ЕТ НЕГЕ ҚЫМБАТТАДЫ?

Атакәсібі мал өсіру болып табылатын Қазақстанның ет нарығына не болды? Соғымын сойып алып, наурызға дейін тып-тыныш отыратын қазақ неге аяқ астынан тыпырлап, мазасызданып кетті? Өйткені басқа басқа, бірақ етсіз отыра алмайтын қазақ үшін ет қымбаттады! Біз облыстық ауылшаруашылық басқармасы деген құзіретті орынға хабарласып, еттің қымбаттау себебін білуді жөн көрмедік. Өйткені олардың «көкесі», яғни Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров 11 ақпандағы Үкімет отырысында Қазақстанда ет бағасының өсуі Тәжікстан мен Өзбекстан тарапынан сұраныстың жоғары болуына байланысты екенін айтқан еді.
Бірден ойға оралған сұрақ: Тәжікстан мен Өзбекстан биыл аяқ астынан соншалықты көп етжегіш болып кетті ме? Біздің ағылып келіп жатқан тұтынушысы жоқ, сатушы мен ет толған сөрелері қаңырап тұрған бос тұрған сауда орындарындағы ет аяқ астынан неге қымбаттайды? Ет ұзақ сақтауға келмейтін тағам түрі емес пе? Алушысы болмаса баға керісінше, түспеуші ме еді, товарды өткізу үшін? Неге деген сұрақтардың бәрі ауылшаруашылығы министрлігіне әкеліп тіреледі. Басылымдар мен әлеуметтік желілерді шолып шыққандағы көргеніміз, бізді ойландырған сұрақтардың көбісі елімізге ортақ ет мәселесі екен. Біріміз еттің қымбаттауын былтырғы қуаңшылықтан көрдік. Екінші біріміз — мал басы азайған шығар деп жорамалдадық.Ал үшіншілеріміз «бәрі қымбаттағанда ет неге қымбаттамасын» — деп жатырмыз.
Осыған орай журналис-тер Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшысына «бұл рас па?» деген сауал қойды. Олар да әртүрлі жауаптар бере бастады:
– «Себебі қуаң-шылықта емес. Өткен жылы жазда қуаңшылық болып, былтыр қалыпты өнім алдық. Екі жыл бұрын астықтың қанша тұратынын, қазір қанша тұратынын өздеріңіз көріп отырсыздар. Теңгерімді азықтандыруға жем-шөбіміз жеткілікті – бұл өте арзан, шамамен 50 мың теңге. Сондықтан құрғақшылық ет құнына әсер ете алмады», – деді Айдарбек Сапаров.
Ауыл шаруашылығы министрлігі ет бағасының өсуін қолайсыз ауа райынан көреді. Өйткені, аяз бен боранның кесірінен шаруа қожалықтары етті қалаға жеткізе алмай жатқан көрінеді.
Қайрат Айтуғанов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары:
– Сұраныс көп болғандықтан сатушылар бағаны қымбаттатып жатқан шығар. Өйткені, ауа райына байланысты етті базарларға жеткізу қиын болып тұр. Жолдар жабық. Сондықтан ет тапшылығы болған соң, баға өсіп кетеді.
Ауыл шаруашылығы министрлігі мал тапшылығы жоқ екенін жеткізді. Айтуларынша, ішкі нарықты сиыр етімен 97%, қой етімен 100% және жылқы етімен 98% қамтамасыз етілген. Ал, баға неге көтерілгенін жауаптылар түсіндіре алмады.
Біздің пайымдауымызша, журналис-тердің сұрағына ауылшарауашылығы министрлігі дайын емес. Олар еттің қымбаттауын да күтпеген сияқты. Бірақ олар әр уақытта да үлкен трибуналардан елімізде мал шаруашылығының үлкен қарқынмен дамып келе жатқанын айтып жүр. Мемлекет те қолдау көрсетуде. Басымдылық берілген бағдарламалар қабылдануда. Олай болса министрліктегілер бағаның шарықтауының нақты себебін неге білмейді? Неге еттің қымбаттауын біресе алыпсатарға, біресе ауа райына, біресе жолдарға, біресе Тәжікстан мен Өзбекстан экспортына жабады? Жоспар жасаған жерде болжам деген де болуы керек емес пе? Кіріс пен шығынды сараптау министрлікті тек жақсы жағынан көрсету емес шығар?
Салалық кәсіподақ мүшесі Мақсұт Бақттыбаевтың LS басылымына берген сұхбатында ет бағасы мал басының азаюына байланысты өсіп отыр дейді. Статистика бойынша Бақтыбаевқа сенер болсақ, мал басының 2019 жылғы көрсеткіші ірі қара 7,4 млн. бас болса, 2024 жылы ол 7 млн. 800 мың басқа жеткен. Бұл өтірік көрсеткіш емес пе? Мал басы өссе – ет бағасы да көтерілмеуі керек емес пе? Ал көтерілген баға мал басының кеміген көрсеткіші деуге болады.
Етті арзандату үшін бәсеке керек дейді сарапшы.
– Ол үшін дереу Монғолия мен Белоруссиядан арзан ет жеткізілсе, бір ай ішінде ет бағасы түседі – деген болжам айтады. Оған қоса Үкімет қосымша құн салығын қайта қарап жатыр, ауылшаруашылығын мүлдем қосымша құн салығынан босатпақшы. Бұл да ет бағасына әсер етпей қалмайды. Нақтылап айтқанда, Ауылшаруашылығы министрлігі тарапынан жіберілген кемшіліктер тез арада қаралуы тиіс. Экспортты шектеп, мал өсірушілерге жеңіл несиелер мен субсидияар беріп, шенеуніктер де жергілікті жерлердегі мүмкіндіктерді қарастырмаса нарықтағы баға өсе бермек — дейді Бақтыбаев. Қазақ етсіз отыра алмайтыны рас қой.
Баян Таңатарова