ЕРЕКШЕ ДАУЫС ИЕСІ

0
99

Өнер – адам жанының сәулесі, ал ән – сол сәуленің жүректі тербейтін әуені. Табиғатпен үндесіп, бала күнінен әнге құштар болған Бақтыбала өз даусымен көпшілікті тәнті етіп, қазақ мәдениетіне өзіндік үлес қосты. Қарапайым ауылдан шығып, сахна төрінде жарқыраған ол, таланты мен еңбегінің арқасында өнерге адалдықтың үлгісін көрсетті.

Ән – адамның жан дүниесінің айнасы, көңілінің көкжиегі. Өнер атаулының ішінде ең нәзік, ең сыршыл түрлерінің бірі – ән өнері. Әсем ән тыңдағанда жүрек тебіреніп, жан рахатқа бөленеді. Әннің құдіреті – оның адам жанына әсер етіп, көңілге түрлі сезім сыйлауында. Осындай ерекше дауыс иесі атанған жанның бірі – Бақтыбала. Ол бала кезінен әнге ғашық болып, табиғатпен үндесе жүріп, үлкен өнер жолына қадам басты.
Бақтыбала Рахметолдақызы 1960 жылы 20 ақпанда қазіргі Қаблиса ауылдық округінде дүниеге келген. Мектеп табалдырығын Мәмбет ауылындағы орта мектепте аттап, кейін оқуын өз ауылында жалғастырды. Бала күнінен өнерге жақын болған Бақтыбаланың әншілік қабілетін алғаш байқап, оны қолдаған – ұстазы Бәтес Қалиев. Ол Бақтыбаланы мектептегі іс-шараларға қатыстырып қана қоймай, аудандық, облыстық байқауларға да жетелеп, оның дарын иесі екенін дәлелдеді.

Өнерге деген сүйіспеншілік

Мектепті аяқтаған соң, 1977 жылы Бақтыбала Мәмбет ауылындағы халық театрында еңбек жолын бастады. Бұл жерде оның шығармашылығы шыңдалып, сахналық шеберлігі қалыптасты. Бақтыбаланың әншілік жолы кездейсоқтық емес еді, себебі оның бойындағы өнерге деген махаббат бала күнінен бастау алған. Оның ата-анасы мал бағумен айналысқандықтан, жаз жайлауда, қыс қыстауда өтетін. Табиғаттың әрбір құбылысы – көгілдір тау, сылдырлап аққан бұлақ, жайқалған шалғынды дала – Бақтыбаланың жан дүниесіне ерекше әсер етіп, ән айтуға шабыт беретін.
«Мен табиғатпен сырласқанды жақсы көретінмін. Көксу өзенінің жағасында тұрып ән айтқанымда даусым алысқа жетіп, өзіме ерекше күш-қуат беретін. Табиғат – менің алғашқы ұстазым, алғашқы тыңдарманым болды», – дейді Бақтыбала.
Ол бала күнінен Бибігүл Төлегенова, Роза Бағланова, Зейнеп Қойшыбаева, Люция Төлешова секілді қазақ әншілерінің орындауындағы әндерді сүйіп тыңдап, олардан үйренді. Ән өнеріне қызығушылығы артып, өз даусын үнемі шыңдауға тырысты. Әнді жәй ғана орындамай, оны жүрекпен сезініп айтуды үйренді.
Бақтыбаланың репертуары жан-жақты әрі бай. Ол халық әндерін, Қазақстан композиторларының туындыларын, сондай-ақ қырғыз, орыс, украин әндерін орындап, тыңдарман жүрегіне жол тапты. Домбырамен дәстүрлі әндерді нақышына келтіре орындауы – оның ерекше өнерінің айғағы.
Әнші өз дауысына сай шығармаларды мұқият таңдайды. Солардың бірі – Ж.Тұрсынбаевтың «Қыз қарағай» әні. «Бұл әнді Бибігүл Төлегенова апамыз орындаған. «Мен дәл сол кісідей айтпасам да, халықтың сұранысы бойынша орындап жүрмін», – дейді Бақтыбала. Уақыт өте келе бұл ән оның репертуарындағы ең сүйікті шығармалардың біріне айналды.
Өнерге сіңірген еңбегі елеусіз қалған жоқ. Ол Көксу ауданының құрметті азаматы атанып, құрмет грамоталары мен алғыс хаттарға, түрлі дипломдарға ие болды. Бақтыбаланың шығармашылығы — ұлттық музыканың байлығын дәріптеп, тыңдарманға рухани азық сыйлаудың жарқын үлгісі.
Әнші болу — екінің бірінің маңдайына жазылмаған ерекше тағдыр. Ән — жүректің үні, жан дүниенің сәулесі. Оны сезіну, жүрекке жеткізу – үлкен өнер, ал сол өнерді өмірінің мәніне айналдыру — нағыз таланттың еншісі. Әншілік — тек дауыс пен әуеннің үйлесімі ғана емес, ол — ішкі тереңдік, сезімнің шынайылығы, тыңдарманның жүрегіне жол таба білу. Бұл өнерді игеру бар да, оны қастерлеп, таза күйінде сақтау, әр нотасын жүрекпен орындау — мүлде басқа қасиет. Өнердің киесін түсініп, әнге адалдық танытқан жан ғана шынайы әнші атанады.
Бақтыбала — сол асыл өнердің қадірін білген, оны кіршіксіз сақтап, халықтың жүрегіне әнмен жол тапқан дарын иесі. Ол үшін ән — жай ғана әуен емес, ол — өмірдің өзі, халыққа қызмет етудің ең асқақ жолы. Ән — уақыттың сынынан өтетін мәңгілік мұра. Бақтыбала әндері де сол мәңгіліктің бір бөлшегіне айналып, ұрпақтан-ұрпаққа жететін асыл қазына болары сөзсіз. Өйткені шынайы өнер ешқашан жоғалмайды, ол әрдайым халық жадында жаңғырып тұрады.

