ЖУРНАЛИСТЕР АТАҚ ПЕН МАДАҚҚА КЕНЕЛДІК

0
43

Тұрсынжан Шапай айтқан екен: …мақтан ұсақтады, мадақ жүдеді… Әншіні мақтасақ — Әміренің, өлеңшіні мақтасақ — Абайдың орнын алып бермей тынбайтын бір мазасыз әбігер… Тіпті қатардағы кандидаттың ортаңқол зерттеуі ұлттық мәдениетімізге қосылған үлкен үлес болып табылатын деңгейге жеттік. Айнала мақтан. Қым-қиғаш мадақ! – деп.
Өткен айдың соңында аталып өткен БАҚ өкілдерінің кәсіби мерекесінен кейін көп ойға қалдым. Соңғы жылдары осы мереке аталып өткен сайын журналистердің біздің қоғамдағы айырмашылықтары айқын көріне бастады. Қоғамдағы тап өкілдері сияқты, журналистерді де бөле-жара қарайтын болыпты. Басқаша айтқанда «біздікі» және «біздікі» емес...

Журналистерді неге бөлеміз?

Анық айтсақ, бізді бөле бастаған кім?- деген сұрақ көңілден кетпеді. Б.Исабаевтан бұрын БАҚ-тың кәсіби мерекесінде облыс әкімдігінің бастамасымен барлық республикалық ақпарат құралдарының облыстағы өкілдері, меншікті тілшілері болсын, жекеменшік басылымдары болсын — бөліп-жарылмай бірге бас қосатын едік. Сағынысып кездесетін едік. Бұл жолы олай болмады. Соңғы үш жылда осы облыс журналистерінің ардагері болсам да бір де бір кәсіби мерекеге, басқосуға шақырылмасам да әйтеуір, осы жолы шақырылыппын… Сонда байқағаныммен бөлісейін.
Биылғы кәсіби мерекеміз өте үлкен ауқымда өтті. Театр ғимаратының екінші қабатының фойесінде журналистердің бір тобын Жетісу облысының мәдениет, дін және қоғамдық даму саласын басқаратын орынбасары Диас Есдаулетов құттықтап, облыс әкімінің атынан марапаттап, фуршет ұйымдастырып жатса, театрдың сахнасы бар үлкен залында облыс әкімінің өзі дәрежесі үлкенірек мадаққа ие журналистерді жеке құттықтады. Соңынан өнер иелері концерт қойған. Расын айтсақ, кәсіби мерекені өткізудің бұл форматын әркім әрқалай түсінді. Марапат та әртүрлі болды… Ашығын айтсам, жалпы, бізге, журналистерге, марапат не үшін керек? – деп ойладым. Жазу — көрсету, айту, құрылтайшыңның кім екеніне байланысты оған қолпашты көбірек жазу — онсыз да журналистердің тікелей міндеті емес пе? Сол үшін жалақы, гонорар, көтерме бонустар, премиялар алып жатқан жоқпыз ба?
Ойға қонбағаны сол, үкіметтің дотациясында отырған шағын ғана облыс журналистерінің біразына марапат Астанада берілді, біразына Талдықорғанда берілді және ол марапатттар жәй ғана марапат емес, кәдімгідей салмақты статусы бар ордендер мен медальдар, атақтар. Облыстық әкімдікте жылт еткен жаңалықты жұлып алып ертелі-кеш әкімнің тіршілігін тізуден басқа дүние жоқ па төңіректе? Сол жаңалықтан жақсарып жатқан жағдай да керемет емес. Біздің облысымыз әлеуметтік мәселелер бойынша республикада тапшылықтағы 3 облыстың бірі екенің ұмытпағанымыз жөн. Қымбатшылық. Жұмыссыздық. Толып жатқан әлеуметтік мәселелер. Бір жақсысы, Бейбіт Исабаев келгелі тұрмысы тапшылар әйтеуір, үйге ие бола бастағаны болмаса, мәселе толып жатыр өңірде. Біздердің — журналистердің кәсіби біліктілігіміз сол марапаттарға сай ма? Біз өңір мәселесін талдап, сараптап, орын алған кемшіліктерді әкімдерге көрсете — жеткізе аламыз ба?
Осы орайда есіме ертеректе болған екі қысқа ғана пікір түсіп кетті. Журналистермен брифинг өткізіп жатқан облыстық әкімдіктің Ішкі саясат департаментінің басшысы бір ханым облыс журналистеріне «газеттеріңізде сыни материалдар жоқ» — деп мінеді. Ойы ұтқыр Әміре Әрін тұра салып: -Біздің журналистеріміз сын жаза алады. Ал сіздер ше? Сіздер сол сынды көтере аласыздар ма, нәтижесін көрсете аласыздар ма, өкпелегеннен басқа? — дегенде, сұрақ қойған ханым үндей алмай қалды… Тағы бірде облыс әкімінің баспасөз орталығының басшысы болған жылдары Атсәлім Идигов «Жетісу» телеарнасының журналистерінің сөз мәтіндерін сынағаны бар-ды.
– Сіздер, журналистер, өтіп жатқан шараларға барғанда өздеріңнің журналистік қабілеттеріңізді, жаза алатындықтарыңызды көрсете алмайсыздар. Біз дайындаған баспасөз — релизін көшіріп алып, сюжетті бейнекөрініспен жаба саласыздар — деген еді. Осы екі пікір есте қалды. Өйткені, екеуі де орынды пікір. Қазір, өкінішке орай, ашық қоғамда ашық пікір жоқ…

