ҚҰШАҚТАР ГҮЛГЕ ЖАНАРЛАР НҰРҒА ТОЛҒАН КҮН

0
38

Кешегі студенттер, бүгінгі жас мамандар үшін 28 маусым күнтізбедегі жай ғана күн емес, ерекше әсерлі күн болып есте қалды. Бұл күн – «Алатау» газетіндегі үш жас түлектің кәсіби маман атанған күні. БАҚ қызметкерлері мерекесімен қатар келген айтулы күн Жетісу университетінің Гуманитарлық факультет түлектері үшін өмір бойы жүректе сақталатын, ерекше мағынаға ие, армандар орындалған сәт болып есте сақталмақ.

Төрт жыл бұрын І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің табалдырығына аяқ басқанда, олардың қолында оқушы куәлігі мен үлкен арман ғана болатын. Ал бүгін сол арман ақиқатқа айналды. Олар – дипломын қолына алып, кәсіби жолға қадам басқан ұстаз, журналист, аудармашы атанды.
Сол күннің таңы қарбаласпен басталғаны анық. Түлектер мерекелік киім киіп, қолдарына гүл ұстап, студенттік өмірдің соңғы сатысына көтеріліп келе жатты. Бикен Римова атындағы драма театрдың ауласы – шаттық пен естеліктерге толы сәт болып жадыма сақталды.
Айналадағы мантия киген, бір потокта бірге отырған басқа группа студенттерін көріп, бұл тек диплом алу күні емес – бұл сәт түн ұйқысын төрт бөліп дайындалған емтихандардың, газетке шыққан алғашқы мақаланың, сын естіп, шыңдалған тәжірибенің, студенттік шақта өткізген қызықты күндердің, шабытсыз басталып, сәттілікпен аяқталған очерк пен репортаждардың жиынтығы екенін санаммен түсіндім.
Салтанатты рәсім басталып әнұран айтылған сәтте, көңілім толқып, оқу бітіргенімді, енді мені университет қабырғасында ұстаздарым мен группам күтпейтінін, дәріс болмайтынын ұғынып, көзімнен тамшы жас ағып кетті… Сонымен, ректор Ермек Бөрібаев марапатты бастап, екінші болып есімім аталғанда ерекше сезімге бөлендім. «Шынымен жоғары білімді маман атандым ба?» — деген ой есімнен шықпады.
Келесі кезекте сан буынды тәрбиелеген, сөзі салмақты аға журналист Әміре Әрін группаластарыма диплом табыстауға шығып, жастарға жүрекжарды тілегін, журналистиканың пәрменін жеткізді:
«Бүгін сіздер – жай ғана журналист емес, болашаққа сенім артатын ұрпақ ретінде үлкен жолға аттанып барасыздар. Әр жазған әріптеріңіз – қоғаммен байланысатын алтын көпір. Ақпаратты жеткізу – жай ғана кәсіп емес, үлкен жауапкершілік. Себебі журналист – қоғамның айнасы. Сіздердің ойларыңыз, жазғандарыңыз, қойған сұрақтарыңыз – елдің ой-пікірі мен бағытына әсер етеді. Сіздер қандай болсаңыздар, қоғам да сондай болады. Сондықтан да журналистің сөзі – шындықтың үні, әрекеті – адалдықтың көрінісі болуы керек. Ақпараттың шынайылығын сақтау – сіздердің кәсіби парыздарыңыз. Бұл мамандықтың тарихы тереңде. Қазақ журналистикасының тамыры – Алаш қайраткерлерінің мұрасынан бастау алады. Сондықтан әрбір қадамыңызда осы саланың абыройын биік ұстап, кір келтірмей қызмет ету – басты мұрат. Ел үмітін арқалаған, шындықтың шырақшысы бола білген азамат болыңыздар!», — дегенде ішімнен таңдаған мамандығыммен мақтандым. Зал ішінен естілген шапалақ – бұл сөздің жүрекке жеткенінің дәлелі болды.
Ал сыртқа шыққасын бәрі естелік суретке түсіп, бір-бірімен құшақтаса қоштасты. Көздерде қуаныштың жалыны бар. Бірақ оның артында қимастықтың көлеңкесі де бар еді. Төрт жыл бойы қатар жүрген, бірге өскен, бірге армандаған жас журналистер, ұстаздар енді әр тарапқа тарамақ. Бірі – мектепке, бірі – басылымға, енді бірі – аударма ісіне, жалпы айтқанда жаңа белестеріне аттанды. Жас түлектерге үлкен өмірде тек сәттілік серік болып, өз кірпішін тауып, қалануына тілектеспіз. Қош бол, білім ордасы Жетісу университетім…