Әнші отбасының өнер жолы

Бақтыбала бес балалы отбасында дүниеге келген, оның кенже інісі Мұқтар да әншілікке бейім. Әнге деген сүйіспеншілік оның өз балаларына да берілді. Бақтыбала бір ұл, үш қыз тәрбиелеп өсірді. Ұлы Өркен кәсіби әнші, ал қыздары да өнерге жақын.


«Өнер жолы – үлкен жауапкершілікті талап етеді. Мұғалім бала оқытады, дәрігер адам емдейді, олардың еңбегі көзге көрінеді. Ал әнші үшін еңбегінің жемісін бірден көру қиын. Себебі әншілік – үздіксіз еңбекті, дауысты күтіп-баптауды, жан-тәніңмен беріле жұмыс істеуді қажет ететін сала», – дейді Бақтыбала.
Ол мәдениет саласында 40 жылға жуық еңбек етті. Бұл жылдар ішінде сахнадан түспей, ауыл мәдениетін дамытуға бар күш-жігерін жұмсады. «Кейде үйіміздің, бала-шағамыздың бар екенін ұмытып кететін кездер болатын. Өнерге берілген адам үшін сахна – екінші үйің сияқты», – дейді ол.

Құрақ құрау –
өнердің тағы бір қыры

Бақтыбала тек әнші ғана емес, сонымен қатар шебер қолөнерші. Ол кейіннен, қолы бос уақытта құрақ құрау, көрпе тігу ісімен айналыса бастады. Бұл өнерді де ерекше ықыласпен меңгеріп, қолөнер бұйымдарын жасауда өз шеберлігін көрсетті. Әнін айтып, отырып, құрақ құрау – ол да бір тамаша сәт!
«Құрақ құрау – жай ғана тігін емес, бұл үлкен шығармашылық жұмыс. Әрбір түсті, әрбір өрнекті үйлестіру керек. Мен құрақ құрағанда туған жерімнің табиғатын елестетемін. Жайқалған гүлдер, тау етегіндегі алқаптар, өзендердің сұлулығы – барлығы менің шабыт көзім. Қолөнер де дәл ән секілді – жүрекпен жасалуы керек», – дейді ол.