Киіз жауса да ұлтарақ бұйырмапты…

Айтайын деген екінші мәселе, БАҚ-тың кәсіби мерекесінде жергілікті билік «Жетісу» телеарнасының журналистері мен ең ақыры көлік жүргізушіге дейін «Алғыс хатпен» болса да марапаттады. Дұрыс. Еңбек адамының еңбегі еленуі керек. Осы орайда ойда жүрген тағы бір мәселемен бөліскім келіп отыр. Салыстырмалы түрде айтар болсақ…
Бізде Офсет баспаханасы деген баспа бар.Облысымыздағы газеттерді басып шығаратын жұмысы жақсы жолға қойылған баспахана. Байқауымша, осы баспахана қызметкерлеріне деген құрмет не БАҚ күнінде, не 2 ақпандағы Баспа күні де көрсетілмек түгілі ауызға ілініп аталмайды. Баспаханада істейтін жұмысшылар өз ісінің мамандары. Еңбек өтілдері 20-40 жылдан астам осы баспаханада істеп келе жатқан мамандар бар. Оларды кәсіби мерекелерде атауға не кедергі? Не себеп?
Облыстағы «Қоғамдық байланысты» реттеп отыратын Диас Есдаулетов мырза не істеп отыр сонда? «Аспаннан киіз жауса да, кедейге ұлтарақ бұйырмайды» дегендей, қаптаған марапаттың осы баспахана адамдарының біріне де тимей қалуы марапаттың мәнін қашырып тұр…

Журналистер байқауы неге кеш жарияланды?

Үшінші мәселе, «Құлагер» байқауы. Неге бұл байқау БАҚ-тың кәсіби мерекесіне 1 айға жетпейтін уақыт қалғанда жарияланады? Облыс әкімінің сайтында хабарландыру 13 маусымда, ал «Жетісу» газетіне маусымның 17 күні жарияланғанын көрдік. Әлде бұлар қайталанған хабарлама ма? Неге 3 ай бұрын жарияланбайды? Сонда ғана журналистің жазу шеберлігі мен көтерген тақырыптарын сараптауға мүмкіндік болады деп ойлаймын. «Байқауға» деген рубрикамен жарияланған материалдарды көрмеппін… Байқау шарттары да мақсаты көмескі. Ал нәтижесінде орын алып, сыйлық алғандар бар. Әкім Бейбіт Исабаевқа жеткізілген деректер бойынша олар марапатталды…
Журналистің негізгі міндеті – халықтың үнін билікке жеткізу. Соның нәтижесін беру. Тәуелді болмау. Бірақ қалай тәуелсіз болмақшысың, егер сенің жалақыңды бюджет беріп отырса? Сондықтан да бізде өткір журналистика бар деп айта алмаймын. Биліктен сыйлық алғаны үшін журналист өзін билікке тәуелді сезінетіні айтпаса да түсінікті. Енді қайтпек? Әкімнің сыйлығы мен марапаты журналисті тек жағымды жаңалық жазуға ынталандырады. Өйткені оның журналистік мансап сатысы билікке байланысты болады.
Қысқасы, айтпағым, журналист қауымының кәсіби дамуын жоғарыдағыдай марапаттар тежейді. Олар сын материалдарға сыйлық берілмейтінін білген соң, биліктің ойынан шығатындай шебер жазып немесе айтып, жорғадай жорғалап, қызыл сөзді шұбыртып, осылайша жазу стилін жетілдіреді. Дамытады…

