ҚАЗАҚША САУАТТЫЛЫҚТЫ НЕ БҰЗАДЫ?

0
23

Қазақтың сауаттылығына қызық уақыт келді. Ол уақыттың аты – Ғаламтор, яғни озық байланыс технологиясы. Білгіміз келген, көргіміз келгеннің бәрін үйде отырып-ақ білеміз, көреміз. Әрқайсымыздың қолымызда дөңгеленген дүниені көрсететін құрал – смартфон, планшет, ноутбук, компьютер…

Айтқымыз келгені озық технология емес, өзіміздің санамыздағы өзгерістер.Біздің тіліміздің сауатсыздануы. Жаңа озық технологияға «үлес» қосып жатқан қазақ сөздерінің бұрмалануы. Айталық, WatsApp – та жаңа сөздер пайда болды. Олар қандай сөздер? Оқыңыз.
— Норм. Не істеп? Не істеватсың? Жатырық. Отырық. Таңқалғанды білдіретін «Вау»… барат-келет, тебет (барады, келеді, тебеді), қдрп – қыдырып, мсқ – мысық, раха – рахмет, см – сәлем, сб – сау бол, бош — болшы, жесть! – эмоцияны білдіретін сөз, «токсик»-төңірегін жақтырмайтын адам, тағы-тағылар. Көп ондай сөздер. Қысқарған сөздердің жаңа, әлеуметтік желідегі түрі деп айтуға болады.
Осылай жазу қалыптасып кетсе сауатсыздықпен қалай күресуге болады? Қалай жазылса, солай сөйлей бастайды ғой жастар. Бұлай кете берсе қазақтың сөзі,яғни, қазақтың тілінен де айырыламыз ғой.
Білікті сарапшылардың ақылына сүйенсек, мұндай сауатсыздықпен күресудің бірден-бір жолы газет-журналдар немесе кітап оқу дейді. Балалар мен жастар басылымдары жоқ емес, бар. Бірақ оларды көбі оқымайды. Неге? Өйткені әлеуметтік желілер бар санамызды жаулап алды. Байланыс жеңілдеді. Депутаттардың сөзімен айтсақ, қазіргі ұрпақтың «емізігі – Тик-Ток, бесік жыры – Инстаграмм». Ол желіден жастар не көреді? Бойлары мен саналарына не сіңіреді? Қандай тәрбие алады, егер ашып қалған беттерде буллинг, порнография, суицид жасаудың түрлері, есірткі жарнамасы тағы да басқа әсіре қызықтар көрсетіліп жатса? Мұның бәрі өсер ұрпақ тәрбиесіне қандай ықпал ететінін біліп-сезіп тұрсақ та амал жоқ, әр баланың қолына бір-бір смартфонды ұстатып қоямыз. Уақыт талабы дейміз… Ондай «ойыншығы» жоқ бала өзін өзгеден кем көретін жағдайға жеттік. Алайда ол трубканың — смартфонның балаға психологиялық, әлеуметтік, тіпті физиологиялық кері әсері барын біз – үлкендер ескереміз бе?
Кейбір елдерде әлеуметтік желілерге шектеу бар екен. Мысалы, Ресейде, Өзбекстанда, Тәжікстанда шектеу қойылған, ал Тик-токтың отаны саналатын Қытайда ол желіні онға келмеген балаға балама желі ашқан. Индия тыйым салған.
Тик-Токка тыйым салу туралы немесе балалардың жас мөлшерін шектеу туралы мәселе көтерілгелі біршама уақыт болса да оған түпкілікті жауап беріп жатқан Үкімет жоқ.
«Өзі – бір күндік, сөзі – мың күндік» болатын газет түсінген адамға ақпараттың қайнар көзі және таусылмас құнды қазына. Сондай-ақ, халықты сауаттандырып, көзін ашатын ақпарат құралы. Әсіресе, қазіргідей қазақы сөздің қаймағы бұзылып бара жатқан заманда газет оқу өте қажет. Бұл туралы таяуда белгілі журналист Нұрислам Құспанғали өзінің «Фейсбук» парақшасында «Біз тілді сақтауымыз керек! Бұлай кете берсек, қазақтың сөз өнері тұрмақ, сөйлеуінен айырылып қаламыз» деп мәселе көтерді.
Расымен де, қазір әлеуметтік желіде «Нестепватсын?», «Не хауар?», «Норм» деген сынды қате жазудан көз сүрінеді. Көз сүрінген былай тұрсын, дәл осылай жазу әдетке айналып бара жатқандай. Ал, тұрақты түрде газет оқып, рухани сусындап отырған адам бұлай қате жазбайды. Себебі, бір мақала газетке шыққанша бірнеше сүзгіден өтеді. Әр мақаланың үтір, нүктесінен бастап, сөйлемнің дұрыс құралуы, сөздің дұрыс жазылуы, оның газет бетіне орналасуы – бәрі де тексерістен өтіп, оқырманға ең дұрыс нұсқасы жол тартады. Ал, оны оқыған оқырман өмірде де, әлеуметтік желіде де сауатты болары хақ.
Танымал журналист Нұртөре Жүсіп бір сұхбатында «Газетке деген немқұрайлылық тек Қазақстанда ғана өріс алып отыр. Әлемнің кез келген озық мемлекетінде қағаз түріндегі басылымдар тұрақты шығуда. Технология жағынан дамыған Жапонияның өзінде күніге екі рет – таңертең және кешке 9 миллион тиражбен шығатын газеттер бар. Сол Жапония неге жауып тастамайды газеттерін? Бәрі смартфон арқылы оқи бермей ме? Жоқ! Дамыған елдерде газет оқу мәдениеті қалыптасқан. Олар содан айырылғысы келмейді» деген болатын.
Расымен де, қазір сонау Америкада, мына тұрған Түркияда ай, апта емес күн сайын миллиондаған тиражбен газет шығады және олар оқылады. Бұл елдердің қарқынды түрде дамып, өркендеп жатуының құпиясы да осы жерде жатуы мүмкін. Өйткені, газет бар жерде сауаттылық әрі білім мен ғылым болады. Ал, ғылымы бар елдер міндетті түрде дамиды.

Баян ТАҢАТАРОВА


ПІКІР ЖАЗУ