ТЕКЕЛІДЕ БИЛЕР АЛҚАСЫ ҚҰРЫЛДЫ

0
24

Бұл туралы біз қазан айындағы газетіміздің нөмірлерінің бірінде қысқаша ақпарат берген едік. Билік пен әлеумет арасындағы қоғамдық қатынастардың алтын кө-піріне айналуы тиіс Текелі билер алқасы туралы оқырмандарымыздың толық мәлімет алғысы келетін өтініші бойынша біз Жетісу билер алқасының Текеліде өткізген жиналысынан бастап атқарылып жатқан іс-терді кеңінен баяндауды жөн көрдік. Өйткені өздеріңізге белгілі, қазір Текелі қаласының тұрғындары әлеуметтік –экономикалық тұрғыда моно-қалаларымыЗдың бірі болып саналады, ұлттық құрамы жағынан да шүкір деуге болады, қазір қалада қазақтардың саны өсіп отыр.

Қазан айында Текелі қаласында «Қазақ билер алқасы» қоғамдық бірлестігі Жетісу облысы филиалы Текелі қаласы билерінің алғашқы отырысына қатысып , біраз өзекті мәселелерді ортаға салып өткен болатын.
Бірден айта кететіні, бұл отырысқа қызығушылық білдіріп қатысқан мемлекеттік органдар басшыларымен қатар қоғамдық ұйымдардың жетекшілері мен журналистер, тұрғындар тарапынан қатысқан әлеумет аз болған жоқ.
Жиында әділдіктің ақ туын көтеру жауапкершілігін мойнына алған ақсақалдарға билер алқасының мүшелік куәлігі табысталып, олардың елді ынтымақ-бірлікке ұйыту, қоғамдағы көкейтесті мәселелерді саралап, туралыққа жету жолындағы мақсат-мұраты айқындалды.
Тарихқа көз жүгіртсек, халқымыздың, яғни, қазақтың даласын мекендеген елдің өзіндік басқару жүйесі болғанын аңғарамыз. Жоғарғы билікті қолына ұстаған ел басқарушы хандарға халық таңдап сайлаған билер қара халықтың, яғни,көпшіліктің көкейіндегісін ханға жеткізіп, қара қылды қақ жаратын әділдікке жетуге жетелеген.
Би болып сайланған адам тумысынан текті, көреген, алыстан барлап, тереңнен толғай алатын данышпан, парасатты жан болған. Әдетте, би атауына шешен сөзі тіркесіп жүреді. Бұл бидің бұра тартпайтын шешімін бұлтартпайтын шешен сөзбен жеткізетінінің айғағы болса керек.
«Түгел сөздің түбі – бір, түп атасы – Майқы би» деген сөз осының дәлеліндей. Төле, Қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке билердің сөз билігі, кесімді шешімдері әлі күнге дейін бағасын жоғалтқан жоқ. Осы игі дәстүрді жаңғыртып, бүгінгі қоғамның тұрақтылығын, ел арасындағы тыныштықты сақтауды, жас ұрпаққа ұлттық негізден алшақтамаған тәрбие беруді көздеген Қазақ билер алқасы әр өңірде құрылып, белсенді жұмыс істеуге ниетті.
Жиын тізгінін ұстаған Қазақ билер алқасы Жетісу облысы филиалының төрағасы Саржан Ержұманов алдымен көпшілікті еліміздегі ұлттық мереке Республика күнімен құттықтап, ұлт мүддесі, халық қамы үшін атқарып жүрген еңбектеріне табыс тіледі. Ол Қазақ билер алқасының игі бастамасын қолдап, басқосуға қатысып отырған Жетісу облысы мәслихатының депутаты Ермек Егінбаевқа, облыстық Қоғамдық даму басқармасынан Саматбек Маратұлына, Текелі қаласының соты, полициясы, ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшыларына ризашылығын жеткізе отырып, Қазақ билер алқасының негізгі мақсаттарына тоқталып, оларды атап өтті.
— «Елімізде «Қазақ билер алқасы» қоғамдық бірлестігі 2023 жылы құрылды. Бекітілген жарғымызға сәйкес біздің мақсатымыз – мемлекеттік органдармен, үкіметтік емес ұйымдармен және халықпен тығыз қарым-қатынас орнату, жастарға патриоттық тәрбие беру, халықтар достығы, мемлекет тұтастығы мен берекелі тұрмыс жолында билік пен халық арасында алтын көпір болу. Мен өткен жылдан Қазақ билер алқасы Жетісу облысы филиалының төрағасы болып жұмыс істеп келемін. Облысымыздың барлық аудан-қалаларында билер алқасының төрағалары сайланды. Текелі қаласының билер төрағасы – Талғат Жанболатов. Енді қаладағы билер алқасының құрамын бекітеміз. Осы жиынға облысымыздың, Талдықорған қаласы мен Панфилов ауданының билері қатысып отыр», – деген С.Ержұманов Қазақ билер алқасының қолға алған бастамаларына, қыркүйек айында өткен билер алқасының республикалық Құрылтайында көтерілген мәселелерге тоқталды.
