ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФЕСТИВАЛЬДЕ ЖЕҢІСКЕ ЖЕТТІ
Жетісу өңірі үшін маңызды жаңалық – «Славян базары» халықаралық өнер фестивалінде жерлесіміз жеңіске жетті. Осыған орай Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйінде арнайы брифинг өтті.
Шараға Жетісу облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Сүлейменов Қуаныш Сұлтанұлы мен Жетісу облысының Дәнеш Рақышев атындағы филармониясының әншісі, Витебск қаласында өткен «Славян базары» халықаралық өнер фестивалінің гран-при жүлдегері Алмагүл Батталиева қатысты.
Айта кетейік, бұл өнер додасы алғаш рет 1992 жылы 18 шілдеде Витебск қаласында ұйымдастырылған. Бастапқыда Беларусь, Ресей және Украина мемлекеттері бастамашы болып, халықтарды музыка, театр, кино, бейнелеу өнері және қолөнер арқылы жақындату мақсатын көздеген.
Биылғы 14 шілдеде өткен фестиваль – соның заңды жалғасы. Алмагүл Батталиева «Don’t you worry ’bout a thing» әнімен әлемді тәнті етті. Ол жеңісі үшін ұстаздарына, қолдаушыларына алғысын айтып, осы жетістік – ұжымдық еңбектің жемісі екенін жеткізді. Сонымен қатар, елге оралған жеңімпазға облыс тарапынан құрмет көрсетіліп, Бейбіт Исабаев Құрмет грамотасы мен 3 млн. қаржылай сыйлық табыстады.
Халықаралық додадан жүлде әкелу – әрбір өнерпаздың арманы. Алмагүл Батталиева сол арманды ақиқатқа айналдырды. Енді оның әні ғана емес, аты да шекара асып, қазақ өнерінің биіктігін дәлелдеп отыр.
Зарина БЫЖЫБЕК