Өңір тарихына қиянат

Төртінші айтпағым да Есдәулетовке арналады. Сіз, атқарып отырған қызметіңізге орай мынаны білуіңіз керек.
Телеарна Талдықорғанға сонау 2001 жылы облыстың қайта ашылуына байланысты Шалбай Құлмахановпен бірге келіп жаңадан ашылған жоқ. Талдықорғанда телеарна Шалбайға дейін де болған. Әркім тарихты өзінен бастағысы келетін адамдар болады екен бұл өмірде. Сол кезде әкім Шалбайдың ықпалынан шыға алмағандар 2001 жылы облыс қайта ашылғанда «Талдықорғанда телеарнаны біз аштық» — деп, орамалдарын аспанға лақтырып, мақтанып жүрді, әлі де мақтанады. «Жетісу» телеарнасында кезінде Талдықорған облыстық телеарнасында жұмыс істегендер де болды. Бірақ олардың «бұрын да Талдықорғанда телеарна болған» деген пікірлерін есепке алған адам болмады.
Негізінде, Талдықорған телеарнасы алғаш эфирге 1990 жылы 1-мамыр мерекесінде шыққан болатын. Талдықорған облыстық радиокомитетінің журналистері Тоқтасын Сүгірбеков пен Татьяна Царева, бейнеоператор Андрей Хасанов түсірген репортажбен алғашқы хабары көрсетілген еді. Талдықорған телеарнасын ашуға көп еңбек сіңірген сол жылдардағы облыс басшысы Сағымбек Тұрсынов пен Талдықорған облысының сол кездегі облыс басшысының іскер орынбасары Гүлша Тәңірбергенова болатын.
Телеарна 1990 жылдың 1-ші мамырынан бастап 1997 жылы Талдықорған облысы тарағанша жұмыс істеп тұрды. Телеарна облыстық радио ғимаратында орналасты.Радио мен телеарна ұжымында 100-ге тарта адам істеді. Солардың бірі мен Талдықорған телеарнасының алғашқы дикторы болғанымды мақтаныш сезіммен еске аламын.
Ал енді тыңдаңыз. Сол облыстық телерадиокомпаниясынан қалған талай техниканың қайда қалғаны белгісіз. Радионың фонотекасында талай музыкалық дүниелер бар еді — жоқ, видеотека да жоқ. Тіпті құжаттар мен архивінің ізі де жоқ. Пенсияға кейін шыққан кейбір әріптестеріміз еңбек кітапшасының жоғалуына байланысты өздерінің еңбек өтілін архивтен таппаған соң сотқа бірге істеген куәлерді шақырып, дәлелдеп, зорға жасатып алған жағдайлар да болды…
2019 жылы «Жетісу» телеарнасы өзінің құрылғанының 20 жылдығын атап өтті. «Талдықорғанда болмаған телеарнаны біз аштық» — деп, «айға қонған алғашқы космонавтар» сияқты болды сол салтанаттың аталуы. Бұл дұрыс емес. Осы орайда маған «Жетісу» газетінің жігіттерінің позициясы қатты ұнады. Газеттің 100 жылдығына арналған мерекелік шараларда олар мың өліп, мың тірілген қазақ сияқты, облыстың сан рет тарап, сан рет Алматы облысына қосылып кеткеніне, газеттің аты да өзгеріп тұрғанына қарамастан бар еңбекті өздеріне теліп «біз-біз» деген жоқ. Уақытты, тарихты өздерінен бастаған жоқ. Жылдарға деген, газетке деген объективті көзқарас болды. Ал 20 жылдығын атаған «Жетісу» телеарнасындағы жігіттер Талдықорғанның алғаш ашылған телеарнасын ұмыттыруға тырысты. Тарихты өзінен бастағысы келді. Бұл тарихи этикаға жатпайтын қылық деп есептеймін. Сондықтан Талдықорғанда 1990 жылы алғашқы ашылған телеарна өңір тарихынан өшпеуі керек.

Баян ТАҢАТАРОВА


ПІКІР ЖАЗУ