Бақтыбала құрақ құрауды жәй ермек емес, сүйікті ісі ретінде қарайды. Ол құрақ құрауды кішкентай кезінде анасынан көріп үйреніп, осы өнерді әрі қарай жалғастырып алып кетті. Құрақ көрпе сырт көзге әдемі көрінгенімен оны құрауда қаншама еңбек жатыр! Тек қолдың икемділігі ғана емес, сонымен қатар шыдамдылық пен ұшқыр қиялды да қажет етеді.

Ауыл мәдениетін дамыту –
басты міндет

Бақтыбала ауыл мәдениетін дамытуға ерекше көңіл бөледі. «Бүгінде ауыл мәдениетін көтеруге мүмкіндік мол. Барлық мәдениет үйлері техникалық және музыкалық аспаптармен жабдықталған. Енді тек халықты өнерге тартып, олардың талантын ұштау керек. Іс-шараларға ауыл тұрғындарын түгелдей қатыстыру қажет. Олардың пікірін тыңдап, мәдени бағдарламаларды соған қарай құру керек. Жас таланттарға қолдау көрсетіп, оларға бағыт-бағдар беру – біздің міндетіміз, репертуар таңдау – үлкен талғампаздықты қажет етеді», – дейді ол.
Бүгінгі таңда мәдени шаралардың сапасы жиі сынға алынады. «Көп жағдайда сахналық қойылымдар кезінде киімдерге, ән мен күйдің таңдалуына аса мән берілмейді. Айтылып жатқан әндердің сөзіне назар аударылмайды. Өнер деген – тек ән айтып, сахнаға шығу емес. Бұл – үлкен рухани мұра. Сондықтан жас әншілерге бағыт-бағдар беріп, оларға өнерді шын жүректен сүюді үйретуіміз қажет. Сахна деген құдіретті жерде өзін ұстай білуді көрермен ықыласына назар сала білу, секеңдеп билей бермей әуенге сай қимылдар жасау сияқты сахна әліппесін үйрену керек. Қазіргі таңда көрермен көңілін өзіңе аудару оңай емес. Сонда да болса, әртүрлі бағыттағы іс-шараларды ұйымдастыра отырып, халықтың мәдениетке деген көзқарасы мен қызығушылығын арттыра алу өнер саласында жүрген мамандарға қойылатын басты талап. Қазағымыздың ұлттық ойындарын тек Наурыз мерекесінде ғана насихаттау жеткіліксіз. Оны жаңа бағытта жандандырып, ұдайы ұйымдастырып отыру қажет, дей келе Бақтыбала: «алдағы уақытта отбасы болып қатысатын іс-шараларды көбейтсек жөн болар еді», — деп өз ұсынысын білдірді.
Бақтыбала – ауылдың ғана емес, тұтас ауданның айтулы өнер тұлғаларының бірі. Оның орындаған әндері туған жердің көрінісіндей әсерлі, ал өнерге деген сүйіспеншілігі шексіз. Ол – табиғатпен үндесіп, халқына әнімен қуаныш сыйлаған жан. Өнерге деген шынайы махаббаты, талмай еткен еңбегі арқылы ол туған жерінің мәдени өміріне өлшеусіз үлес қосты.
Өнер мәңгілік болғанымен «уақыт мерзімі» деген ұғым бар. Уақытпен есептеспей ән салған кездер келмеске кетсе де өзін әлі де сахна төрінде тұрғандай сезінетін Бақтыбалаға ән әлемінде жүре беріңіз демекпіз. Сахна, өнер, үй осы үш сөз үшін өмір сүрдік, бәріне де үлгердік, — дейді Бақтыбала. Ауыл өнерпазы үшін бұл үлкен ерлік. Сондықтан да ол ауданның Құрметті азаматы. Сахнада қандай сыйлы болса, қоғамдық өмірде де солай… Оның әдемі әндерінің әлі де өз тыңдарманы бар.

Зарина БЫЖЫБЕК


ПІКІР ЖАЗУ