КРАННАН БАСТАЛҒАН ҚАУІПСІЗДІК
Газ – жай ғана тұрмыстық ресурс емес, бұл қауіпсіздіктің, тәртіп пен жүйеліліктің кепілі. Әсіресе көпқабатты үйлерде газ жабдықтарының уақтылы тексеріліп, тұрғындардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілуі аса маңызды міндеттердің бірі. Осыған байланысты бүгін біз жуырда жаңа кеңсеге (Назарбаев көшесі, 58А, Империя бизнес орталығы, 2-қабат) қоныстанған «РЦКУ» мекемесі директорының орынбасары Дастан Бейіспекұлы Қонысбаевпен сұхбаттасып, газ жүйелерінің тексерісі, тұрғындардың міндеттері және жиі туындайтын сұрақтар төңірегінде әңгіме өрбіттік.
– Дастан мырза, уақытыңызды бөліп, сұхбат беруге келіскеніңізге ризамыз. Ең алдымен жаңа прайс-лист енгізу туралы қысқаша айтып өтсеңіз. Бұл шешімнің негізгі себебі неде болды?
– Рақмет, сұрағыңызға жауап бере кетейін. Жаңа прайс-лист (баға тізімі) енгізу – уақыт талабы. Қазіргі таңда нарықта газ жабдықтары мен оларға қажетті қосалқы бөлшектердің түрі күн сайын жаңарып, күрделеніп келеді. Бұл, әрине, қызмет көрсету сапасына, құрал-жабдықтардың бағасына және мамандарымыздың еңбегіне тікелей әсер етеді.
Біздің ұйымда жұмыс істейтін мамандардың жалақысы толығымен атқарылған жұмыстың көлеміне қарай есептеледі, яғни олар тұрақты жалақы (оклад) алмайды, тек көрсеткен қызметі үшін төленетін пайызбен табыс табады. Сондықтан, баға саясатын тым төмендету – қызметкерлеріміздің құлшынысына кері әсерін тигізіп, кәсіби мамандардан айырылып қалу қаупін туындатады.
Алайда, соған қарамастан, біз облыс көлеміндегі баға деңгейін мұқият сараптап, орташа көрсеткіштен аспауға тырыстық. Яғни, жаңа прайс-лист – нарықтық жағдайды, инфляциялық өзгерістерді, техникалық күрделілікті және кадрлық тұрақтылықты ескеріп қабылданған тепе-тең шешім.
– Прайс-лист 2025 жылдың 17 сәуірінен бастап күшіне енді. Осы аралықта тұтынушылардан қандай да бір әсер болды ма?
–Тұтынушылардан ешқандай жағымсыз әсер болған жоқ. Керісінше, көпшілігі өзгерістерді түсіністікпен қабылдап отыр. Себебі біз бұл қадамға кенеттен барған жоқпыз, алдын ала ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргіздік, әр қызметтің мән-маңызын, бағаның неге өзгергенін нақты мысалдармен түсіндірдік. Ең бастысы, қызмет сапасы өзгерген жоқ, керісінше жетілдіріліп келеді. Сондықтан тұрғындар тарапынан сенім мен қолдау байқалып отыр.
– Әр тұтынушының қолында прайс-лист (баға тізімі) болуы міндетті ме? Сонымен қатар, оның қазақша нұсқасы қашан дайын болады?
– Әр тұтынушының қолында прайс-лист болуы міндетті емес. Дегенмен, қызмет көрсетілер алдында біз әр азаматқа атқарылатын жұмыс көлемі мен оның құнын түсіндіріп, алдын ала хабарлаймыз. Яғни тұтынушы қандай қызмет үшін қанша төлейтінін нақты біледі. Толық прайс-листі басып, қолына тарату тәжірибесі әзірге жоқ, бірақ ол бағытта да жұмыс жүргізіліп жатыр. Қазақша нұсқасына келсек, қазіргі уақытта аударма жұмыстары жүргізілуде. Жақын арада дайын болған соң, оны Instagram әлеуметтік желісі арқылы жариялауымыз мүмкін. Бұл ақпаратқа ашық әрі қолжетімді болу үшін қолға алынған шаралардың бірі.
– Жазғы жылыту маусымы аяқталған соң, жылу жүйесі өшірілген кезде жер үйлердің тұрғындары батареядағы суды төгуі керек пе?
