…БАЛАЛАРДЫ ӨКСІТПЕ, МЕНІ ЖОҚТАТПА!

0
19

Бұл неміс басқыншыларымен шайқасуға мыңдаған майдангерлер сияқты 1941 жылы соғысқа аттанып бара жатқан Тәңірберген Сәбитовтың жан-жары Мәйкебалаға айтқан тапсырмасы еді. Етігімен қан кешіп, ажал оғын сепкен сұм жаумен шайқасқа қатысып, жараланып елге оралса да, бейбіт күнгі еселі еңбегімен Жеңіс күнін жақындатқан Тәңірберген Сәбитовтың тағдыры жас ұрпаққа өнеге.

Елін қорғаған жауынгер

Ұлы Отан соғысының ең қанды шайқастарының бірі — Сталинград шайқасы 1942 жылдың 17 шілдесінен бастап 1943 жылдың 2 ақпаны аралығында өткені белгілі. Бұл шайқастағы жеңіс соғыс барысында түбегейлі бетбұрысқа қол жеткізуге мүмкіндік берді. Сталинград шайқасында Отан үшін күрескен 500 мыңға жуық ержүрек жауынгер  қаза тапты. Қазақстанда құрылған әскери құрамалардың ішіндегі қазақтар саны басым болды. Сталинград көшелерінде ерлікпен шайқас жүргізіп, басым бөлігі қаза тапты. Олардың құрметіне Сталинградтың бір көшесі «Қазақ» деп аталды. Сол шайқасты, отан үшін отқа түскен уақытты еске алудың өзі кешегі жауынгер Тәңірберген үшін оңай емес екен…
— Әсіресе, Сталинград үшін ұлы шайқаста біздің жауынгерлеріміз теңдесі жоқ ерлік көрсетті. Өмір мен өлімнің белдескен шағы туды. Сондағы біздің жігіттеріміздің қимылы әлі көз алдымнан кетер емес…
Сол сұрапыл соғыстың белгісіндей, Тәкеңнің омырауында «Сталинградты қорғағаны үшін» медалі жарқыраушы еді…


«Сталинград» сөзі  «Жеңіс» сөзінің баламасы атанды. Бұл сөздер батылдық пен төзімділіктің мәңгілік нышанына айналды, ал  200 күн мен түнге созылған Сталинград шайқасы адамзат тарихындағы ең ірі шайқастардың бірі болды.
Сол қанды шайқаста бірнеше рет жараланған Тәңірберген жауынгер №4097 госпитальға түсіп, емделіп, қайтадан майдан даласына аттанады. Сталинград түбіндегі соғыста теңдесі жоқ ерлік көрсетіп, елге 1943 жылы І топтағы мүгедек болып оралады…

Арланмен айқасқан жылқышы

…Сәбитов Тәңірберген 1901 жылы Ақсу уезінің 4-ші ауылында дүниеге келген. Әке-шешесінен ерте айырылып, жетім өседі. Жастайынан еңбекке араласады. Ауылдың малын бағып, 1932 жылы Кеңес Одағына аты әйгілі болған жылқы зауытының негізін қаласады. Сол жылдары жалғыз өзі Жамбыл облысы Луговой ауданынан бір үйір асыл тұқымды жылқы айдап келіп, оны бағып қағып, жылқы санын көбейтеді. Бейбіт еңбек жылдары қол жеткізген жетістіктері айтарлықтай еді.
Соғыстан келе салысымен денсаулығына қарамастан, еңбекке араласып, мал шаруашылығын дамытуға кіріседі. Ол өсірген апай төс Донский, Рысак, Ақалтеке, тағы басқа асыл тұқымды жылқылары әскери бөлімдерге жіберіліп отырды. Жылына 100 биеден 70-80 құлын алып, оны шығынсыз бағып-қақты. Оның арланмен айқасы туралы әңгімесі қызықты-ақ.


— Малды өңірде қасқыр болмаушы ма еді? Былтыр біреуін соғып алып едім, биыл қанжығама тағы біреуін байладым – деп қойды қарт. Төңіректе бір тайыншадай арлан жүргенін айтты ауыл адамдары. Көрейін деп, күнге қақтаған қайың сойылым бар еді, соны алып, атқа қондым. Тобылғы торы да ауыздығын тістеп ұшыртып келеді. Алыстан өлексеге қарай тартып бара жатқан қасқырды көзім шалды. Тауға жібермейін деп бастырмалата шауып едім, жаңа жауған көбік қар көкжалды оңайлықпен алдырмайтын болды. Торының басын тежей, қырындай өтіп бара жатқанда арлан да қарсы атылды. Қақталған қайың сойылым сол кезде арланның қақ маңдайына сарт ете түсті.Кәріліктің белгісі ме, бұрын бір ұрғанда қасқырлар «қаңқ» етіп түсуші еді көтеріле алмай, бұл жолғы жауым шыр айналып, секіріп жүр. Екінші соққы тигенде тұрмастай болып жығылды. Өзі де үлкен арлан екен.Зорға өңгердім атқа…
Бұл кезде Сталинградты қорғаушы 70 жаста еді… Осы жаста ат құлағында ойнап, арланды сойылмен соғып алу – жаумен шайқасқандай үлкен ерлік, батылдық. Коммунист Тәңірберген Сабитовтың жылқы шаруашылығына сіңірген еңбегі бағаланып 1975 жылы оған «Еңбек Ері» атағы берілді. Ұлы Отан соғысына қатысып, ерлікпен шайқасқаны үшін І дәрежелі орденмен, 1946 жылы «За доблестный труд в великой отечественной войне 1941-1945 г.г.» медалімен, басқа да көптеген мерекелік медальдармен марапатталды.
7 бала тәрбиелеп қатарға қосты. Бәріне жоғары білім алып берді. Бұл күнде балалары өсіп-өніп, республикамыздың әр аймағында табысты еңбек етіп жатыр. Сталинград шайқасының жауынгері 1984 жылы қайтыс болды.
Жеңістің 80 жылдығында тарихта қалған Сталинград шайқасының жауынгері, бейбіт өмірдегі Еңбек ері Тәңірберген Сәбитовтың ұрпағы ата ерлігін еске алып, аталарының ерлігіне тағзым етіп отырады.
Оның өмірі ұрпақтары үшін тарихтың бір беті іспеттес.

Баян ТАҢАТАРОВА


ПІКІР ЖАЗУ