп қана қоймай, эмоциялық және психологиялық дамуына да ықпал етеді.
Психолог Назира Бұрханова кітап оқудың ми үшін таптырмас жаттығу екенін айтады. Соңғы ғылыми зерттеулер кітаптың эмоциялық интеллект пен есте сақтау қабілетін жақсартып, қиын сәтте оңай шешім табуға көмектесетінін анықтап отыр. (Informburo.kz)
«Нейробиологтар жүргізген зерттеу-лерге сүйенсек, кітапты аз оқысақ та, үздіксіз оқысақ та, пайдасы өте мол. Әсіресе көркем әдебиет эмпатия, жанашырлық, мейірімділік секілді сезімдерді арттырады, эмоциялық интеллект жұмысын жақсартады. Мұнымен қатар, кітапты баяу әрі ұзақ уақыт оқитын болсақ, бұл берілген тапсырманы тереңірек ұғынып, күрделі ақпаратты тез игеріп алуға жол ашады. Мұның барлығы кітапты анда-санда бір оқитын адамдарда болатын өзгерістер. Ал егер кітап оқуды қанға сіңген әдетке айналдырсақ, нейрондық байланыстардың тығыздығы артады. Сондай-ақ мидың оң және сол жарты шарындағы байланыс нығая түседі. Кітап оқудың арқасында қырағы ғана емес, ақылды бола түсеміз. Сол себепті кітап оқу әрқайсымызға керек қасиет», – деді психолог.
Кітап әрбір адамның бойындағы шығармашылық қабілетті оятады. Сол себепті оқырманның кітапқа деген қызығушылығын жоғалтпауы үшін бірнеше кеңес ұсынамыз:
— күнделікті кітап оқуға 1 сағат арнау қажет, ал уақытыңыз болмаса кемінде 15 минут оқу керек. Сонда миыңыз тынығып, сергіп қаласыз.
— кітапты жас ерекшелігіне қарай таңдаған жөн. Оқу барысында жүйелікке аса мән берген абзал.
— кітаптағы өзіңізге қажетті жерлерін жазып алу сізге пайдасын тигізеді. Нақыл сөздер немесе қанатты сөздерді жазу арқылы сізде жаңа ойлар туындайды, өмірге деген көзқарасыңыз өзгереді және кітап оқуға деген құлшынысыңыз арта түседі.
— кітапты оқып біткеннен кейін өз ойыңызды жазып отырыңыз. Оқыған кітаптан тәжірибе жинап, өзімізге қажет құндылықтарды алу қажет. Осы кеңестерді пайдалана отырып кітаптың қаншалықты пайдалы болғанын біле аламыз.
Қорытынды ретінде академик, публицист-жазушы Молдағали Матқанның бір сұхбатында кітап жайлы айтқан сөзімен бөлісуді жөн көрдік. «Көп оқыған текті адамның рухани қоржыны ізденімпаз еңбекқорлықпен жинаған-терген гауһарлар мен інжу маржан түйіндерге толы болып, әмбебаптық дәрежеге жетеді. Қысқасы, кітапты заманның қатаң талаптарына сай лайықты адам өмір сүру үшін оқу қажет. Әлемдік ұтқыр құндылықтар мен асылдарды дер кезінде игере отырып, ұлттық болмысымыздың ұтқырлығын жаңаша оздыра түсу үшін оқу қажет. Кітап – сарқылмайтын теңдесі жоқ алтын бұлақ және көнеріп тозуды білмейтін алтын қазына. Білім-ілім, бұл – нұр. Ендеше кітапты түпнұсқадан оқуды ешбір техника да, технология да алмастыра алмайды. Қысқа тіршілікте көзіміз әбден жеткен мол дүние жайлы қазбалап айта берсек, кітап оқудан адамзат баласының алатын жан-жақты ләззәті мен құдіретті қуатында шектеулік жоқ. Болуы мүмкін де емес». Шынымен де кітапты қолға алып, ұнаған тұсын белгілеп қойып оқу жанға рахат сыйлайды. Ғаламтордың шырмауынан шығып, рухани азықты қолмен ұстап, көзбен көре жинайық құрметті оқырман.
Гүлнұр БАЙМҰХАН