ЖАСТАР ЖОЛЫН ТАПТЫ МА?
Оқу бітті. Қолда – диплом. Енді не істемекпіз? Бұл сұрақ дәл қазіргі түлектің басында тұрған ең үлкен мәселе. Жыл сайын қанша жас маман үлкен өмірге аяқ басқанымен, бәрі бірдей жұмысқа орналасып кетпейді.
Оқуды аяқтаған әрбір жас — арманы асқақ, сенімі толық маман. Барлығы бірдей – «мамандығым бойынша жұмыс істеймін» деп үміттенеді. Бірақ оқу орнын аяқтағаннан кейін бірден жұмыс табу, шыны керек, оңай емес.
Жетісу облысындағы жоғары оқу орындарының бірі — І. Жансүгіров атындағы Жетісу университеті. Колледждердің саны да аз емес. Ал сол оқу орындары жыл сайын қанша студентті түлек етіп шығарады. Бірақ сұрақ — сол түлектердің бәрі мамандығы бойынша жұмыс істеп жүр ме?
Мысалы, 2025 жылы Жетісу университетін 218 жас бітірді. Олардың ішінде ең көбі — шет тілі мамандығы бойынша (73 түлек), ал журналистика мамандығын 20 студент тәмамдады. Сырт көзге бұл — жақсы көрсеткіш. Бірақ шын жағдайға тереңірек үңілсек, мәселе бар екенін көреміз. Алысқа бармай-ақ, өз тобымыздан мысал келтірейін. Біз журналистиканы 20 бала болып аяқтадық. Қазір оның тек 9-ы ғана мамандығы бойынша жұмыс істеп жүр. Қалғандары жұмыс іздеуде немесе басқа салаға оқуға құжат тапсырып жатыр. Себебі бос жұмыс орындары санаулы. Соған қарамастан биылғы жылы журналистика бөліміне 71 талапкер құжат тапсырды. Олар төрт жылдан кейін қайда жұмысқа тұрады? Біздің өңірдегі БАҚ орындар олардың бәрін жұмыспен қамти ала ма? Бұл сұрақ шын мәнінде көп ойландырады. Мүмкін бәрі сәтімен болар, мүмкін бір бөлігі жұмыссыздар қатарын толықтырар…
Бүгінгі таңда бұл тек журналистикаға ғана тән жағдай емес. Қазір барлық мамандық иелері бір сәтте-ақ жұмыс таба алмайды. Себебі бір мамандыққа сұраныс жоғары болса, енді біріне мүлде сұраныс жоқ. Бірақ соған қарамастан, жастар сол сұраныс жоқ мамандықтарды таңдайды. Нәтижесінде, оқуын аяқтап, жұмысты таба алмай, әр салада жүріп жатады.
Жетісу облысында бүгінде 14 226 адам жұмыссыз ретінде тіркелген. Оның 30%-ы – жастар. Яғни үш жұмыссыздың біреуі – жас маман. Бұл жай ғана статистика емес, қазіргі өзекті мәселе.
Қызығы — кейбір мамандықтарға сұраныс жетіспейді. Мәселен, инженер-геолог, техник-маркшейдер, бұрғалаушы, құрылысшы, жол жұмысшысы, әрлеу шебері, тас өңдеуші сияқты нақты саланың мамандары ауадай қажет. Бұдан бөлек, дәрігерлер, медбикелер, физика, математика, шет тілі, логопедия мен психология саласының педагогтарына да сұраныс жоғары.
Дәл осы сұраныс бар мамандықтар бойынша көбірек жастар оқыса, әрі соған бағытталса, жұмыссыздық азаяр еді. Бірақ жастардың көбі танымал, жеңіл көрінетін мамандықты таңдайды. Ал кейін… диплом сандықта, өзі мүлде басқа салада жүреді. Иә, әркім кез келген жұмыс табуы мүмкін. Бірақ төрт жыл бойы алған білім, ата-ананың үміті, ұстаздың еңбегі, өзіңнің арманың — бәрі желге ұшпаса екен дейсің.
Мемлекет тарапынан қолдау да жоқ емес. Жұмыспен қамту орталықтары, жастар тәжірибесі, жаңа жобалар — барлығы жастарды жұмысқа тартуға бағытталған. Бірақ жас маманға тек бағдарлама емес, шынайы мүмкіндік керек. Қазіргі жүйеде тәжірибесі жоқ жасқа тұрақты орын ұсыну қиын. Себебі ешкім өз орнын бергісі келмейді.
Жыл сайын бітірген жас мамандар үлкен өмірге аяқ басады. Бірақ олардың бәрі бірдей өз саласынан орын таба алмайды. Бұл – бүгінгі жастардың алдында тұрған ең өзекті мәселе. Егер әр маман оқуды бітірген сәтте жұмысқа орналасса, «жұмыссыздық» деген ұғым өз мағынасын жоғалтар еді.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің назарына!
Қазір жоғары оқу орындары мен колледждерге бөлінетін гранттар нақты сұранысқа сай келе бермейді. Соның салдарынан жастар төрт жыл бойы үмітпен оқиды, бірақ бітірген соң мамандығы бойынша жұмыс таба алмай қиналады.
Егер қай өңірге қандай маман керек екені нақты зерттеліп, сол салаларға басымдық берілсе, түлек оқуды аяқтаған сәттен-ақ өз орнын табар еді. Ал сұраныс жоқ бағыттарға жастарды оқыту — болашақта жұмыссыздықты арттыру. Сондықтан мемлекеттік тапсырыс шын мәнінде қажет мамандықтарға бөлінуі тиіс. Жастар жұмыссыз жүрмес үшін Мемлекеттік тапсырыс керек осыны қолға алсаңыз. Бұл – жастардың ертеңіне сенім ұялататын, нақты нәтижеге бастайтын қадам болар еді.
P.S Дәл осы жылы диплом алған түлек ретінде мені ең көп ойландыратыны – төрт жыл оқыған білімімнің болашағы. Өзім қалаған мамандықпен жұмыс істеп жүргеніме шүкір. Бірақ менімен бірге оқыған журналист боламыз деп армандаған жиырма студенттің жартысы мамандығына жұмыс іздеп жүр. Бұл – көңілге қаяу түсіреді. Сол үшін де мен бұл мақаланы жазуды жөн көрдім. Армандар орындалсын десек, әр түлекке жол ашатын жүйе керек. Жай ғана диплом емес, шынайы мүмкіндік.
Зарина БЫЖЫБЕК