ҚАЗАҚ ТІЛІ КІМГЕ КЕРЕК?

0
93

Бүгінгі таңда қазақ тілінің қоғамдағы рөлі туралы сұрақ көп. Неге қазақтар өз елінде, өз ана тілінде сөйлей алмайды? Неліктен мемлекеттік тілдің мәртебесі ресми құжаттар мен ұрандардан әрі аса алмай отыр? Күнделікті өмірде қазақ тілінен гөрі орысша сөздерді жиі естимін. Санап көргенімде, бір күнде шамамен 150-ге жуық орысша сөз естиді екенмін. Бұл дегенім бір айда 4 650 сөз.

Ресми түрде қазақ тілі – мемлекеттік тіл екені бәрімізге белгілі. Бірақ көшеде, қоғамдық орындарда орысша сөйлесу әдетке айналып барады. Кейде «Қазақ тілі қайда кетіп барады?» деген сұрақ ойыма келеді. Әлде, бұл басқалар үшін қалыпты жағдай ма?
Қазір қазақ тілінің дамуына кедергі келтіретін басты мәселе – халықтың өз тіліне деген салғырттығы. Біз өз ана тілімізді өзіміз құрметтемесек, оны өзгелердің мойындауын қалай талап етеміз? Орысша сөйлеу – мәдениеттілік пе, әлде өз тіліне немқұрайдылық па?
Қазақ қоғамында қалыптасқан бір қате ой бар – көпшілік әлі күнге дейін орыс тілін білмеу ұят деп қабылдайды. Әсіресе жастар арасында қазақша сөйлеуден қашқақтап, орысша жауап беру сәнге айналған. Оған дәлел – көшелерде, сауда орындарында қазақша сұрақ қойсаң, орысша жауап алу жиі кездеседі. Ал орысша білмесең, өзіңді біртүрлі ыңғайсыз сезінесің. Бұл құбылыстың себебі неде? Біріншіден, кеңестік кезеңде қалыптасқан психологиялық дағдарыс әлі де әсер етуде сияқты. Сол уақыттан бері орыс тілі ресми, ал қазақ тілі тұрмыстық деңгейде ғана қолданылатын тіл ретінде қалыптасты. Екіншіден, Қазақстанда мемлекеттік тілді білмесең де, жоғары лауазымға жетуге, кез келген салада жұмыс істеуге еш кедергі жоқ. Ал әлемнің дамыған елдерінде мұндай жағдай жасалмаған – әр мемлекет өз тілін білуді талап етеді. Ал білмеген жағдайда мемлекеттік жұмысқа қабылданбайды. Бізге неге осы заңды енгізбеске. Егер біздін елде де осы заң қабылданса халық өз ана тілін үйрене бастамайды ма? Әлде қазақ тілі – қағаз жүзіндегі ғана мемлекеттік тіл ме? Қазақ тілі заң жүзінде мемлекеттік мәртебеге ие болғанымен, іс жүзінде оның қолданыс аясы шектеулі. Қазір мемлекеттік органдардың өзінде қазақ тілін қолдану деңгейі төмен.
Мемлекеттік тілдің дамуына тікелей жауапты тұлғалардың өздері қазақша сөйлей алмай жатады. Лауазымды тұлғалардың көпшілігі ресми жиындарда орысша сөйлеуді жөн көреді. Ал қоғамның алдында тұрған қарапайым азаматтар да осы үрдіске қарап бой түзейді. Егер билік өкілдері қазақша сөйлеуден қашқақтаса, халықтан не күтеміз? Танымал әнші Нұрлан Өнербаев қазақ тілін білмейтіндерге айыппұл салуды ұсынды. Оның айтуынша, мемлекет күн сайын жаңа айыппұл түрлерін енгізуде, сондықтан халық та өз ұсынысын білдіре алады. «Күнде бір жаңа айыппұл түрін енгізесіңдер! Ендеше біз де бір ұсыныс жасайық – қазақ тілінде сөйлемейтіндерге 39 320 теңге айыппұл салынсын!» – деді. Бұл пікірді қолдайтындар көп. Мен де осы ұсынысты қолдаймын және мұндай заң қабылданса, қазақ тілін меңгеруге деген ынта артар еді деп ойлаймын. Бұл шара халықты ана тілімізде сөйлеуіне және оны үйренуге ынталандырудың бір жолы болар еді.
Жүсіпбек Аймауытов: «Елін, жерін сүйген әрбір азаматтың ана тіліне деген сүйіспеншілігі болуы шарт», – деген. Егер біз өз тілімізді шын мәнінде құрметтесек, оны дамытуға өз үлесімізді қосуымыз керек. Қазақ тілінің болашағы – әрқайсымыздың қолымызда. Егер біз өз елімізде өз тілімізде сөйлеуден қашсақ, ертең қандай ұлт боламыз?

Зарина МАНАРБЕКҚЫЗЫ


ПІКІР ЖАЗУ