ЖЕТІСУ ЖАСТАРЫНА ИПОТЕКАҒА ҮЙ БЕРЕ МЕ?
Оқу бітірдің, жұмыс таптың, бірақ үй алу арман болып қалды ма? Қазіргі таңда еліміздің көптеген жастары дәл осы сұрақтармен бас қатырып жүр. Жалақы мен нарықтағы үй бағасы арасындағы алшақтық, алғашқы жарнаның көп болуы, ипотеканың күрделі шарттары – бәрі де өз алдына жеке пәтерге қол жеткізуге кедергі болып отыр. Бірақ, мемлекет тарапынан ұсынылып отырған жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламалары жастардың бұл түйткілін шешуге нақты жол ашуда. Енді бастысы – ақпаратты дер кезінде пайдаланып, мүмкіндікті жіберіп алмау.
Бүгінгі таңда жастардың өміріндегі ең маңызды әрі өзекті мәселелердің бірі – баспана. Үйі бар адам – тұрақты өмір сүріп, ертеңгі күнге сеніммен қарай алады. Мемлекет осы бағытта нақты қадамдар жасап, жастарды тұрғын үймен қамтамасыз етудің тиімді тетіктерін ұсынуда. Сондықтықтан, Отбасы банктің Жетісу облыстық филиалымен жастарға арналған тұрғын үй бағдарламалары туралы сұхбат жүргізген болатынбыз. Банк мамандары жастарға арналған бірнеше бағдарламаның бар екенін және оны алудың шарттарын түсіндірді.
Жетісу облысында 2025 жылы жүзеге асырылып жатқан бірқатар тұрғын үй бағдарламалары – жас буын үшін үлкен мүмкіндік. Бұл жай ғана несие емес, бұл – өз болашағыңа деген инвестиция болмақ.
«ЖЕТІСУ ЖАСТАРЫ» БАҒДАРЛАМАСЫ
Жассың, еңбек етесің, бірақ қаладан үй алу – қол жетпестей ме көрінеді? Онда «Жетісу жастары» атты арнайы бағдарлама арқылы Талдықорған қаласында тұратын және жұмыс істейтін жастар өз баспанасын сатып алуға қадам жасай алады. Бағдарлама шарттары да барынша ыңғайлы көрінеді. «Жасы 35-тен аспаған кез келген азамат, егер оның соңғы 5 жыл ішінде үйі болмаған болса және кемінде 1 жыл жұмыс істеп жүрген болса, осы жобаға қатыса алады», — дейді Отбасы банк мамандары. Бағдарлама арқылы тұрғын үй алу үшін салынатын алғашқы жарна да 30-50 пайыз деп тұрған жоқ. Бағаланған пәтердің небәрі 10 пайызын салу керек. Ал жылдық мөлшерлеме 5 пайызбен өлшенеді. Банк қызметкерлерінің айтуынша, бұл нарықтағы орташа ипотекалық мөлшерлемеден әлдеқайда төмен.
Сонымен қатар бағдарламаның қатысу талабы бойынша Талдықорған қаласында кемінде 1 жылдық еңбек өтілінің болуы (міндетті зейнетақы жарналарымен расталған) және қала әкімдігінің жергілікті атқарушы органында тұрғын үй кезегінде тұруы керек. Тағы бір ескеретіні, ерлі-зайыпты жастар болса, оалардың біреуі ғана бағдарламаға қатыса алады.
Бағдарламаның нысаналы мақсаты «Қазақстандық тұрғын үй компаниясы» АҚ кепілдігімен бастапқы және қайталама нарықтан тұрғын үй сатып алу. Қарызды қайтарудың мерзімі 19 жылға дейін есептеледі және қарыз алудың ең жоғары сомасы — 10 млн теңге. Отбасы банкінде бағдарламаның екі кезеңі бойынша күні бүгінге дейін 83 жас азамат баспанамен қамтамасыз етілген екен.
«ЖЕРҰЙЫҚ» БАҒДАРЛАМАСЫ
Тек қала жастары емес, ауылда еңбек етіп жүрген жас мамандар да назардан тыс қалған жоқ.Олар үшін Отбасы банкте «Жерұйық» атты бағдарлама қарастырылған. Бұл мемлекеттік және бюджеттік сала қызметкерлері: ауылдық жерлердегі мұғалімдер, дәрігерлер, ветеринарлар мен аграрлық сала мамандары үшін тамаша бастама. «Жеңілдетілген несие, бастапқы жарнаның төмендігі және ұзақ мерзімді өтеу мүмкіндігі – ауыл жастарына нақты қолдау», — дегенді айтады тиісті мамандар.
«Жерұйық» бағдарламасында да сыйақының жылдық мөлшерлемесі 5 пайызды құрайды және алғашқы жарна да 10 пайыз. Қарызға берілген шекті 15 млн. қаржыны 19 жылға бөліп төлеуге болады.
Сонымен қатар, бұл жастарды ауылда қалуға, туған жерге қызмет етуге ынталандырады. Ал республика көлеміндегі «Асыл мекен» жобасы арқылы көпбалалы отбасылар мен әлеуметтік осал санаттағы жастар тұрғын үйге қол жеткізе алады.
ДЕПОЗИТ АШУ МІНДЕТТІ МЕ?
Жоғарыда аталған қос бағдарлама арқылы пәтерге қол жеткізу үшін Отбасы банкте депозиттің болуы міндетті ме деген сұраққа келер болсақ, иә, депозиттің бар болуы бағдарламаға қатысу үшін міндеттелген. Мысалы, «Жас отбасы» бағдарламасына қатысу үшін депозитте 1 жыл бойы жинақ болуы тиіс. Алғашқы жарна ретінде тұрғын үй құнының 50 %-ы жинақталуы қажет. Өңірлік жастарға арналған «Жетісу жастары» ипотекасына қатысу үшін депозитте алғашқы жарна көлеміндегі сома болуы керек (мысалы, 10 %).
– Жоғарыда аталған бағдарламалар — жастар мен жас мамандардың тұрғын үй жағдайын жақсартуға арналған тиімді мүмкіндіктер. Әрбір бағдарлама нақты өңірдің ерекшеліктеріне сай бейімделген және жастардың әлеуметтік осал топтарына басымдық береді, — дейді маман ….
Баспана – жай ғана үй емес, бұл – болашақтың іргетасы. Қазіргі таңда ұсынылып отырған мүмкіндіктерді пайдалану – әрбір жасқа жүктелген жауапкершілік. Үйлі болу үшін міндетті түрде миллиондап табыс табудың қажеті жоқ. Жоспар құрып, әрекет етсеңіз – жеткілікті.
Мемлекет жастарға мүмкіндік беріп отыр. Ендігі қадам – өзімізден. Тұрғын үй бағдарламалары туралы толық ақпаратты Отбасы банкінің ресми сайтынан немесе мобильді 300 нөмірі арқылы алуға болады. Сонымен қатар, Талдықорған қаласындағы немесе аудан орталықтарындағы банк бөлімшелері де кеңес беруге дайын.
Гүлнұр ЕРМҰХАНҚЫЗЫ