ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫНДА ВЕГЕТАЦИЯЛЫҚ КЕЗЕҢ ТҰРАҚТЫ ӨТІП ЖАТЫР
Жетісу облысы – еліміздің ірі аграрлық өңірлерінің бірі. Облыстың суармалы жер көлемі айтарлықтай үлкен, ал бұл жерлерді сапалы сумен қамтамасыз ету – «Қазсушар» РМК Жетісу филиалының негізгі міндеттерінің бірі болып табылады. Осыған байланысты Талдықорған қаласында вегетациялық кезеңнің өтуі бойынша арнайы брифинг өтті. Іс-шара барысында филиал мамандары өңірдегі суару жұмыстарының барысы туралы мәлімет беріп, су ресурстарын тиімді басқару бағытындағы шараларды баяндады.
Бүгінгі таңда филиал теңгерімінде Жетісу және Алматы облыстары аумағында 4 су қоймасы, 12 су торап, 3 су бөгеті мен ұзындығы 4569,1 шақырымды құрайтын магистралды, таратушы және коллекторлық-дренаждық желілер бар. Жалпы 6 аудандық өндірістік учаске 187 919 гектар суармалы жерге қызмет көрсетеді.
Суармалы жерлердің басым бөлігі – шамамен 95 пайызы – мұздықтар мен қардың еруінен пайда болатын таулы өзендер арқылы қамтамасыз етіледі. Қалған 5 пайызы су қоймалары арқылы су алады. Филиалдың су алу көлемі 1,48 млрд текше метрді құрайды және арнайы бекітілген рұқсат негізінде жүзеге асырылады.
2025 жылғы вегетациялық кезеңге 116 074 гектар жерге 918,8 млн м³ су беру жоспарланған. 13 шілдедегі жағдай бойынша ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен 7330 келісімшарт жасалып, 931 млн м³ су беру жоспарланған. Қазіргі таңда нақты 437,8 млн м³ су беріліп, 93 мың гектарға жуық жер суарылған.
Барлық су тұтынушылар суармалы суды алдын ала берген өтінімдері негізінде алып отыр. Жалпы, вегетациялық кезең өңірде тұрақты және қалыпты жағдайда өтіп жатыр.
Су ресурстарына деген тәуелділік өзен деңгейлерінің күнделікті өзгеруіне байланысты болғандықтан, облыста жаңа су шаруашылығы нысандарын салу қажеттілігі туындап отыр. Атап айтқанда, Ақсу, Ескелді, Панфилов, Алакөл және Көксу аудандарында жаңа су қоймаларын салу жоспарланған. Бұл жобалар бүгінде техникалық-экономикалық негіздеме (ТЭН) деңгейінде қарастырылуда, ал кейбірі бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу қажет.
2023 жылы Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Жетісу облысы әкімдігі бірлесіп, облыстың суару жүйелерін қалпына келтіруге бағытталған кешенді жоспар әзірледі. Бұл жоспар аясында жаңа су қоймаларын салу және ирригациялық инфрақұрылымды жаңарту көзделген.
Осылайша, облыс бойынша суармалы жерлерді тиімді пайдалану мен ауыл шаруашылығы өнімділігін арттыру бағытында ауқымды жұмыстар жалғасуда.
Мұрат КҮМІСБЕК