– Жаз мезгілінде батареядағы суды төгу қажет емес. Себебі батарея ішіндегі су толық төгілген жағдайда жүйе қаңсып, ішкі металл беттері тотығуы мүмкін. Бұл өз кезегінде коррозияға, яғни таттың пайда болуына әкеліп соғады. Ал таттанған жүйе қыс мезгілінде дұрыс жылу бермейді және қазандықтың жұмыс тиімділігіне кері әсерін тигізеді. Дегенмен, жылу жүйесіндегі суды толық ауыстыру немесе жүйені тазалау шамамен әр 2–3 жыл сайын жүргізілгені жөн. Бұл шара батареялардың жылу беру қуатын арттырып, жүйе ішіндегі шөгінділер мен таттың жиналуын болдырмайды. Сонымен қатар, таза жүйе қазандықтың тиімді жұмыс істеуіне оң әсер етіп, артық газ шығынын азайтады. Сондықтан тұтынушыларға жылу жүйесін уақтылы тазалап, профилактикалық жұмыстарды жүргізіп отыру ұсынылады. Бұл – әрі қауіпсіздік, әрі үнемділік кепілі.
– Бағалар өзгерісі инфляциямен немесе қызмет көрсету шығындарының артуымен байланысты ма?
– Иә, бағаның өзгеруі тікелей инфляциямен және қызмет көрсетуге кететін шығындардың артуымен байланысты. Соңғы жылдары елдегі экономикалық ахуалға сай барлық салада баға өсімі байқалып отыр. Мысал ретінде айтсақ, осыдан 6–7 жыл бұрын біздің мекемеде жұмыс істейтін слесарь мамандар орта есеппен 80 мың теңге көлемінде табыс табатын. Ол кезде бұл сома күнделікті қажетті азық-түлік пен тұрмыстық заттарды сатып алуға жеткілікті еді.
Алайда қазіргі таңда сол көлемдегі қаражат базардан ең қажетті заттарды алуға да жетпейді. Бұл – инфляцияның нақты көрінісі. Қызмет көрсету саласында қолданылатын құрал-жабдықтар, қосалқы бөлшектер, жанар-жағармай мен өзге де материалдардың бағасы да айтарлықтай өсті. Сондықтан біз бағаны өз бетімізше көтеріп отырған жоқпыз, бұл – нарықтағы нақты өзгерістерге бейімделу қажеттігінен туындаған қадам. Егер баға сол күйі өзгермей қалса, біз қызмет сапасын сақтап қала алмаймыз, сонымен қатар мамандарымыздың еңбегін де әділ бағалау қиынға соғады.
– Бұйрықта көрсетілгендей, техникалық қызметтің бірнеше түріне бірдей баға белгіленген – 2200 теңге. Бұл бағалар неге бірдей? Жұмыс көлемі немесе күрделілігі ескерілді ме?
– Иә, бұл сұрақ жиі қойылады. Белгіленген баға – тек ортақ қызмет түрлеріне арналған және жұмыс көлемі мен күрделілігі ескерілген. Қызмет түрлерінің әрқайсысы нормативтік-құқықтық актілермен бекітілген тәртіп бойынша орындалады. Яғни, бұл тек қана ұйым ішіндегі емес, сонымен қатар мемлекеттік деңгейдегі реттелген талаптар негізінде жүзеге асады.
Мәселен, көлік жүргізушілері үшін жыл сайын міндетті техникалық тексеру (техосмотр) қалай заңмен бекітілсе, дәл сол сияқты тұрмыстық газ құрылғыларына да уақтылы техникалық қызмет көрсету міндетті түрде жүргізілуі тиіс. Тұтынушы өз қазандығын (котел) қаншалықты жақсы білетінін айтса да, оны кәсіби маманның қарауы – қауіпсіздік тұрғысынан өте маңызды. Өйткені, бұл жерде тек қазандықтын жұмысы – адамдардың өмірі мен денсаулығы да тікелей байланысты.
Жұмыс барысында біз құрылғылардың жағдайын толық тексеріп, ақау табылған жағдайда оны жою шараларын жүргіземіз. Егер тұтынушыда қажетті қосалқы бөлшек (сайман) дайын болса, біз оны ақысыз орнатып береміз. Біздің басты мақсат – тұрғындардың қауіпсіздігі мен құрылғылардың ақаусыз жұмыс істеуін қамтамасыз ету.
– «ТО ВГС (стояк)» қызметінің бағасы – 1000 теңге. Бұл нақты қандай қызметке жатады?
– Аталған қызмет түрі – көпқабатты тұрғын үйлердегі газ тік құбырына (стояк) техникалық қызмет көрсету жұмыстарын қамтиды. Бұл жұмыс әр қабаттағы тік газ құбырының және оған жалғанған крандардың (газ вентильдерінің) техникалық жағдайын тексеруді көздейді. Мамандарымыз газ крандарының дұрыс жұмыс істеп тұрғанын, оңай ашылып-жабылуын, тұрып қалмағанын тексереді. Сонымен қатар газ шығуының бар-жоғын анықтау үшін сабынды су әдісі немесе арнайы газ талдағыш (анализатор) құрылғылар қолданылады. Газ құбырының әрбір жалғану нүктесінің герметикалылығы, яғни газдың сыртқа шығуы жоқ екендігі мұқият қадағаланады.