Текелі қалалық сотының төрағасы Олег Анисимов қазіргі уақытта сотқа жүгінген тараптарды татуластыруға көп көңіл бөлініп отырғанын, осы ретте билер алқасы отбасылық кикілжің, азаматтар арасындағы дау-дамай сынды істерді сотқа жеткізбей парасатты пайыммен түзу жол нұсқап, сот пен полиция жұмысына жәрдемші болатынына сенетінін және билердің төрелік сұрап келген жандармен кездесуі үшін қалалық сот ғимаратынан арнаулы бөлме қарастыратынын айтты.
Жиынға қатысқан азаматтар билер алқасының жұмысын үйлестірумен қатар, ұлттық, отбасылық құндылықтар, дін, тіл, білім мәселесі, ұрпақ тәрбиесі және бүгінгі күні орын алып отырған басқа да әлеуметтік мәселелер туралы ойларын ортаға салып, пікірлерін білдірді.
Бұдан кейін Текелі қаласы билерінің төрағасы Талғат Жанболатов Текелі билер алқасының құрамына сайланған қаланың сыйлы азаматтарымен жиынға келгендерді таныстырып өтті.
Ертай Дүйсебаев — Текелі билер алқасының аға биі. Текелі қалалық Ардагерлер кеңесі, Ақсақалдар алқасының төрағасы, Жетісу облысының, Текелі қаласы мен Ескелді ауданының Құрметті азаматы.
Бүркітбай Файзолла — Текелі қаласының биі. «Шарапат-Сауап» корпоративтік қорының төрағасы, «Жетісу саятшылары» ұлттық спорт түрлері федерациясының президенті, Текелі қаласының Құрметті азаматы мен Текелі қалалық Қоғамдық кеңесінің төрағасы.
Бақыт Шалбаев Текелі қаласының биі. Облыстық жер комитетінің, үйлестіру кеңесінің мүшесі, Текелі қаласының Құрметті азаматы.
Гүлнұр Омарова — қалалық билер төрағасының кеңесшісі. Ол қалалық Ардагерлер кеңесінің хатшысы, Аналар кеңесінің мүшесі.
Қазақ билер алқасы Жетісу облысы филиалының төрағасы Саржан Ержұманов жоғарыда аты аталған азаматтарға қалалық билер алқасының мүшелік куәлігін табыстап, істеріне сәттілік тіледі.
Текелі қалалық билер алқасы атқарар істер алда. Қала тұрғындарымен араласу, олардың өміріндегі өзекті мәселелермен билер алқасына келгенде қабылдап, алдарына келгендерге түсіністікпен қарап, дұрыс бағыт-бағдар беру – басты назарда.
Мәселені қазақтың байырғы билері сияқты екіжақты тиімді арашалықпен , түсінік жұмыстарымен сотқа дейін жеткізбей шешу болса – бұл, әрине, оңай жұмыс емес. Жергілікті жерде қордаланып қалған жеке проблемалар мен кейде мемлекеттік органда отырған орындаушылардың қатесінен сүйретпеге айналып кеткен тұрғындар мәселесін сотқа жеткізбей орындауды қолға алу үшін жауапкершілік жоғары болғанда ғана сол жұмыс оңтайлы шешіліп жатады. Арыз-шағым азаяды. Осы билер институтын ашуды бастама етіп көтерген мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың да көздегені елдің әлеуметтік шағымын азайтып, «тура биде туған жоқ» дегендей, шындық арқылы әділеттілікті орнату болса, Саржан Ержұманов басқарып отырған Жетісу билер алқасы да өз жұмысын осыған сәйкес оңтайландырып жүргізуді басты мақсат етіп отыр.
Жетісу облысының барлық 8 ауданы мен Текелі,Талдықорған қалаларында құрылған билер алқасының жұмысы біртіндеп жандана бастағандай. Ең бастысы – Текелі қалалық билер алқасының төрағасы Талғат Жанболатовтың заң саласы қызметкері (қорғаушы) болып табылуы — Текелі билер алқасының табысты жұмыс істеуіне тигізер септігі мол деген сенімдеміз.

Баян Таңатарова