«АЛТЫН БЕЛГІ » БҰЙЫРМАСА ДА, ҚЫЗЫЛ ДИПЛОМҒА ҚОЛ ЖЕТКІЗДІМ» 

– 11-сыныпта «Алтын белгі» ала алмай қатты қиналғаным есімде. Сол сәтте өз-өзіме «университетті қызыл дипломмен аяқтаймын!» деп уәде бердім. Мақсат қойдым, соған жету үшін төрт жыл бойы аянбай еңбектендім. Бүгін, міне, сол арманыма қол жеткіздім. Ректордың қолынан қызыл дипломымды алғашқылардың бірі болып алу – ерекше сезім екен!
Жүрегімнен өткен толқын – тек қуаныш емес. Бұл – артта қалған еңбекке, төгілген терге деген шүкірлік те, риясыз риза көңіл ғой. Қанша рет түнімен сабақ оқыдым, сессия кезінде ұйқысыз жүрген күндер, практика кезінде құжат жинап сабылған кездер – бәрі көз алдымнан тізбектеліп өтті. Енді сол қиындықтардың бәрі артта қалып, ересек өмірге қадам бастым. Бұл – үлкен жауапкершілік, бірақ сонымен қатар үлкен үміт те.
Мен үшін бұл күн – ана жүрегінің де мақтанышқа толған күні болды. Анам менің аты-жөнім аталып, фоннан суретім шыққанда қатты толқып, жылап жіберіпті. Кейін «Жүрегім елжіреп, сенімен мақтандым» — деді анам. Бұл – мен үшін ең үлкен марапат. Көзімнен шыққан қуаныш жасын көрсеткім келмесе де көрініп тұр ғой… Бүгінгі күн перзентінің диплом ұстаған сәті ғана емес, олардың сан жылғы еңбегінің, тәрбиесінің, шексіз махаббатының жеңісі осы кез шығар. Әкелер – сабырлы, аналар – үнсіз ризашылықпен қарап тұр. Олар осы күнге жету үшін ұйқысыз түн кешкен, баласының әр қадамына демеу болған жандар ғой. Мен ата-анамды әлі де қуантар күн алда екенін айтып, жұбаттым. Студенттік өмірмен қоштасу да сезіміңді тербеп, қуанышпен қатар мұң да әкеледі емес пе. Группаластарыма деген қимастық ерекше. Барлық университет бітірген түлектерге тек ақ жол тілеймін! Тағы бір айта кетейін дегенім, «Алатау» газетінің ұжымына деген алғысым шексіз. Мен таңдаған мамандық журналистика болмаса да, мүмкіндігімше газет бетіне жарияланып тұрдым, редакцияның басқа да тапсырмаларына машықтандым. Өмірде үйрену, білу деген артық болмас…

МАМАН АТАНҒАН КҮН

Биыл Жетісу облысы, Талдықорған қаласындағы І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде 218 түлек оқуын аяқтап, диплом алып шықты. Бұл – үлкен қуаныш. Бірақ осы сәттің артында қобалжу да бар. Өйткені енді оқу емес, өмір мектебі басталады. Түлектер – бір жағынан қуанып, енді бір жағынан алдағы жұмыс жайын ойлап алаңдаулы.

 