Егер қандай да бір бөлшек, мысалы, крандар ескіріп, ақауы анықталса, оны ауыстыру ұсынылады. Бұл қосымша шаралар тұрғындардың келісімімен жүзеге асырылады. Айта кету керек, бұл қызмет құны – 1000 теңге жеке бір пәтер иесіне ғана емес, сол үйде тұратын барлық тұрғындарға ортақ есеппен белгіленеді. Яғни бұл – үйдің жалпы газ жүйесіне көрсетілетін техникалық қызмет болғандықтан, шығын бірлесіп төленеді.
– «ТО современных котлов» – 5000 теңге. Бұл қандай үлгідегі заманауи қазандықтарға қатысты және бұл қызмет нені қамтиды?
– Қазіргі уақытта нарықта заманауи, электронды басқару жүйесімен жабдықталған қазандықтар кеңінен қолданылып жатыр. Әсіресе, соңғы бір-екі жылда жер үйлерге орнатылып жатқан жаңа буындағы қазандықтар – технологиялық жағынан анағұрлым күрделі құралдар. Олардың жұмыс істеу қағидасы дәстүрлі механикалық қазандықтарға қарағанда өзгеше болып, электронды тақталар, датчиктер және автоматты басқару құрылғылары сияқты бөлшектерді қамтиды. Сондықтан мұндай қазандықтарға техникалық қызмет көрсету де күрделі әрі жоғары біліктілікті талап етеді. Әр маман мұндай құралға кәсіби деңгейде қызмет көрсете алмайды. Осы себепті біз бұл салада тек арнайы кәсіби білім алған, сертификатталған мамандарды жұмысқа тартамыз. Олар еліміздегі тиісті оқу орындарынан өтіп, нақты тәжірибеден өткен адамдар. 5000 теңгелік бұл қызметке қазандықтың жалпы жағдайын тексеру, электронды жүйелердің дұрыс жұмыс істеуін бақылау, қажет болған жағдайда параметрлерді қайта баптау, жылу алмастырғыштарды тазалау, ақауларды анықтау және алдын алу шаралары кіреді. Бұл – тұтынушының қазандықты қауіпсіз әрі үнемді пайдалануына жағдай жасайтын маңызды қызмет түрі
– Прайс-листте (тізім бағасы) көрсетілген бағалар жылдық па, айлық па әлде бір реттік қызмет үшін бе?
–Прайс-листте көрсетілген әр баға – бұл бір жылға арналған толық жылдық техникалық қызмет көрсету құны. Яғни, тұтынушы сол сома арқылы газ жабдығына бір жыл бойы жоспарлы тексеріс, алдын алу шаралары, қажет болған жағдайда жөндеу жұмыстары секілді қызметтердің толық пакетін алады. Бұл – қауіпсіздік пен сенімділікті қамтамасыз етуге бағытталған кешенді қызмет.
– Сапалы қызмет көрсетуге қандай кепілдік беріледі? Қызмет көрсетуші мамандар арнайы оқытудан өтеді ме?
– Біздің компания үшін сапа мен жауапкершілік – ең басты құндылық. Компанияның беделі – біздің ең үлкен кепілдемеміз. Сол себепті біз әрбір қызметімізге аса жауапкершілікпен қарап, қарапайым түбіртек беру сияқты жұмысты өте мұқият жүргіземіз. Егер тұтынушыға көрсетілген қызмет сапасына қатысты қандай да бір күмән туындаса немесе ол көңілі толмаса, біздің мамандар дереу барып, жұмысты қайта тексеріп, қажет болса түзетулер енгізеді. Бұл – біздің қызметіміздің сапасын толық қамтамасыз ететін маңызды бөлім. Сонымен қатар, сапалы және қауіпсіз қызмет көрсету үшін біздің барлық мамандарымыз арнайы оқыту курсынан өтіп, сертификатталған. Олар құрылғыларды дұрыс пайдалану және техникалық қызмет көрсету бойынша толық нұсқаулық алады.Кепілдік тек біздің тарапымыздан ғана емес, тұтынушының да жауапкершілігіне байланысты. Біз құрылғыны пайдалану бойынша барлық қажетті нұсқауларды, ережелерді тұтынушыға ұсынамыз. Егер тұтынушы сол нұсқаулыққа сай дұрыс пайдаланып, техникалық талаптарды сақтаса, қазандық өз жұмысын ұзақ және сенімді орындайды.
–Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін жабдықтар анықталған жағдайда тұтынушыға қандай шаралар ұсынылады?
Мамандармен тексеріске барғанда бәрі дұрыс, қауіпсіздік ережелері сақталып қабылдаудан өткеннен кейін келесі жылғы тексеріс кезінде қазандық (котел) тұрған жерге әжетхана, қол жуғыш кіргізіп қояды бұлай жасауға заң бойынша болмайды. Мұндай жағдайда ескертпе қағазын жазып беріп кетеміз «ақаулықты 10 күн ішінде түзету керексіз» деп айтып кетеміз. Егер сол уақытта өзгермесе газды өшіріп тастаймыз яғни ол үйге газ жіберілмейді. Заң солай, қауіпсіздік ережесі қанмен жазылған. Осындай жағдайлар кездесіп жатады, әр құрылғының орнату нұсқаулығы бар. Нақтырақ айтсақ: бөлме өлшемі 8 квадратметр болуы, биіктігі 2.20 метр болуы, терезе болуы. Қарапайым есік сыртқа ашылуыда маңызды рөл атқарады. Газ жарылғанда адам сезім мүшелері әлсірейді сәйкесінше есікке жүгірген адам итеріп ашуы оңай болады. Сондықтан мұндай талаптарды сақтамау өте қауіпті және заңмен қатаң жазаланады.
– Келешекте тағы да баға өзгерістері күтіле ме?
– Бағаның өзгеруі нарық жағдайына тікелей байланысты болғандықтан, нақты айта алмаймыз. Экономикалық ахуал мен шикізат құны, материалдар мен қызмет көрсетудегі өзгерістер бағаға әсер етуі мүмкін. Бұған қоса, біз алдағы уақытта жылу жүйесін тазалайтын арнайы құрылғылармен жұмыс жасауды жоспарлап отырмыз. Бұл қызметтің бағасы әлі бекітілмеген, қазіргі кезде мемлекет тарапынан тиісті бұйрықтың шығуын күтіп жатырмыз. Құрылғы мен қызмет бағасы бекітілгеннен кейін тұтынушыларға толық ақпарат береміз.
–Техникалық қызмет көрсетуді жақсарту үшін қандай жоспарлар бар?
– Қызмет сапасын одан әрі арттыру – біздің басты басымдықтарымыздың бірі. Қазіргі уақытта біз тұрғындармен кері байланысты жақсарту мақсатында әлеуметтік желілер арқылы жұмысты белсенді түрде жүргізіп келеміз. Бұған дейін тек WhatsApp арқылы байланыс орнатсақ, енді алдағы уақытта Telegram, Instagram секілді өзге де мессенджерлер мен платформалар арқылы жедел қызмет көрсетуді жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, өтініштерді қабылдау мен есеп беру жүйесін автоматтандыру бағытында да жұмыстар қолға алынуда. Мақсатымыз – әр тұтынушыға қолжетімді, сапалы әрі уақтылы техникалық қызмет көрсету.
–Халыққа бұл өзгерістерді түсіндіру жұмыстары қалай жүргізілуде?
– Түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде, әрбір тұрғынмен тікелей байланыс арқылы жүргізіледі. Біз газ құбырларын тарту және газ қосу процесі кезінде әр үйге жеке кіріп, қауіпсіздік талаптары мен техникалық қызметтің мәнін жан-жақты түсіндіреміз. Әрбір тұтынушыға нұсқаулықтар, ескертпелер беріледі, қауіпсіздік талаптары бойынша кеңес өткізіледі. Осыдан кейін тұрғындар арнайы құжаттарға қол қойып, атқарылатын жұмыстармен келісетінін растайды. Бұл – тұрғындардың хабардарлығын арттырып, болашақта туындауы мүмкін түсініспеушіліктердің алдын алуға бағытталған маңызды қадам.
Газ жүйесімен жұмыс – көзге көрінбейтін, бірақ ел тыныштығы мен әр шаңырақтың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды сала. Бұл – кәсіби біліктілікті ғана емес, үлкен жауапкершілік пен ұқыптылықты талап ететін еңбек. Дастан Бейіспекұлы Қонысбаевтың сөзі арқылы біз газға қатысты техникалық қызметтің жай ғана міндет емес, адам өміріне тікелей әсер ететін аса маңызды жұмыс екенін ұқтық. Тұрғындар үшін бұл салада сенімділік пен ашықтық қажет болса, ал қызмет көрсетуші ұйым үшін – сапа мен жауапкершілік басты орында. Қарапайым бір түтік, бір кранның артында үлкен жүйе мен адами жанашырлық жатқанын ұмытпаған абзал.
Сұхбаттасқан Мұрат КҮМІСБЕК