НӘЗІКЖАНДЫЛАР ЕР АЗАМАТЫН ҚАЛАЙ ТАҢДАЙДЫ?
Әйел адамның өмірлік серігін таңдауына әсер ететін факторлар әртүрлі. Бірі жүрек қалауымен, бірі ақылмен, бірі болашаққа көз жүгірте отырып шешім қабылдайды. Бұл сұрақты бірнеше қала тұрғынына қойғанымызда, әркім өз өмірлік ұстанымы мен тәжірибесіне сүйеніп пікір білдірді.
Шындығында әр әйел баласы болашақ жарын таңдауда түрлі көзқараста болады екен. Соның бір мысалы ретінде сауалнамаға жауап берген жас қыздар мен отбасылы әйелдердің жауабын оқырманға ұсынамыз.
«Мен үшін ер азаматтың ұқыптылығы маңызды. Қарапайым нәрсе сияқты көрінгенімен, бірінші аяқ киіміне қараймын. Аяқ киімі таза болса, бұл оның тазалыққа, өзін күтуге деген қарым-қатынасын көрсетеді. Кейде сырт киімі қымбат емес, бірақ аяқ киіміне мән беретін жігіттер сенімді болады. Түрі әдемі, бірақ аяқ киімі лас жігіттерді менсінбейтінмін», — дейді Бақыт есімді әйел.
«Мен жасырмаймын – күйеуімді есеппен таңдадым. Сезім деген жақсы, бірақ өмір сүру үшін қаражат керек, тұрақтылық керек. Ол жігіттің жұмысы бар ма, табысы қандай, болашақта отбасыны асырай ала ма – осының бәрін ойладым. Романтикамен алысқа бармайсың. Қазір шын сүйіп қосылып, кейін күнкөріске жетпей айырылып жатқан жұптар көп. Сондықтан материалдық жағын ескермеу – қателік», — деген жауабын айтты Нұргүл есімді бухгалтер.
Ал Динара есімді 24 жасар ару: «Мен үшін ер адамның келбеті, өзін ұстауы маңызды. Түрі ғана емес, киіну мәнері, жүріс-тұрысы, сөйлеген сөзі – бәрі онымен болашағымды көріп немесе ұнатпайтыныма әсер етеді. Кейде бір қарағанда адам ұнамайды, бірақ сөйлесіп көрсең, мүлде басқаша болып шығуы мүмкін. Бірақ бастапқы әсер бәрібір маңызды»
«Мен болашақ күйеуіммен сөйлесіп жүрген уақытта, әріптес болдық. Айналасындағы әйелдерге қалай қарайтынын бақылайтынмын. Кейін анасына, әпкелеріне, тіпті даяшы қызға қалай сөйлейді деп те қарадым. Себебі, осы арқылы ол маған кейін қандай қарым-қатынас жасайтынын, мінезін көрсететіні анық қой. Тұрмыс құрмаған қыздар, осы мысалды ұмытпай қарап көріңдер. Егер адам өз анасын құрметтесе, басқа әйелге де сондай сыйластықпен қарайды. Ер азамат мінезді, бірақ мейірімді болуы маңызды», — деген ерекше мысалын, ақылын айтты Дариға есімді әйел.
Ал қала тұрғыны Әсел: «Бастапқыда барлығы қарапайым сөйлесуден басталды. Уақыт өте келе оның іс-әрекеті мен үшін маңыздырақ бола бастады. Ол мені шын сүйетінін сөзбен емес, әрекетімен көрсетті: уақыт бөлді, көмектесті, қолдады. Соның бәрі жүрегіме сенім ұялатты. Мейірімі мен жауапкершілігі арқылы жүрегімді жаулап алды» деген естелігімен бөлісті.
Ерлер қауымының назарына! Жоғарыда нәзікжандылардың өз өмірлік серігін қандай өлшемдермен таңдайтынын, ер азаматтан нені күтетінін байқадық. Бірі – ұқыптылыққа, бірі – мейірім мен жауапкершілікке, енді бірі – сырт келбет пен мінезге ерекше мән береді. Араларында материалдық тұрақтылықты да маңызды санайтындар бар.
Тілші түйіні: Осы пікірлердің барлығы ер азаматқа бір ой салар деген сенімдеміз. Өмірде өз қисық қабырғасын (жарын) тапқысы келетін бойдақ жандар бұл айтылғандарға құлақ асып, өзін дамытуға, түзетуге, кемшілігін мойындап, ер-азаматтық болмысты қалыптастыруға талпынса – кім білсін, жүрекке жол табу да қиынға соқпас.
Себебі әйелдің таңдауы – жай ғана сезім емес, ол – болашаққа бағытталған сенім мен жауапкершілік. Ал сол сенімге лайық болу – нағыз ер адамның ісі.
Гүлнұр БАЙМҰХАН