Ата-аналар үшін бұл күн – баласының еңбегі ақталған, бір мамандық иесі атанған қуанышты шақ. Ал ұстаздар да шәкірттерінің жетістігіне қуанып, әрқайсысына ақ жол тіледі. Себебі шәкірттің биіктен көрінуі – ұстаз еңбегінің шынайы нәтижесі.
Биылғы түлектердің ішінде журналистика саласын тәмамдаған студенттер де бар. Осы мамандық бойынша дәріс берген ұстаз, PhD докторы Есенбек Жұмағали түлектерге үлкен сеніммен қарайды. Оның айтуынша, маман болу – тек білім алып шығу емес, қоғам алдында жауапкершілік арқалау.
«Мен өз шәкірттерімнен ең алдымен адал, әр нәрсеге жауаппен қарайтын, ізденімпаз тұлға болып қалыптасады деп үміт күтемін. Журналистика — тек кәсіп емес, бұл қоғам алдындағы миссия. Сондықтан түлектерімнің шындықты айтудан қорықпайтын, тайқымайтын, халық мүддесін қорғауға дайын, кәсіби әрі адамгершілігі жоғары маман болғанын қалаймын. Қазіргі таңда кейбір түлектеріміз үмітімізді ақтады деп есептеймін. Олар республикалық, облыстық деңгейде мемлекеттік және коммерциялық мекемелердің баспасөз қызметінде, газеттерде, радиода, телеарналарда қызмет атқарып жүр. Алды мықты танымал сақа журналистерге айналып үлгерді. Шәкірттерге артқан үмітіміз ақталды деп ойлаймыз», – дейді Есенбек Жұмағали.
Ол университет қабырғасында «Қоғам-мен байланыстың қазіргі технологиялары», «Шетел журналистикасы», «БАҚ заңнамасы және этика», «Қазіргі журналистиканың жанрлық түрлері мен қызметі», «Конвергентті журналистика» сияқты маңызды пәндерден дәріс оқыған. Теориямен қатар, практикалық дағдыларды жетілдіруге көп көңіл бөлген.
«Менің басты назарым — студенттердің практикалық дағдылары мен сыни ойлау қабілеттерін кешенді дамыту. Сонымен қатар, тақырыпқа байланысты шетелдік кейстерді талдауға аса мән беремін. Теорияны меңгеру маңызды, бірақ нақты жағдайда шешім қабылдай алатын, заманауи медиа технологияларды меңгерген, әрі тәуелсіз ойлай алатын маман тәрбиелеу — негізгі мақсатым деп санаймын. Қазіргі студенттер өте ақылды. Ең бастысы — оларға дұрыс бағдар бере алу қажет», – дейді ұстаз.
Расында, әр ұстаздың өз әдісі бар. Бірақ бәрінің жүрегі бір мақсат үшін соғады – еліміздің ертеңі болар білікті маман даярлау. Ал биылғы түлектер – сол үміт пен еңбектің нақты көрінісі.

АТА-АНАНЫҢ ІЗГІ ТІЛЕГІ

Түлектердің қуанышты сәтінің куәсі болған ата-аналардың бір тобынан сұбхат алған тілшіміз Мұрат Күмісбек өзі де дипломға ие бола отырып, газет редакциясының тілшісі екенін де ұмытпай, ата-аналардан сұбхат алыпты.

Фатима ханым:
– Ұлымның арманы шетелдік компанияда қызмет ету. Ұлым – ағылшын тілі мамандығын сәтті тәмамдап, қолына дипломын алды. Университет қабырғасында төрт жыл бойы аянбай оқып, еңбек етті. Өзінің болашағын аударма саласымен байланыстырып отыр – халықаралық компанияда жұмыс істеуді армандайды. Біз оған толық сенеміз. Еңбекқор, тіл үйренуге бейімі күшті. Театрда өткен бітіру кеші өте әсерлі болды. Шараның салтанатты өтуі – ұйымдастырушылардың үлкен еңбегі. Тек бір әттеген-айы – әр студентке бір ғана ата-ана кіру мүмкіндігі берілді. Әкесі сыртта қалып қойды. Дегенмен, бұл күн бәрібір ұмытылмас қуаныш болып қалары анық.
Думан мырза:
– Қызымыз бүгін бакалавр дипломын алды. Төрт жыл бойы тілді толық меңгеріп, талмай білім алды. Алайда жүрек қалауы – журналистикада. Кішкентайынан сөзге шешен, ойын еркін жеткізе алатын, пікірін ашық білдіретін қыз еді. Енді осы қасиеттерін қоғамға пайдалы іспен ұштастырғысы келеді.
Біз оның таңдауын қолдаймыз. Тек бір мамандықты меңгеріп қана қоймай, өзінің қызығушылығына адал бола білгені – нағыз тұлғалық қасиет. Журналист боламын деген арманы орындалып, елге қызмет ететін маман болады деп сенеміз.
Театр сахнасында өткен кеш өте әсерлі өтті. Салтанатты сәттер, диплом тапсыру сәтіндегі музыка мен сахналық жарық – бәрі де ерекше атмосфера сыйлады.
Ләтипа әже:
– Бүгін мен үшін ерекше күн – немеремнің жетістігінің куәсі болдым. Ол шет тілі мұғалімі мамандығын аяқтап, үлкен өмірге жолдама алып отыр. Бітіру кешіне мені өзі шақырды. Анасы екеуміз келісіп, мен кіретін болдым. Немеремнің: «Әже, сен менің жолымды бастадың, мен жалғастырамын» деген сөзі жүрегіме қатты әсер етті. Ол балалармен жұмыс істеуді жақсы көреді. Мектептегі практика кезінде оқушылармен тіл табысып, ұстаздықтың алғашқы қадамдарын сеніммен бастады. Болашақта туған ауылында – сол бір қарапайым мектепте – ағылшын тілінен сабақ бергісі келеді.


ПІКІР ЖАЗУ